Қаңтар оқиғасы: 83 адам сотталды

Қаңтар оқиғасы

Еліміздегі қаңтар айында болған оқиғаны тергеу барысында 83 адам нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжановтың хабарлауынша, Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында бұзақылық, мемлекеттік нысандарды өртеу, мүлікті жою және лаңкестік актілер жасалған.

«Қазір 349 күдікті қамауда. Олардың қарақшылық шабуылдарға, ғимараттарды өртеуге, атыс қаруын ұрлауға, мемлекеттік нысандар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауға белсенді қатысқаны сенімді түрде анықталды. Әрбір ұсталған адамның қылмысқа қатыстылығы туралы ақпарат жеткілікті. Қаңтар оқиғасы бойынша сотқа барлығы 429 қылмыстық іс жолданды, олар бойынша 545 адам жазаға тартылды», – деді арнайы прокурор.

Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысы орынбасарының айтуынша, жаппай тәртіпсіздікке және 32 лаңкестік актісіне қатысты 53 қылмыстық іс тергелуде екен. Еліміздің сегіз аймағында 30 мың­нан аса тергеу әрекеттері жүргізілген. Одан бөлек, 4 мыңнан аса сот-медициналық сараптама таға-
йындалған. Нәтижесінде, 83 айыпталушы нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

«Олар билік өкілдеріне зорлық-зомбылық жасап, бөтеннің мүлкін жоюға байланысты ауыр қылмыстарға барған. Одан бөлек, бұл адамдардың залалды өтемеген және өтелмеген соттылығы бар», – деді Елдос Қилымжанов.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.