Адамзат өзінің бұрын-соңды көрмеген даму деңгейіне жеткен секілді. ХХ ғасыр дүниежүзілік соғыстар, ядролық жарылыстар, техникалық дамумен есте қалса, қазір адам баласы өркениет жетістіктерінің рахатын көріп жатқандай. Әрине, барлығы емес. Сол үшін кейбір елдердің үкіметтері де өз құрамын, министрлік атауларын, олардың мақсат-міндеттерін заман мен адам талабына сай өзгертіп жатыр. Бірақ одан нәтиже бар ма? Біріккен Араб Әмірліктері Болашақ, Мүмкіндік, Жасанды интеллект және Бақыт министрліктерін құрды. Бұған дейін елін бақытты ету үшін Бутан да арнайы ведомство құрған еді. Үндістан мен Нигерия штаттары да осындай мекеме құрса, Венесуэлада Социалистік бақыт министрлігі дүниеге келді. Ал 2018 жылы Ұлыбританияда жалғыздық мәселесімен айналысатын бөлек орган ашылды. Бұл елдердің ниеті түзу болғанымен, экономикалық даму деңгейі әртүрлі. Сондықтан аталған ведомстволардың жұмыс нәтижесі де алуан, тіпті кейбірі жабылып та қалды. Бұл іске араб әмірліктері бел шеше кіріскендей. Яғни, экономика тек қарқынды дами бермеу керек. Оның игілігін азаматтар да сезінуі тиіс. Осы мақсатта бұл елде жоғарыда айтылған үш министрлік пайда болды. БАӘ-нің көздегені – адам капиталын дамыту, оған инвестиция салу, оны шынайы бақытты ету барлық салаға оң әсерін тигізеді. Ол үшін әр адамды бақуатты етуге тырысу қажет, яғни «бақытты» мектептер соғып, адам риза болатындай қызмет көрсету керек. Бұл міндеттерді Бақыт министрлігі атқарады. Сондай-ақ аталған мекеме өзге министрліктердің шешімі адамның бақытына ықпал ету деңгейін де тексереді. Мекеменің жетекшісі, Бақыт министрі Охуд Әл-Румидың айтуынша, қатардағы азаматтар оның министрлігіне арыз-шағымын айтып, ұсынысын жеткізеді екен. Өз кезегінде бұл ведомство елде өзге діндерге төзімділік танытуды үйрететін тренинг өткізу қажет деген шешімді үкімет деңгейінде бекіткен және «бақыт патрулін» енгізген. 2018 жылы қазан айында полиция Дубайда жол ережесін бұзғандарды жазаламай, қайта заңды қатаң ұстанатын азаматтарға сыйлық ваучерлерін тапсырған. Яғни, бұл орган өз азаматтарымен жұмыс істеу стилін өзгерте бастаған, олардың іс жүзінде қысым көрмей, бақытты болуына бағытталған шаралар қабылдап жатыр. Ал осы елдің Болашақ министрлігі мұнайдың соңғы баррелі таусылғанда әмірлік қалай дамуы қажет деген сұраққа жауап іздейді. Осы мақсатта алдын алу шараларын қабылдап, жарқын келешекті қамтамасыз ететін жобалармен айналысуы мүмкін. Әмірліктердің Мүмкіндіктер министрлігі – виртуалды министрлік. Онда министр жоқ, оны үкімет мүшелері басқарады. Оның атқарар міндеті сан алуан: елдегі дарынды балаларды іріктейді, мемлекеттік сатып алудың онлайн-платформасын жасақтайды, адамдардың заң бұзбауын ынталандыратын әдістер іздейді. Айтпақшы, Бақыт министрлігін Үндістан мен Нигерия да тәжірибе ретінде бір-бір штатында ашқан екен. Үнді елінде бұл үшін ең кедей штаттың бірі таңдалған. Штат халықтың бақытын зерттеу үшін 500 млн доллар бөліпті. Әрине, тұрмысы нашар аймақта бақытты зерделеуге сонша қаражат бөлудің өзі қызық. Алайда қызық мұнымен шектелмеді. 2017 жылы аталған штаттағы Бақыт министрі Лал Сингх Арья бұрын өзінің саяси қарсыласын өлтіргені үшін айыпталып, істі болды. 2013 жылы Венесуэла дефольттың «қойнауына» терең кіргенде президент Модуро Венесуэла жоғарғы социалистік бақыты министрлігін құрды. Жұрт жеуге нан таба алмай жүргенде, мұндай мекеменің құрылғаны кемі сарказм секілді қабылданды. Мекеменің міндеті көп еді, алайда дағдарыстан бюджеттің түбі көріне бастаған соң Бақыт министрлігі жабылып тынды. Яғни, адам бақыты тек рухани байлыққа ғана емес, қаржының көлеміне де байланысты екен. Британия бақыт үшін күреспесе де, жалғыздықты азайту үшін арнайы орган құрды. Себебі бұл елде жалғыз жандардың саны 9 млн-ға жеткен. Олардың қатарында зейнеткерлер, жалғызбасты аналар және мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Жалғыздық әдетте психологиялық жүдеуге, жүйке жүйесінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан уақыт өте келе мұндай адамдардың өзгелермен танысуы, байланысуы қиындап кетеді. Осы саладағы проблемаларды шешуге Британ үкіметі 20 млн фунт бөлді. Қорыта айтқанда, адамзат Маслоу пирамидасындағы қажеттіліктер деңгейі бойынша баяу болса да жоғарылап бара жатқандай. Бұл даму жаңа мәселелерді туындатып жатыр. Оларды шешуге дәстүрлі Еңбек, Денсаулық сақтау, Білім, Әлеуметтік қорғау секілді ұғымы мен функциясы кең министрліктер талапқа сай еместей. Заманның даму бағыты мен жұрттың қалауын сезген кейбір ел басшылары жаңа мекемелер құрып жатыр. Әзірге, нәтижелері ауыз толтырарлық емес. Алайда бәрі уақыт еншісінде. Нұрмұхамед БАЙҒАРА