Желаяқ Джеруто
Желаяқ Джеруто
Нора Джеруто 3000 метрге жүгіруден Әлем чемпионатының финалына шықты.Бұл бәсеке басталмай тұрып-ақ оны фавориттер қатарына қосты, білем. Айтса айтқандай, ол іріктеу кезеңінде ең жоғары нәтиже көрсетті. Джерутомен бірге чемпионатқа қатысқан тағы бір отандасымыз Дэйзи Джепкемей жарыс жолын 19-орынмен аяқтады.

Юджин – 2022

АҚШ-тың Юджин қала­сында өтіп жатқан Әлем чемпионаты – Нора үшін жаңа бастама. Өйткені ол Қазақстан азаматы ретінде ресми түрде үлкен додада бақ сынап жатыр. Атлеттің чем­пионаттағы қар­қынына қара­сақ, сондай шөлі­ркеп қалғаны байқалады. 15-24 шілде ара­лығында өтетін бәсе­кеде алаң иелері 14 медаль­мен көш бастап тұр. Ал Қазақстан 3000 мың метрге кедергілер ар­қылы жүгіруден тарихта тұң­ғыш рет медаль алуы мүмкін. Джерутодан бөлек, іріктеу кезеңіне әлемнің түкпір-түк­пірінен 42 cпортшы қатысты. Олар финалға жолдама алу үшін үш топқа бөлініп, үздік нәтиже көрсету үшін барын сал­ды. Бірінші топта сынға түскен Нора Джеруто өз тобын­да ғана емес, қатысушылар арасында 9:01:54 нәтижесімен іріктеу кезеңінен финалға 1 орынмен шықты. Ал үшінші топта өнер көрсеткен Дэйзи Джепкемейдің нәтижесі (09:23:07) ақтық сынға өтуге жарамады. Жалпы, 20 шілде күні өтетін финалға барлығы 15 атлет жолдама алды. Олардың арасында Веркуха Гетачью (Эфиопия), Марва Бузиан (Тунис) бар. Екеуі де Джеруто­дан 10-11 секундқа кешігіп қалған. Нора Джеруто

Алтайда өткен дайындық

Нора қазір ресми түрде Altay Athletics клубында тіркеуде тұр. Ол осыған дейін АҚШ-та өт­кен «Гауһар лигада» топ жарды. Ал Африка құрамасы сапында 2015 жылы Әлем чемпионы атанды. Сол үшін Джерутоға бұл таныс жол, рекордын жаңартуға таптырмас мүмкіндік. Айталық, онымен бірге сайысқа түскен отан­дасымыз Дэйзи Джемпекей де Кенияның тумасы. Екеуі де қазір Қазақстан атынан бақ сынайды. Олар үшін Қазақстан атынан өнер көрсету эко­номика­лық жағынан таптыр­мас көмек. Өйткені Африка құрлығынан шыққан бірталай атлет легионер ретінде өзге ел атынан өнер көрсетеді. Жалпы, бұл – Қазақстан үшін де сәтті ұсыныс. Жоғарыда атағаны­мыздай, 3000 мың метрге кедергі арқылы жүгіруден ел тарихында әзірге медаль жоқ. Джерутоның елге келгелі бері қатысқан жарыстарын қара­саңыз, біраз медаль олжа­лағанын байқайсыз. Бірақ оған ресми түрде Қазақстан атынан сайысқа қатысу мүмкіндігі жыл басында ғана берілген. Одан бөлек, Қазақстан азаматы атан­ған Кения қыздарының қа­тарында Дэйзи Джемпекей, Шадрак Коеч пен Кэролайн Чепкоеч бар. Естеріңізде болса, Елена Рыбакинаның Уимблдон турниріндегі жеңісінен кейін халықтың легионерлер туралы ойы екіге бөлінген-ді. Осы тұста алда-жалда Джеруто ал­тын ала қалса, мұның да қоғам талқысына түсері анық. Өйт­кені аталған төрт спортшыға төлейтін ақша, олардың жарысқа бару-қайту мен дайындыққа кетер шығыны аз емесі анық. Ал еліміздегі бұқа­ра­лық спорттың даму қарқыны әлі де көңіл көншітпейді. Балаларға арналған спорт сек­ция­ларының да жағдайы мәз емес. Бұлай дейтініміз, осыдан біраз жыл бұрын Ресей де Кениядан желаяқтар тартуды қолға алған-ды. Басы сәтті басталғанымен, көп өтпей жоба құрдымға кетті. Ресейді Рио олимпиадасына жібермеді, одан басқа да қиындықтар үсті-үстіне қабаттасты. Сөйтті де, Ресей жеңіл атлетикасындағы дағдарыс әлі де аяқталған жоқ. Иә, Кениядан легионер тарту жеңіл сияқты көрінетіні рас. Мәселен, Пол Челимо 2013 жылғы Универсиадада Кения атынан сынға түссе, Рио мен Токио олимпиадасында АҚШ-қа медаль әперді. Оған дейін америкалықтар 1964 жылдан бері 5000 метр қашықтыққа жүгіруден жүлде алмаған-ды. Тізе берсек, мұндай мысалдар же­тер­лік. Арасында өзге мем­лекеттер үшін жарысқа қаты­сатын кениялық бауырлар да бар. Африкадан Түркия, Нидерланды, Скандинавия елдеріне қоныс аударатын атлеттер тағы бар. Бірақ кейінгі кезде Таяу Шығыстағы эко­номикалық жағдайға қызығып, легионер атанатын кения­лықтар көбейген. Бір сөзбен айтқанда, легионердің спортты дамытамын деп келе­тін­дері аз.

Жеңіл атлетиканың жағдайы

Расымен, еліміздегі жеңіл атлетика енді-енді көркейіп келеді. Аталған бағыт бойынша Олимп шыңын алғашқы болып бағындырған – Ольга Шиши­гина. Одан кейін үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова Олим­пиадада, Әлем чемпио­натында жүлдегерлер қатары­нан көрінді. Осыдан кейін жеңіл атлетикаға қызығып, спортқа келген жасөспірімдер қазір халықаралық аренада ел намысын қорғап жүр. Мәселен, үш қарғып секіруден Мария Овчинникова, Ирина Эктова түрлі жарысқа қатысып жүр. Токио Олимпиадасында 200 метр қашықтыққа жүгірген Ольга Сафронова, спорттық жүрісте сынға түскен Шейко Георгий мен Айман Ратова, марафоншы Жанна Мама­жанова тағы бар. Биыл біразы Әлем чемпионатында ел намы­сын қорғап жүр. Ал Юджинде өтіп жатқан Әлем чемпионатында 400 метр қашықтыққа жүгіруден Михаил Литвин жартылай финалға өтті. 18 шілде күні марафоншы Жанна Мамажанова жарыс жолына шығады. Одан бөлек, Мария Ефремова үш қарғып секіруден 13,27 нәтижемен чем­­пионатты аяқтады. Крис­тина Овчинникова ересектер арасында әлем чемпионатында биікке секіруден дебют жасап, 1,86 метрді бағындырды. Надежда Дубовицкая да биік­тікке секіруден финалдық бәсекені аяқтады (1,93 м). Байқағаныңыздай, төл шәкірттеріміз жоғары нәтиже көрсету үшін әлі де бірнеше жыл мен біршама қаржы кететіні белгілі. Осы бөлікті айналып өткісі келді ме, феде­рация легионерлерді тартуды жөн көрген. Олардың әлем чемпионатындағы нәтижесі әзірге – 7 орын. Әрине, бұл – әзірге. Дегенмен қыруар қаржы салған жобалардың жоғары нәтиже көрсеткенін көргің келетіні бар. Бұл жобаның Ресейдегідей құрдымға кетері, болмаса Бахрейндегідей сәтті жүзеге асары белгісіз. Неліктен Бахрейн десеңіз, Джерутоның үзеңгілесі Уинфред Яви Бах­рейн атынан өнер көрсетеді. Түбіне үңілсеңіз, ол да Кения­ның тумасы. Айтары сол, қар­жылық қауқар қайда болса, сол жерден Кения желаяқтарын кездестіруге болатын сыңайлы.