Әуерейстерінің жиі кешігуіне қатысты тергеу басталды
Әуерейстерінің жиі кешігуіне қатысты тергеу басталды
610
оқылды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Telegram каналында ұшақ жолаушыларының арыз-шағымына жауап берді.
«Соңғы кездері ел ішіндегі, сондай-ақ халықаралық бағыттар бойынша ұшатын рейстерге қатысты хат-хабарламалар көптеп түсіп жатыр. Шынымен, бүгінде әуекөлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр. Бұл мәселені жедел шешу мақсатында қазақстандық әуетасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырдым. Осылайша, жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуекемесі пайдалануға берілетін болады», - деп жазды министр.
Өскенбаевтың айтуынша,  SCAT авиакомпаниясы 9 ұшақ,  Fly Arystan – 3, ал  Air Аstаnа 2 ұшақпен толықтырылады. Осылайша, ұшақтардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру көзделіп отыр. Әуе тасымалына деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Осы ретте сұранысқа сәйкес рейстердің кешігуін алдын алу үшін қазақстандық әуекемелері паркі 2025 жылға дейін 51 жаңа ұшақпен толықтырылады.
«Жалпы, рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, менің тапсырмам бойынша ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігіндегі әріптестерім тиісті тергеу амалдарын бастап кетті. Егер жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталса, тиісті авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады», - деді ҚР ИИДМ басшысы.