Жария һәм жарияланған Алаш автономиясы
Жария һәм жарияланған Алаш автономиясы

Сөз басы

Алаш автономиясы мен Түр­кістан мұхтарияты жалпы қа­зақ елінің, бүгінгі Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттілік тәжі­рибесі ретінде өз бағасын толық ала алмай келеді. Бірсыпыра тарихшы­лар мен қалам­герлер 1917 жылы 5-13 желтоқсан ара­­­­­лы­ғында өткен ІІ жал­пы­қазақ съезі қаулы­сы­ның ас­тарын емес, сырт­тай ақ­паратын механика­лық түрде қабылдап: «Мұн­­да «Автономия жа­рия­­ланды» деп ашық жа­зыл­маған. Сондықтан Алаш автоно­миясы жа­рия­ланған жоқ», – деп жүргені ойланды­рады. Бұл пікір таяу шетел зерт­теушілері тарапынан да айтыла бастапты. Олардың осы топшылауына (яки, та­нымына) келмеске кеткен советтік идео­логия біршама үлесін қосқаны талассыз. Біздіңше, мұндай ұстаным еліміздің мемлекетшілдік және мемлекеттік тари­хына қиғаш. Бұл көзқарас елдік құнды­лықтарды мейлінше терістейді. Ғасырлар бойы жүргізілген ұлт-азаттық күресімізді, сол жолда шәйіт һәм құрбан болған ерлерді, қайраткерлер зиялылардың қаһармандығын, ақыл-парасатын сырт жұртқа нәтижесіз және түкке алғысыз етіп көрсетеді. Ғылым өресінен қара­ғанда, еркіндік пен теңдік үшін атқа­рыл­ған саяси іс-қимылдардың үдерісін дәуір контексінен, тіпті жалпықазақ съездері үдерісінің арғы-бергі оқиғаларынан бөліп алуға ұрындырады. Мұндай көзқараспен келісу қиын. Сондықтан «Алаш автономиясы жарияланған жоқ!» деген көзқарасқа тоқтау салыну керек. Бұл – ел тәуелсіздігінің әрі Қазақстан жаңаруының талабы.

Негіздемесі

1) Тарихи әділеттілік тұрғысынан кел­сек, біз Түркістан автономиясы (Түр­кіс­тан мұхтарияты) мен Алаш автономиясын ортақ елдік арман-мүдденің сабақтас­ты­ғында қарауымыз қажет. Түркістан автономиясының басында (яғни, билік басында) Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай, т.б. қазақ азаматтары тұрса, сондай-ақ Алаш автономиясының ұлт кеңесі – Алашордадағы (яғни, үкі­меттегі) бір орын М.Шоқайға қал­ды­рылса, қос автономияны бір контексте қарау – ғылымдағы шынайылық, тари­хилық қағидатына сәйкес келмек. Ен­деше, әсіре дерекшілдерге, құжатшыл­дарға айтарымыз: ресми «сол күні жа­рияланбады» деген Алаш автономиясы 1917 жылы 27 қарашада Қазақ еліне қатысты өңірде (Түркістан аймағында) «Түркістан автономиясы» (Түркістан мұхтарияты) ретінде жарияланған болып шығады. Бұл негіздемені қуаттандыратын дәлелдер де бар. І және ІІ жалпықазақ съез­деріне Түркістанның қазақ мекен­деген дәстүрлі Жетісу, Сырдария облыс­тарынан бөлек Ферғана, Самарқанда облыстарынан да өкілдер қатысқан. 2) 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезінің қазақ тіліндегі қаулысында мынандай жолдар бар: «VІІІ. Алашорда тез уақытта Алаш автоно­миясының үшередителни сабраниесін (құрылтай) шақыруға міндетті болсын... ІХ. Алашордаға сиез тапсырады: 1) ұлт қазынасына қарыз ақша алуға; 2) өзге автономиялы көрші халықтармен одақ­тасу жайын сөз қылуға. Бірақ мұның шарттарын бекітуші – Алаш құрылтайы». Байқасаңыздар, бұдан да Алаш автоно­миясы болған, жүзеге асатын факті ретінде көрінеді. 3) ІІ жалпықазақ съезінің қаулысынан мынандай жолдарды оқимыз: «1. Бір айдың ішінде Алашорда Түр­кістан қазағын бүкіл Алашқа қосып ала­ды, қосып алса-алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді... 2. Егер бір айдан кейін Алаш баласы қосылмаса һәм қалған Алашқа иғлан етілмесе, әркім өз күнін өзі көреді. 3. Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан иғлан ету ықтияры Алашордаға берілсін». Сонымен бірге осы съезде М.Шоқай Түркістан автономиясының Алашқа қосылуына қатысты саяси тұспал ой айтады және Ә.Бөкейханмен мәмілеге келеді. Алаш атынан осы мә­селе бойынша М.Дулатұлы, Б.Құлман­ұлы, Т.Абайұлы Түркістанға жіберіледі. Осы саяси тұспалдар мен емеуріндердің астарынан Алаш автономиясының мойындалғаны және шартты түрде жаңа форматқа түсірілгені аңғарылады. 4) Съездегі Алаш автономиясын жа­риялау туралы дауысқа салу нысанын (қазіргіше айтқанда, «анкета мәтінін» яки неге дауыс беретінін) оқиық: «1) «Алаш автономиясы күні бүгін ресми иғлан етілсін»; 2) «Автономияны ресми иғлан етуді арамыздағы жат жұрттармен сөйлескенше һәм мілітсәмізді құрып алғанша тоқтата тұру лайықты». Зер сал­саңыз, екеуінің астарында да автономия­ны қолдау, жариялау ниеті тұр. Әрине, дауыс берудің нәтижесі (қолдап – 33, қарсы – 42, қалыс – 3), біздіңше, шешуші заңдық құжат емес, жиналғандардың көзқарасын ғана анықтауға бағытталған есеп. «Қарсы дауыс берді» деген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Әлімхан, Жүсіпбек, Мағжан, т.б. үшін осы жиында автономия мәртебесінің таныстырылуы, айқында­луы және үкіметтің тезірек құрылуы маңызды еді. Оның себебі бүгін еш құпия емес. Әскер де, қаржы да, азық-түлік те жетіспеді. Мұны тіпті Сібір үкіметі жәр­демімен шешу үшін және Түркістанның мүддесін ескеру үшін уақытты күтті. Сондықтан бұл саяси шешім «автономия жарияланбады» дегенді білдірмейді. 5) Алаштың негізгі мемлекеттілік ұстынын түсінбей немесе түсінгісі келмей жүрген тырнақша ішіндегі отандық, шетелдік «әріптестеріміз» 1917 жылы Ресей империясынан кейінгі кеңістікте «облысшылдық» (областничество), «автономия» деген ұғымдар «дербестік», «республика» деген мағына бергенін түсінгісі келмейді. Әрине, ол үшін шетел­дік ғалымдар метрополия өкілінің тағ­дыры мен мүддесін адамша сезінуге сәл ынта қойғаны жөн шығар. Алаш қай­раткерлері ақпанда «бостандық туды, енді бәрі заң аясына келеді» деп сеніп, еуро­па­лық мәртебедегі федерацияға үміт артты. Бүкілресейлік құрылтайды асыға күтті. Соған дербес субъект – автономия болып баруға барлық заңдық шартты­лықты жасады. Мұнан кейінгі тарих та анық: «бүлінгеннен бүлдіргі алған» боль­шевиктер 1918 жылы қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні Құрылтай жи­налысын қарумен қуып таратты. Ресейде легитимді, заңды мемлекеттік құрылым қалмады. Бұл – үкіметі де, мемлекеттік құрылымы да бар Алаштың легитимді республикаға айналғанын көрсететін факт. Бұл – Алаш автономиясының жария белесі. 6) «Алаш автономиясы – болған, жарияланған тарихи факт» екенін дәлелдейтін дереккөздері, тіпті «қарсы дауыс берген» 42-нің ішіне кіргендердің қолдаған пікірі жеткілікті. Мысалы, «қар­сы» деген Әлімхан Ермекұлы: «Декәбірдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды», – деп жазады («Сарыарқа» газеті, 22.01.1918 жыл, №28). Ескі газет-журналдар мен архив қорларынан кезең шындығы мен халық бағасын жеткізетін деректерді жүздеп табуға болады.

Дәйектер

Алаш автономиясының ресми де, бейресми де рәсімделгенін және қызмет үдерісін дәлел­дей­тін дәйексөз бен пікірлердің бір парасын оқырман назарына ұсынайық: Автономияға дейінгі Алаш пікірі: «Русияда осы күні автономияны, яки өз билігі өзінде болуды алмаймыз деген халық жоқ. ...Автономияны біз үндемей отырып қолымызға алуға жақындадық» («Са­ры­арқа» газеті, 29.09.1917 жыл, №15). * * * Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай: «Екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі Алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия етуге қаулы қылды» («Қазақ» газеті, 28.12.1917 жыл, №255). * * * Әлихан Бөкейхан (1917 жылы шілдеде Алаш партиясын құрардағы ойы): «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, Алаш авто­номиясын тікпек болдық» («Қазақ» газеті, 23.12.1917 жыл, №256). * * * Ғұмар Қараш: «Қазақ баласы Алаш туы астына кіріп, автономия алып отыр» («Ұран» газеті, 31.12.1917 жыл, №20). * * * Әлімхан Ермекұлы: «Алаш автоно­миясына Құран оқылып, ат қойылғанда қазақ сиезіне ел ішінен келген қария-ақсақалдардың еңіреп жылағаны болып еді: «бұл күнді көрген енді біздің арманымыз жоқ» деп («Сарыарқа» газеті, 22.01.1918 жыл, №28). * * * Ғұмар Қараш: «Сиез қаулысының бай­лауы – әуелі қазақ былайғы жұрттардай өз тізгіні, өз билігі өзінде болатын айырым автономиялы ел болуы» («Ұран» газеті, 16.02.1918 жыл, №24). * * * Тұңғыш Алаш жастары газетінің бірінші санындағы мақала: «Жасасын Алаш автономиясы!» («Жас азамат» газеті, 30.07.1918 жыл, №1). * * * Сібір үкіметінің министрі Михаил Шатилов: «Алашорданың автономиясын Сібірдің облыстық Думасына қабылда­тамын!» («Жас азамат» газеті, 01.09.1918 жыл, №5). * * * Тұңғыш Алаш жастары газетінің «Он үшінші декәбір» атты автономияның 1 жылдығына арнаған мақаласы: «Ақ орда тігіп, алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күн» («Жас азамат» газеті, 26.12.1918 жыл, №17). * * * Ғаббас: «Қазақ-қырғыздың уақытша хүкіметі – Алашорда да Алаш қаласына келіп, Алаш автономиясын жариялағаннан кейін қазақ-қырғыз балалары бағынған хүкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа хүкіметті танымай, өз хүкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек» («Сарыарқа» газеті, 22.01.1918 жыл, №28). * * * Алашорданың 1918 жылы 24 маусым­дағы қаулысы («Об отношении к законо­дательству Советской власти»): «Все декреты, изданные Советской властью на территории автономной Алаш, признать недейст-вительными». * * * Әлихан Бөкейхан (1918 жылы 25 қыркүйекте Уфадан жолдаған телеграмы): «Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды. Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Русиядағы одақтас мемлекет­тер­дің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қан­шама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш әтретінің Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұ­мысы жалғассын. Оралда қазақ әпет­сер­лерін шығармақпыз» («Абай» журналы, 25.09.1918 жыл, №10). * * * «Кіндік хүкімет» атты мақала: «Мем­лекет кеңесінде жалпы Русияға кіндік хүкімет сайланды. Кіндік хүкіметке бес-ақ кісі кірген... Бұл хүкімет жалғыз-ақ Құ­рылтай (Учредительное собрание) алдында ғана жауапкер. Басқа ұйымдарға атқарған ісінен, Құрылтай жиылғанша, есеп-жауап та бермек емес және де хүкіметке кірген кісі орнынан да түспек емес... Алаш Орданы хүкімет деп, Алашты автономиялы жұрт деп мемлекет кеңесі таныды. Енді Сібір хүкіметі танымасына жол жоқ» («Абай» журналы, 12.10.1918 жыл, № 11). * * * Алаштың облыстық съездері мате­риалдарын шолсақ, «Автономия туралы», «Автономия жайы», т.б. мемлекетшілдік ұғымдар анық жазылған. * * * Алашорда (үкімет) шығарған қаулы­ларда да «Алаш автономиясы» деп айқын жазылған. Мысалы, 24.06.1918 жылы Ә.Бө­кейхан, М.Тынышбайұлы, Х.Ғаббасұлы қол қойған қаулының аты – «Алаш авто­номиясының территориясында уақытша жер пайдалану тәртібі». * * * Академик-тарихшы, алаштанушы Кеңес Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясында (Алматы, «Ататек» баспасы, 1995) «Мемлекеттік құрылым ретінде Алаш автономиясының ұйымдасуы», «Алаш автономиясының үкіметі – Алашорда», «...қазақтардың жарияланған автономиясы» (соңғысында ғалым орыс мәтініндегі «автономияны» осылай түсінік бере аударыпты), т.б. тезистер бар.

Қорытынды

1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының мән-маңызы тү­сіндіріліп, Қазақ елі мемлекеттілік құ­рылымның осы сатысына өтетіні халыққа жария етілді. Ел тарихындағы мемле­кеттілік жаңғырудың заңдық негіздері хабарланып, Түркістан автономиясы арасындағы шарттылықтар жұмыс бары­сында шешілетін саяси-заңдық үдеріске жатқызылды. Кешегі отаршыл империя аударылып-төңкеріліп, ұлттық аймақтар енді есін жиып жатқанда, бұл сындарлы (конструктивті) және ақылды шешім еді. 1917 жылы 27 қарашада ресми жария етілген Түркістан автономиясын (Түр­кістан мұхтарияты) Алаштың мемлекет­тілікті қалпына келтіру күресі аясында қарау – маңызды қадам ғана емес, міндетті ғылыми шарт. Сондай-ақ біз кезінде «Хандық биліктен Президенттік республикаға дейін» атты монография жазған танымал заңгер-профессор, экс-сенатор Еркеш Нұрпейісовтің: «Мемлекет пен құқық теориясы тұрғысынан қарап, ІІ жал­пықазақ съезін – мемлекеттік құрылтай жиын деп, ал оның қаулыларын – ле­гитимді автономиялық республика фор­масындағы Қазақ мемлекетінің құры­луы деп байыптауға толық негіз бар. Ал та­рихшыларға қажетті «ресми жарияла­ну» – ақпараттық қана мәнге ие нәрсе, сондықтан оның ешқандай заңдық күші жоқ. Себебі жалпықазақ құрылтайы (съезд) қаулыларының ғана заңдық мәртебесі бар», – деген мемлекетшіл салиқалы пікірін толық қуаттаймыз. Алаштанудың соңғы жылдардағы мәліметтерімен таныс азаматтар 1917 жылғы ұлт автономиясы туралы дүдә­малдыққа нүкте қойған С.А.Жүсіптің «Ұят-ай!» («Abai. kz» сайты, 24.10.2018), Е.Қ.Нұрпейісовтің «История казахстан­ского конституционализма» («Qazaqstan tarihy» порталы, 30.08.2020), С.А.Жүсіп пен Е.Қ.Нұрпейісовтің «Республика Алаш: де-юре и де-факто» (Қазақ гума­нитарлық заң университетінің «Құқық және мемлекет/ Право и государство/ Law and State» журналы, № 3 (92), 2021.- 6-25 б.), «Идея казахской автономии воз­никла не из-за Февральской рево­­люции 1917 года. Истоки движения «Алаш» («Казах­­­­станская правда» газеті, 08.09.2021), т.б. материалдарын білсе ке­рек. Біздіңше, аталған мақалалар сала мамандары ара­сында кеңірек талқы­ланып, насихат­талғаны жөн. Бұл ең­бектер мәселені жіті білмейтін гумани­тар­ларды және «мен өз пікірімнен қайт­паймын!» дейтін тарих­шыларды ой­ландырады деп үміттенеміз. Бір қызығы, осы материалды жазардың алдында кәсіби, білікті 5-6 тарихшыға тіке сұрақ қойып, көңіл көншітетін жауап алдық. Көбінің пікірі: «Алаш автономиясы болғанын айту шындыққа сәйкес келеді. Автономияның, оның үкіметінің қысқа мерзімде болса да жұмыс істегені – тарихи факт» дегенге саяды... Мұны неге қазбалап отырмыз? Бұ­йырса, келесі жылы Мемлекет басшысы идеясымен жазылып жатқан жаңа 7 том­дық «Қазақстан тарихы» аяқталады. Сонда «Алаш автономиясы жарияланған жоқ» деп, масқара болып қалмаймыз ба?.. Біз Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты дәл осы Алашқа қатысты томда елдік биіктен көрінеді деп сенгіміз келеді. Сонымен бірге Алаш кезеңін зерттеп жүрген бірсыпыра шетелдік ғалымдар ХХ ғасыр басында шыққан қазақ тіліндегі газет-журнал материалдарын місе тұтпай және белгілі деңгейде астамшылық көз­қараспен «Алаш автономиясы жария­лан­ған жоқ!» немесе «Алаштың мемлекеттілік нышаны, рәмізі болған емес» деп жазуды үрдіске айналдырып барады. Ал енді осындай пайым өз ішімізде айтылғанда, «Көзі қарайған там сүзедінің» кері ме деп қаламыз. Кез келген мәселе бойынша пікір, көзқарас толығып байыпталады, сарап­талып жетіледі. Қазақ елі мемлекетшіл­дігінің аса қиын да жауапты кезеңі – Алаш автономиясы туралы ой да нақтыланатын уақыт әлдеқашан келді. Халқымызда «Қырсыққанның иті қырын жүгіреді» деген ата сөз бар. Дәйек көрсетіліп, дәлел алға тартылып жатса, ең бастысы мұның бәрі елдік пен мем­лекеттілік құндылықтар арқауын үзбеуге бағытталса, «бірдің кесірі – мыңға» ұла­сатын қаупі барын ұмытпалық.  

Дихан Қамзабекұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҰҒА академигі