Ақылы жолдардың ақысы қымбаттаған жоқ – Ғабит Шымырбаев

ақылы жол Ғабит Шымырбаев

Елімізде соңғы жылдары ақылы жолдар көбейді. Мұндай санаттағы жолдардың қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, инфрақұрылымның жаңаруына тигізер пайдасы мол. Дегенмен аталған жолдардың сапасы көпті алаңдатары белгілі. Қанша шақырым жол жөнделді, салада нендей өзгерістер болып жатыр? Осы сауалдарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетінің Пайдалануға беру басқармасының басшысы Ғабит Шымырбаевқа сұрақ қойған едік.

– Былтыр қоғамда ақылы жол­дардың тарифіне қатысты резонанс туғанын білесіз. Кейін бірнеше тал­қылау өтті, ұсыныстар айтылды. Ақы­рында жұрттың көбі тариф мәселесі қалай шешілгенін түсінбей қалғандай. Осы мәселе жөнінде тарқатып айтып берсеңіз?

– Дұрыс айтасыз, өткен жылы барлық өңірде автокөлік иелерінің ақы алу учаскелерін енгізуге және оның тарифтеріне қатысты резо­нанс тудырған жағдайлар болды. Сол оқиғалардан кейін тиісті ко­мис­сиялар құрылып, жол пайда­ла­нушылардың пікірлері мен ұсыныс­тары қаралып, жан-жақты талқы­ланған болатын. Талқы­лау­лардың нәтижесі бойынша, 2021 жылы ұзын­дығы 5,8 мың шақы­рым учас­келердің орнына 1,5 мың ша­қырым болатын I санаттағы, яғни 4 жолақты учаскелерге ғана ақы алу жүйесі енгізілді. Олар үшін 2013 жылы Қа­зақстан Үкі­метінің қау­лы­сымен бекітілген тарифтерді қал­дыру ту­ралы шешім қабылданды. Яғни, бү­гінгі қолда­ныстағы ақы алу та­рифтері бұрын­ғы 2013 жылы бекі­тілген та­рифтер күйінде қалды. Бұл 1 ша­қы­рымға жеңіл көлік үшін 1 теңге, жүк кө­ліктері үшін жүк көтеру салмағына қарай 1 теңгеден 25 теңгеге дейін.

– Ақылы жолдардың сапасына күмән келтірушілер көп. Жалпы, елімізде ақылы жолдардың жағда­йы жайлы не айтасыз? Ол жолдар неше жыл сайын жаңартылып отырады?

– Өздеріңізге белгілі, елімізде ақылы учаскелердің барлығы реконструкциялаудан өткен учас­келер. Қазір олардың жағдайы жол пайдаланушылар үшін қо­лайлы, 4 немесе 6 жолақты бола­ды. Жолау­шы­лардың қауіпсіз жүруіне мүм­кіндік береді. Ал ақы алудан түскен қаражаттың есе­бінен нормативке сәйкес жолдар жөнделеді. Деген­мен ақылы учас­келердің жағ­дай­ларына жол пай­даланушылар шағым ай­татыны белгілі. Осындай қолайсыз жағ­дайды болдырмау мақсатында айтылған өтініштер мен ұсыныс­тарды қабылдаймыз, өз тарапы­мыздан тиісті жұмыс­тар­ды атқа­рып жатырмыз. Мысалы, жыл са­йын аралық жөндеу мер­зіміне сәйкес, жолдың беткі қа­баты тоз­ған болса, дереу ауыс­ты­рылады. Әртүрлі ақау пайда болған жағ­дайда шұғыл жол жөндеу жұ­мыс­тары орындалады.

– Былтырғы дерек бойынша, елімізде ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 628 шақырымды құ­рай­ды. Алдағы уақытта бұл көлемді ұл­­ғай­туды жоспарлап отырсыздар ма?

– Өткен жылдың қараша айы­на дейін елімізде 2013 жылы пай­далануға берілген «Нұр-Сұлтан–Щучинск» және 2019 жылы пай­далануға берілген «Нұр-Сұлтан–Теміртау», «Алматы–Қорғас», «Ал­маты–Қонаев» ақылы учас­келері бар болатын. Олардың ұзын­­дығы 682 шақырымды құ­ра­ды. Кейін осындай санаттағы жол­дар біршама ұзарды. 2021 жы­лы 21 қарашадан бастап 1 479 шақы­рымды құрайтын «Нұр-Сұлтан–Павлодар», «Қонаев–Талды­қор­ған», «Тараз–Қайнар», «Шым­кент–Қызылорда», «Шым­кент–Тараз», «Шымкент–Таш­кент», «Щучинск–Көкшетау» учас­келеріне ақы алу жүйесі ен­гізілді. Қазір республика бойынша 11 ақылы учаскенің жалпы ұзын­дығы 2 161 шақырымды құрап отыр.

«Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» аталатын ұлттық жобаға сәйкес, реконструк­ция­лау­дан өт­кен республикалық ма­ңызы бар автожолдардың учас­келеріне ақы алу жүйесін енгізу көзделген. Осыған байланысты алдағы уақытта реконструкциялау және жөндеу жұмыстары аяқта­луына қарай кезең-кезеңімен ақы алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

– Жаз мезгілінде Қазақстанға шетелден туристер көптеп келе бастайды. Басым бөлігі аймақтарды аралап, жеңіл көлікпен саяхатта­ғанды ұнатады. Ақылы жолдармен жүргені үшін туристерге тариф қалай белгіленеді?

– Қазір қолданыстағы заңна­маларға сай, ақылы учаскелерді пайдаланғаны үшін ақы төлеуден қызметтік міндеттерін орындаған кезде жедел медициналық жәрдем ұйымдарының, өртке қарсы қыз­меттің, апаттық-құтқару қыз­мет­терінің, патрульдік полицияның, әскери техниканың арнаулы авто­көліктері ғана босатылады. Бас­қаларға мұндай жеңілдік қарал­маған. Сондай-ақ ақылы автожол учаскелеріне іргелес аудандар мен елді мекендерде тіркелген жеңіл автокөлік иелері үшін арнаулы абоненттік төлем жүйесі бар. Он­дағы азаматтар ақылы учаскемен жүргені үшін 1 жылға бар болғаны 1 000 теңге төлейді. Сондықтан шетел­ден келген туристердің авто­көліктері үшін арнайы тариф белгіленбеген. Жалпы бекітілген тарифтермен бірдей. Жергілікті не шетелдік деп бөліп-жармайды, талап бәріне бірдей.

– Әңгімеңізге рақмет!

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.