«Казахавтодор» акциялары толықтай «ҚазАвтоЖол» компаниясына берілмек
«Казахавтодор» акциялары толықтай «ҚазАвтоЖол» компаниясына берілмек
467
оқылды
«Казахавтодор» серіктестігінің акциялары мен мемлекеттік қатысу үлесі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына берілмек.
Мұндай шешімді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті ашық талқылауға шығарды.
«Казахавтодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100 пайыз акциялар мен мемлекеттік қатысу үлесі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына берілсін. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыны іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдасын», - делінген құжатта.
Егер Қаулыда жазылған шешім қабылданса, автомобиль жолын қолданушылардың шағымдарына жылдам жауап беріп, мәселені тез арада шешуге мүмкіндік артады деп отыр. Сондай-ақ компаниялар біріксе екі кәсіпорында да бар және қайталама міндет атқаратын қызметкерлер саны қысқартылмақ. Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «ҚазАвтоЖол» мен «Қазавтодор» компанияларын біріктіру туралы айтқан болатын.
«Келесі мәселе – автожол саласына қатысты. Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы азаматтардан келіп жатқан арыз-шағымдардың көбейгенін де мәлімдеді. Ал еліміздегі жол сапасы мүлде сын көтермейді.
«Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде,  қызметкерлердің саны да қысқаратын болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.