Аймақтардағы мәселе назардан тыс қалмайды
Аймақтардағы мәселе назардан тыс қалмайды
300
оқылды
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшы­сы Асхат Оралов бейнеконференция байланысы арқылы партияның өңірлердегі филиалдарымен жиын өткізді. Онда халықпен кездесулер кезінде берілген уәделердің орын­далу барысымен танысты. Аманаттықтар ел аймақтарының ба­сым көпшілігінде болып, онда сайлауалды уәделердің орындалу барысын тексеріп қана қоймай, азаматтардың түрлі мә­селеге қатысты өтінішін қарады. Мәселен, Қаңтар оқиғасы кезінде кәсібі зардап шеккен Алматыдағы кәсіп­керлермен кездесу барысында партия­лық­тар өтемақыны уақытылы төлеу мәселесін бақылауда ұстауға уәде берді. Жиын барысында партияның қала­лық филиалының атқарушы хатшысы Мейір­жан Отыншиев 1 594 кәсіпкер, яғни 99%-ы 14,5 млрд теңге көлемінде қар­жылай төлем алғанын, бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасып жатқанын мәлімдеді. Орал қаласында дарынды балаларға арналған №8 мамандандырылған мектеп оқушыларының ата-аналары білім оша­ғының бірнеше жылдан бері жөндеуге жабылғанын, алайда ешқандай жұмыс жүргізілмей жатқанын айтып шағым­данды. Партияның Батыс Қазақстан облыс­тық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаевтың айтуынша, облыстық бюджетті нақтылау кезінде жөндеу жұ­мыстарына қаражат бөлінді. Жұмыс басталып кетті. Оның аяқталу уақыты 2023 жылғы тамызға жоспарланған. Шымкент қаласында Асхат Оралов «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында пози­тронды-эмиссиялық томографияға ар­налған жабдық орнатылған қалалық он­кологиялық орталыққа барды. Шым­кент қаласының және оған жақын ор­наласқан облыстардың тұрғындары әлі күнге дейін заманауи жабдықта тегін тек­серуден өте алмайды. Себебі ПЭТ-зерт­хана пайдалануға берілмеген. Қала­лық филиалдың мәліметінше, томограф қыркүйек айында іске қосылады. Түркістан облысының Саран ауда­нында Шорнақ ауылының тұрғындары аудан құрылғаннан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, жолдың нашарлығына және көшеде жарық жоғына назар ау­дарды. Партияның аймақтық филиалы бас­шылығының айтуынша, Шорнақ ауы­лындағы көшелерді асфальттау және жарық шамдарын орнату жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталады. «Кездесулердің қорытындысы бойын­­ша 88 хаттамалық тапсырма бе­ріл­ді. Оның 31-і орындалды. Қалғаны орын­далу үстінде. Әр тапсырманың артында құр сандар емес, адам тағдыры тұрғанын түсіну керек. Сондықтан ешқандай мә­селе назардан тыс қалмайды. Өңірлік филиалдар осы мәселелерді шешу жол­дарын тездетіп, апта сайын ақпарат беріп тұруы тиіс», – деді Асхат Оралов.