Иесіз иттен қауіп көп
Иесіз иттен қауіп көп
623
оқылды
Бұрындары бұралқы иттердің көзін жоюмен арнайы ветеринария қызметкерлер айналысқан.  Оларға иесіз және құтырған иттердің көзін жою үшін арнайы қаржы бөлінетін. Алайда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылдалғалы «итатқыштардың» әрекетіне тыйым салынды.  Аталған заңда «Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, аса қауіпті инфекциялық ауруы және агрессиялық белгілері бар жануарларды қоспа­ғанда, өлтіруге тыйым салынады» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Осыдан кейін көше кезген төртаяқтыға қару кезену мұң болып қалды. Бұрынғы үйлерін айналсоқтап жүреді Осы орайда алматылықтар иесіз иттер санының көбею себебін іздеп те бас қатыратын болған. Тұрғын­дардың дені мұны ветеринариялық қызметтің дұрыс жұмыс істемеуімен байланыс­тырады. Енді біреулер бұралқы иттер­дің тым көбейіп кетуі қала ішіндегі жеке тұрғын үйлердің сүріліп, орыны­на  көпқабатты тұрғын үйлердің салы­нуы себеп болуы мүмкін екенін алға тартады. Расында, қала ішінде жеке тұрғын үйлердің көптеп сүрілді. Ал онда тұрғандар көпқабатты тұрғын үйге көшкен соң иттердің ешкімге керексіз болып қалуы әбден мүмкін. Алматы қалалық ветеринариялық қызметі иесіз иттердің қауіптілігі туралы шағым көбінесе жаңадан құрылған Алатау және Наурызбай аудандарының тұрғындарынан түседі екен. Осы екі аудандағы тұрғын үй кешендерінің орнында бір кездері жеке тұрғын үйлер болған. Жоғарыда айтқанымыздай, иелері белгілі себеппен қоныс аударған соң иттердің бұрынғы үйдің орнын айналшықтап қалып қойған секілді. 3 мыңға жуық шағым түскен Енді, сол иттер ескі жұртта иесін күтіп қана қоймай, аудан тұрғын­дарының мазасын алуға көшкендей. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы тұрғындардан бұралқы иттердің әрекетіне қатысты 3000-ға жуық шағым түсіпті. Биыл жыл басынан бері 1400-ге жуық адамды ит қапқан. Өкініштісі, төртаяқтылар көбіне балаларға ауыз салады екен. Жақында ғана «Алғабас» ықшамау­данында екі оқушыға бұралқы ит шабуыл жасады. Иесіз жануар жасөспірімнің бірінің қолын тістеп алған екен. Абырой болғанда сол мезетте көмекке ересек адамдар келіп қалған. Жарақат алған оқушы біраз уақыт ауруханда жатып, ем қабылдап шықты.
«Мен жұмыста болдым. Баламды ит тістеп алғанын білгенде жүрегім аузыма келді. Оны дереу ауруханаға апарып, қолын таңдық. Енді қорқатын болдық», – дейді баланың анасы Айман Оспанова.
Бұралқы иттер бейітті мекендейді Ал Алатау ауданына қарасты «Өжет» ықшам­ауданының тұрғын­дары жақын маңдағы бейіттің бұралқы иттердің ордасына айналғанына наразы. Тұрғындардың айтуынша, түнде бейіт аумағында бұралқы иттер көбейіп кетеді екен.
«Бейіт ауылдың дәл іргесінде. Бұл көшелерге жарық тартылмаған. Оны әкімдік өкілдеріне айта-айта әбден шаршадық. Ол аздай бейіттің  іші бұралқы иттерге толды. Кейде таңер­тең бейітке барып ата-бабамызға құ­ран бағыштаймыз. Сондай кезде бір қора иттің қорым үстінде жүргенін немесе  алаңсыз ұйықтап жатқанын көріп жүрміз. Тіпті, кейде жанынан өтуге қорқасың. Бейіттердің көбі жермен-жексен болып кетті. Оны осы араны мекендеген бұралқы иттер таптап тастаған», – дейді ықшамаудан тұрғыны Есет Асқарұлы.
Қалалық әкімдік қамсыз қалмайды Мегаполис тұрғындары иесіз иттер құтыру вирусын таратуы мүмкін деп те алаңдайды. Мамандардың айтуынша, «Құтыру  вирусы»  (Rabies virus)  – аса қауіпті жұқпалы дерт. Ауру жануар қауып алған кезде, оның сілекейі арқылы жұғады. Сонан соң жүйке жолдары арқылы тарала отырып, вирус сілекей бездеріне, ми қыртысының жүйке жасушаларына, гиппокампқа одан әрі бульбар орталығына жетеді де, оларды зақымдайды. Бұның соңы көбінесе өлімге әкеліп соғады. Қалалық ветеринариялық қыз­меті­нің бізге берген мәліметінше, 2022 жылға құтыруға қарсы 36 мың ит пен 8 мың мысыққа екпе егу жоспарланған. Десе де, ветеринарлар­дың егу жұмыс­тарын қашан бастай­тыны белгісіз. Оған қоса, сала мамандары адам­дарды ит қапқанымен, олардың ара­сында құтыру вирусы тіркелмегеніне сендіреді. Олар бұл жағдай қала билігінің назарында.
«Аталған аурудың алдын алу жұ­мысы қала билігінің ерекше бақы­лауында тұр. Соңғы отыз алты жыл ішінде Алматы қаласының аумағында адамдардың құтыру ауруын жұқтырған жайттары анықталмады. Бұл құтыруға қарсы жүргізілген алдын алу іс-шараларының тиімділігін көрсетеді», – дейді қалалық ветеринариялық қызмет өкілдері.

Лайым келешекте де солай болғай. Десе де, құтыру дерті тіркел­меді деп арқаны кеңге салып отыра беруге болмайтыны белгілі. Себебі иттен келетін вирустық дерттен басқа да зияндардың көп екенін жоғарыда біршама айтып өттік. Ең бастысы, олардың бей-берекет жүруінен бейқам жүрген балалардың өміріне қауіп қөніп жатқанын ұмытпауымыз керек. Бұл жағдай қалай болғанда да қала әкімдігі мен өзге де құзырлы орын­дарды ойлан­дыруы тиіс деп санаймыз.

Алматы қаласы