ҰБТ-ны биыл 100 мыңнан астам қазақстандық тапсырады. Егер жоспар жүзеге асса, бұл еліміздегі кітапша мен жауап парағы қолданылған соңғы тест болмақ. Өйткені 2021 жылдан бастап ҰБТ тапсыру процесін жасанды интеллект бақылайды. Тест тақырыбы төңірегінде Ұлттық тестілеу орталығы басшысының міндетін атқарушы Дидар Смағұловты әңгімеге тарттық. – Дидар Нұркенұлы, сөз басын академиялық адалдық терминінен бастасақ. Жалпы, мұның ҰБТ-мен байланысы туралы айтып берсеңіз. – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, академиялық адалдық саясатын қалыптастыру – білім және ғылым саласындағы басым мәселе. Сондықтан министрлік бұл жөнінде институционалдық, ұйымдастырушылық және нормативтік құқықтық сипаттағы кезең-кезеңмен және жүйелі шара қабылдап жатыр. Жалпы, академиялық адалдық термині қолданысқа енгеніне қуаныштымын. Бұл кез келген тұлғаны мемлекетті, жұмыс орнын және өзін алдамауға шақырады. Мәселен, маусым-шілде айындағы ҰБТ-да жалпы 110 мыңнан аса тест тапсырушы қатысып, 115 мың смартфон тәркіленді. Тіпті, бір баладан 13 смартфон шыққан дерек тіркелді. Сонда олар ҰБТ-ны білімін дәлелдеу үшін емес, смартфонды кім өткізе алатынын көрсеткісі келгендей әсер қалдырды. Осылайша, біз бір өзгерістің керегін түсіндік. Министрлік алдымызға арнайы жүктеме қойды. Біз оқушы санасына адалдықтың маңызын сіңіруіміз керек. Сонда болашақта одан жемқор маман шықпайды. Жүйелей келе «1 тест тапсырушы – 1 бақылау камерасы» қағидатын енгіздік. – Бұл қандай жүйе? – Біз автоматтандыру жолымен, яғни нақты уақыт режимінде «1 тест тапсырушы – 1 бақылау камерасы» қағидаты бойынша еліміздің барлық өңірінде емтихан тапсыру процесін көрсететін ахуалды орталықты іске қосуды ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Бұл шешім сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің деңгейін төмендетіп қана қоймай, бюджетке бірқатар қаражатты қайтаруға мүмкіндік берді. Бұған мұғалімдердің Ұлттық біліктілік тестін тапсыру кезінде көзіміз жетті. Сәйкесінше, өткен жылы бақылауды жүзеге асыратын министрлік өкілдерінің іссапар шығыны – 375 млн теңгені бюджетке қайтардық. Сонымен қатар академиялық адалдық деңгейін біршама көтердік. Мысалы, өткен жылдың маусым айында мұғалімдердің Ұлттық біліктілік тестілеуі кезінде тыйым салынған 52 524 зат тәркіленді. Ал 2019 жылы қарашада компьютерлік тестілеумен және мониторингтің жаңа әдісімен біліктілік тесті қайта өтті. Сонда барлығы 774 зат алынды. Яғни, әділетсіз тестілеу фактілерінің бірнеше есе азайғанын көрсетті. – «1 тест тапсырушы – 1 бақылау камерасы» ҰБТ-ға қалай енеді? – Әрбір тест тапсырушы жанында «Сергекке» ұқсас бір камера болады. Ол оқушы әрекетін жіті қадағалайды. Қалт еткен қимыл болса бірден белгі береді. Яғни, адами факторды болдырмау үшін тестілеу ережелерінің сақталуын жасанды интеллект бақылайды. Компьютерлік бақылау негізінде өздігінен жұмыс атқаратын жүйе автоматты түрде смартфон, шпаргалка қолдану және тестілеушінің бөгде тұлғаны жіберу фактісін анықтай алады. Осылайша, біреумен келісіп, емтихан үстінде көшіру іске аспайды. Әрі арнайы онлайн көрсетілім жүреді. – Сонда жаңа форматтағы ҰБТ қашан өтеді? – Біз 2021 жылы қағаз жүзіндегі тестілеуді толығымен ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, биыл тест бұрынғы форматта өтеді. – Онлайн көрсетілім еліміздің бар өңірінде жүре ме? – ҰБТ аудиторияларын онлайн трансляциядан көруге мүмкіндік береміз. Барлық сілтеме сайтта жарияланады. Сілтеме арқылы белгілі бір аудиториядағы тесттің өткізу рәсімін көре аласыз. Бұл танымал Digital agent қосымшасы арқылы іске асады. Digital agent қосымшасын еліміздің әр азаматы қолдана алады және тестілеудің ашықтығын бақылай алады. Қандайда бір ереже бұзушылықты байқасаңыз, бізге хабар берсеңіз болады. Біз 5 минут ішінде жауабын береміз. Артынша бәріне бейнеталдау жүргіземіз. – Бейнеталдау нәтижесі қалай шығады? Бұл қалай әсер етеді? – ҰБТ аяқталғаннан кейін, біз барлық бейнематериалды өзімізге алып, талдау жүргіземіз. Мүмкін, біз қоғам белсенділерін, БАҚ өкілдерін тартамыз. Қандайда бір ережені бұзғанын байқасақ, шара қолданамыз. Мұның бәрі алдағы уақытта нақты алгоритммен жүзеге асатын болады. – «Қағазсыз» ҰБТ өткізіп, Қазақстанның әр өңіріне компьютер мен камера жеткізуге қаржы жете ме? – Жоспар бар. Жеке компанияларды серіктестікке шақырамыз. Яғни, Ұлттық біліктілік тестілеуін U-study компьютерлік тестілеу орталығымен бірге өткізгеніміздей, әрекетке көшеміз. Жаңа бастамаға қосшы болар, қолдау танытар жан табылады деген ойдамыз. – ҰБТ-ға тағы қандай өзгеріс керек, қалай ойлайсыз? – Қазір түлектер ереже бұзушылық қатаң бақылауда екені туралы біледі. Шпаргалкаға сенетін уақыт өтті. Ал өзгеріске келсек, меніңше ҰБТ-ға эссе енсе деймін. Өйткені кей оқушы ауызша бәрін білгенімен, жазуға келгенде тартыншақтап қалады. Әрі эссе жазу жұмыс беруші үшін де пайдалы. Қарым-қабілетін, білім-білігін айқындауға көмектеседі. Бұл тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар. Бірақ бұл әзірге технология жағынан ойластырылмаған. Өйткені 110 мың эссені тексеруге үлкен көлемде ақша қажет. Әрі аудиториядағы бақылаушы да тәуелсіз сарапшы болуы тиіс. Компьютерлік технология дамыған сайын бұл мүмкін болады. Жасанды интеллектің эссені тексеруге мүмкіндігі бар. Мүмкін, 2-3 жылдан соң, біз де бұл технологияны қолданатын болармыз. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ