Ту мен Елтаңбаны өрттен алып шықты
Ту мен Елтаңбаны өрттен алып шықты
Шіліңгір шілдедегі өрттің қаншалықты жойқын бола­тыны белгілі. Күннің аптап ыстығында шарпыған отты сөндіру де оңай емес. Әсіре­се, жаздыгүні оңтүстік өңірдің ыстығы ерекше болады. Жақында Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында тапа-тал түсте өрт шықты. Жұмыспен қамту орталығы мен «Сфетофор» дүкені жалға алып отырған ғимараттан түскі 13-45-те шыққан өрт сағат 16-15-те басылды. Ауданның өрт сөндірушілері алаулап жанған отпен екі сағатқа жуық уақыт алысты. Жалпы ауданы 1000 шаршы метр ғимараттың 413 шаршы метр болатын шатыры жанған. Шарпыған отты сөндіруге төтенше жағдайлар қызметінің 30-ға жуық қызметкері жұмылдырылған. ту Айтайын дегеніміз, осынау өрт кезінде Жұмыспен қамту орталығының қызметкері Мұхаммед Қансейітов жанып жат­қан нысанның төбесінде ілулі тұрған Туды, отқа оранғалы жат­қан Елтаңбаны алып шық­қан. Мұхаммед Әбілқасымұлы оқиғаның тура от шарпып тұрған уақытында болғанын айтады. «Жексенбі күні еді, өзім жұмыс істейтін ғимараттың жанынан өтіп бара жатып, сол нысаннан қою түтін шығып жатқанын бай­қадым. Жүгіріп келіп, тез арада қажетті құжаттарды алып қалуды ойлағанмын. Көзіме ілулі тұрған Елтаңба түсті. Алдымен, жылдамдатып соны шешіп алдым да, ғимарат төбесіндегі Туды алуды ойладым. Сыртқа шығып келесі ғимарат арқылы төбеге шығып, Туды шешіп алдым. Одан соң барып, өрт асқынбай тұрып, жедел компьютер мен есеп-қисап құжаттарын шығардық», – дейді ол. Мұндай кезде адамға «батырлық жасайын, елге танылайын» деген ой келмейді ғой. 27 жаста­ғы Мұхаммед те құжаттан бұрын Елтаңба мен Тудың қастерлі екенін сезініп, әрекет жасаған. Ал құжаттарды үлгергенінше алып шығыпты. «Өрт сөндірушілермен қатар бардық. Олар өздерінің жұмыстарын атқарды. Біз құжаттарды алуға тырыстық», – дейді ол.