Ұлттық құрамамыздың қоржыны тағы да медальдармен толықты
Ұлттық құрамамыздың қоржыны тағы да медальдармен толықты
398
оқылды
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына оқушыларымыз керемет нәтиже көрсетіп жатқанын сүйіншіледі. Балаларымыз Физикадан халықаралық олимпиадада (IPhO) 1 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды. Жарыс Цюрих қаласында (Швейцария) 10-15 шілде аралығында өтті.
"Еліміздің намысын 5 оқушы қорғады. Олар 75 елден келген 368 жасөспіріммен сынға түсті. Балаларымыз өткен жылы 5 күміске ие болған еді. Осылайша, биыл оқушыларымыз былтырғы көрсеткішті жақсарта алды. Ұлттық құрама қоржынына Даниил Шатохин алтын және күміс медальді Ерсұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов және Ризабек Алпамыс әкелді", – деп жазды министр.
Ведомство басшысы балаларды жеңістерімен құттықтады. Олардың жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің намысын әлемдік аренада абыроймен қорғай білгендеріне алғыс айтты.
"Бұл жетістіктеріңізге ата-аналарыңыздың қолдауы, ұстаздарыңыздың берген білімі септігін тигізді, сол үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздерге алдағы уақытта да жеңісті күндер тілеймін. Биік белестерді бағындыра беріңіздер", – дейді Асхат Қанатұлы.