Қаһарман Мәншүк
Қаһарман Мәншүк
1,213
оқылды
1944 жылдың 9 желтоқ­са­нында жарық көрген капи­тан Л.Ры­жовтың «Қазақ хал­­­қының қаһарман қызы» ма­қаласында әйелмін деп әл­сіздік танытпаған, жас­пын деп соғыс жалынын жа­тырқамаған қайсар қыз­дың соғысқа алғаш сұранған кез­дегі айтқаны сурет­тел­ген. «Соғыстың 1943 жылғы жазы еді. Бөлімше коман­дирінің жер­кепесіне солдат шинелін киген қазақ қызы кірді де: «Мен енді бұлай өмір сүре алмаймын», – деді толқып, «Штабта көшіретін қағаздардан мен зеріктім, фашистерді өз қолыммен жойғым ке­леді. Маған пуле­метші болу мүмкіндігін бе­ріңіз. «Сарбаздың ауыр өмірі қыз балаға қиын» деп командир оған қарсылық білдірмек бол­ғанымен, Мәншүк Мәметованың қы­зу­қанды та­бандылығы ко­мандирді амалсыз келі­суге мәжбүр етті», – дейді мақала авторы. Ол кезде Мәншүк Мәмето­ва бар-жоғы 19 жаста еді. Қан май­данда қазаққа тән қайсар­лық көрсетіп, қар­сы келген жау­ға қаймықпай қар­сы тұра бі­луде қаруластарын қайран қал­дырған өжет қыздың артын­да бүгінде аңыз боп ерлігі қалды. Аз ғана ғұмырында ұрпақ үшін өлшеу­сіз еңбек сіңірген пу­леметші Мән­шүк Мәметованың 100 жылдығы биыл Батыс Қа­зақстан облысындағы қаһарман қыздың атына берілген ме­мориал­дық музейдің 40 жылды­ғымен тұспа-тұс келіп отыр. Облыс көлемінде даңқты жер­лесіміз, пулеметші, Кеңес Одағы­ның Батыры атағын алған алғашқы қазақ әйелі Мәншүк (Мәнсия) Мә­мето­ваның 100 жылдық мерей­тойына байланысты іс-шаралар басталып кетті. Ал күзде батыр қыз­дың өнегелі өміріне арналған кон­ференция өткізіледі. Сондай-ақ әйгілі пулемет­шінің өмірі мен ерлігі туралы жарық көрген мақалалар жинағын, оның ішінде 1940 жыл­дардан бастап бү­гінге дейін жария­ланған майдан­дас­тарының естелі­к­терін шығару жас­парланған. Сон­дай-ақ биыл Мәншүк жерленген Псков облысының Не­вель қаласын­да «Вахта памяти» автошеруі өткі­зіледі. Онда да Мән­шүктің 100 жылдығы кеңінен аталып өтіп, ел үшін ерлікпен қаза тапқан қазақ қызын жергілікті тұр­ғындар еске алмақ. Ре­сей Феде­ра­циясы ба­т­ыр қызы­мыз­дың бей­несі бар пошта мар­ка­сын жа­қын арада жа­рыққа шы­ғармақ.  

Мәншүк туралы жазбаған жазушы кемде-кем

Мәншүк Мәме­това­ның мемориалдық музе­йінің экскурсоводы Аяла Талғатқызының айтуын­ша, қаһарман қазақ қы­зы­ның майдан даласындағы ерлігін жазбағандар кемде-кем. «Жа­рық көретін жи­наққа деп 100-ге жуық ма­қала да­йындап қойдық. Ол жерде батыр қыздың бой­жет­кен ша­ғы мен соғыста көр­сет­кен ерлігі туралы жа­зыл­­ған. Соның ішінде ең ал­ғашқы мақала 1944 жылы жазы­лыпты. Дәл сол жылы оған Кеңес Одағының Батыры деген атақ бе­рілген еді», – дейді музей экскур­со­воды. Одан кейін де бірнеше мақала жарық көрген. Алайда мақаланың көбінде дәлдік жоқ. Кейбір авторлар ауызекі әңгімелерді бір-біріне қо­сып жет­кізуге тырысқан. Арасында нақты деректерсіз берілген мақа­ла­лар да бар екен. Іріктеліп алынған мате­риал­дардың арасында Хамит Чу­риннің «Саратовқа сапар» деген мақаласы Мәншүктің балалық ша­ғын сипат­тай­ды. Мақалада Ха­мит Чурин, Мәншүк және анасы Әмина үшеуі Саратовқа жо­лаушылайтыны баяндалады. По­йыздан түсіп, ары қарай шанамен кетіп бара жат­қанда мұзға соғылып, аударылып кетеді. Қатты соққыдан үшеуі үш жақ­қа құлайды. Ересектер есін жиып, жан-жағына қараса, ара­сында Мәншүк жоқ. Арала­рындағы ең кі­шісі Мәншүк болған. Шана ауда­рыл­ған кезде бала алысқа ұшып ке­теді. Әлгілер қызды іздеп жүрсе, орнынан тұрып, үстіндегі қарын өзі қағып алыстан Мәншүк келіп тұр дейді. Балалықпен шошу дегенді біл­меген шынашақтай қыз­дың қайсар мінезі Хамит Чуриннің өзін осылай таңғалдырған көрінеді. «Мәншүктің кішкентай кездегі есте­ліктері көп жазылған екен. Қа­руластары жазған естеліктері де жетерлік. Соның ішінде Сұл­тан Жиенбаев, Әзілхан Нұр­ша­йы­қовтың біраз мақаласын оқып шықтық. Бірақ көп мақалада бір ақпарат бірнеше рет қайта­ланған. Ол кісі туралы жазыл­ған мақаланың көбін жазушы Әзілхан Нұршайықов жазып­ты. Жазушы Мәншүкті майдан даласында 4 рет көрдім деп айтады», – дейді Аяла Тал­ғатқызы.  

Кіндік қаны киелі жерге тамды

«Қазақ халқының қа­һарман қызы» мақаласында Л.Рыжов бөлімшеде пуле­мет­ті аға сержант Мәметова­дан ар­тық білетін ешкім болма­ға­нын, оның нысананы дәлдеп атуы көр­гендердің барлығын таңқал­дыр­ғаны айтылады. Күздің салқын таңында жаумен арпалысқан жас қыздың «Максимнен» жауған оғы фашис­тердің тізбегін шөптей орып, қап­та­ған жауды қалай жер жастан­дыр­ғаны сипатталады. Ал Мәншүк­тің анасы Әмина Мәметованың есте­лі­гінде ержүрек қыздың елден ерекше болуын киелі жерде кіндік қаны там­ғанымен байланыстырады. Қар­шадай ғана болса да, алыптар тура­лы оқуды жақсы көрген ол кіш­кен­тай кезінен Қобыланды, Бекет, Иса­тай, Құртқа, Ақжүніс туралы жырларды тыңдағанды ұнатыпты. Содан да болар, анасы Әмина Мә­метова айтпақшы, Мәншүк анау-мынау кісілер атқара алмайтын үл­кен істерге ұмтылатын. Өйткені еліне, халқына қызмет етем деген адам білімді, бірсөзді, табанды болуы керек деген сөздерді кішке­несінен құлағына сіңіріп өсті. Аяла Талғатқызының айтуынша, Мәншүк Мәметованың 60 жылды­ғына орай ашылған мемориалдық музей қоры жыл сайын жаңа экспо­наттармен толығып келеді. Алғашқы жылы музей бар-жоғы 300 экспо­натпен ашылса, қазір олардың саны 10 мыңнан асады. «Мәншүктің өз қолымен жазған 6 хатының түпнұс­қасы бізде сақтаулы. Біреуі соғысқа дейінгі, қалған бесеуі – соғыста жазған хаттары. 1943 жылдың тамыз айында әпкесіне жазған хатында: «Әпкетай, мен сендерді өте қатты сағындым. Егер тірі қалсам, міндетті түрде үйге ораламын. Алайда ашы­ғын жазсам, менің тағдырым қыл үс­тінде тұр. Тірі қаламын деп айту­дың өзіне қорқамын. Тек қамық­паңыздар, ештеңені ойламаңыздар. Егер өліп кетіп жатсам, Отан үшін, әкем мен сіздер үшін деп ойла­ңыз­дар» деп жазады. Болашаққа деген арман-мақсаты туралы да көп хат жіберген. Мысалы, бір хатында ол анасына жиі жаза алмайтынын айта келіп: «Бірақ Сіздер көбірек хат жаза беріңіз, хаттарыңызды оқып, қуанып қаламын» дейді. Әпке­та­йына жазған тағы бір хатының бір бұрышына: «Әпкетай, мүмкіндік болса, кішкентай айна салып жібере аласыз ба?» деп жазған екен. Ал соғысқа дейінгі жазған хатын латын әліпбиінде жазған екен. 1938 жылы Семей қаласындағы анасына жазған хатында: «Анашым, Сізге сәлемдеме жібере алмадым. Сәбит Жамбылдың мерейтойына дайындықта жүр» деп жазылған. Бұл жердегі Жамбыл дегені Жамбыл Жабаев, ал Сәбит – ол Сәбит Мұқанов болса керек. Өйткені Мәншүктің туған отбасы да зиялы қауым болған көрінеді», – дейді Аяла Талғатқызы. Бүгінде әскери-патриоттық тәр­бие беру мақсатында жұмыс істеп тұрған мәдениет ошағына келушілер де көп. Сондай-ақ биыл батыр қыз­дың 100 жылдық мерейтойына бай­ланысты Орал қаласында ашылған әуежайға Мәншүктің аты берілді. Наурыз айында облыстық деңгейде ұйымдастырылған Мәншүк оқула­рына қатысуға қызығушылық та­ныт­қандардың санында шек бол­маған. Онда қатысушылар алдымен Мәншүк туралы жазған өлеңдерді жатқа оқыса, екінші бөлімде батыр­ға арнап шығарған жыр шумақтарын мәнерлеп оқып беруден сынға түс­кен. Алда 2 қазанда өтетін конфе­ренцияға Мәншүктің туған-туыс­қандарын шақыртып, естелік­терімен бөлісуді сұратыпты.  

Қаршадай қызға қамшы сыйлаған

Мәншүк Мәметованың мемо­риал­дық музейінің экскурсоводы Аяла Талғатқызы сөз арасында қа­һарман қазақ қызының өмірбаяны біршама зерттелсе де, оның өмір жолы туралы тың дерек әлі де шы­ғып жатыр. Жазушылардың өздері кейбір мәліметтер бойынша пікір таласты­рып та қалатын сәттер кез­деседі. Мысалы, оның туған күніне қатысты әртүрлі дерек келтіріледі. Бірақ мұражай қызметкерлері Әмина Ах­метованың сөзіне сүйеніп, Мәншүк 2 қазанда және Бөкей ор­дасында дүниеге келгенін айтып отыр. «Мә­селен, анасы Әмина апа­ның, за­ман­дастарының және май­дандаста­ры­ның естеліктеріне сен­сек, Мәншүк ер мінезді болған. Кіш­кентай, өзі нәзік болса да, бала ке­зінен батыл­дығымен ерекшелен­ген. Үйге жалаң қолымен жылан әкеліп, кішкентай күнінде-ақ ат жарысына қатысады. Оның ержү­рек­тігіне таңғалған ауыл­дың ақса­қал­дары мұражай қо­рын­дағы қам­шыны сыйға тартыпты. «Әдетте қы­з­дарға мұндай заттар берілмейді, бірақ сенде ер жігітке тән мінез бар екен» деп ақ батасын берген екен», – дейді музей қызмет­кері Аяла Тал­ғатқызы. Ал бірде 10-12 жастағы Мәншүк мектептің жазғы лагерінде демалып жатқанда суға батып бара жатқан қыздарды құт­қарып қалған. Сол сәтте өзі де жүзуді білмейтін бала Мәншүк ешбір ойланбастан ағын суға сүңгіп кетіп, өзін де, өзгелердің де өмірін аман алып қалған екен. Мәншүктің ұйымдастыру­шы­лық қабілетінен бөлек өнерге деген қызығушылығы зор болған. Кейбір кездері әуелетіп ән шырқайтын ол соғыс өртінде жүрген кезде де май­дандастарының жарасын таңып, алғашқы көмек те көрсетіп, донор да болған. Ол құтқарған сарбаз­дар­дың бірі, кейіннен Министрлер Ке­ңесі төрағасының орынбасары және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше шақырылымының депу­та­ты болған Сұлтан Жиенбаев еді. Бар-жоғы 21-ақ жасында ерлік­пен көз жұмған қазақтан шыққан қайсар қыз жаудың 70-тен астам сарбазының көзін жойып, ерлікпен қаза тапты. 1944 жылы 1 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиу­мы­ның Жарлығымен жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны, ерлігі мен батырлығы үшін аға сержант Мәншүк Мәметоваға қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.