Марат Бердімұратов, хирург: Ауылға да жақсы дәрігер керек
Марат Бердімұратов, хирург: Ауылға да жақсы дәрігер керек
598
оқылды
Бүгінде «Болашақ» бағдар­ла­ма­сымен денсаулық сақтау сала­сы үшін 800-ден астам маман даяр­ланған, олардың басым бөлігі – тә­жірибелік дәрігерлер. Жетекші шет­­елдік медициналық жоғары оқу орындарында, ауруханаларда та­ғылымдамадан өткен мамандар за­манауи медициналық техноло­гияны пайдаланып, күрделі кардио және нейрохирургиялық оталар жа­сауда. «Болашақ» бағдарлама­сының дәрігер түлектері еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде ауыл­дарда да жұмыс істейді. Ақкөл ау­дан­дық ауруханасы хирургия бө­лі­мінің меңгерушісі Марат Бердімұ­ратов Оңтүстік Кореядағы Gangnam Severance ауруханасында тағылым­дамадан өтіп, туған жерінде қызмет етіп жүр.  

«Отбасымызбен дәрігерміз»

1993 жылы Целиноград мемлекеттік медициналық университетін «Жалпы хи­рургия» мамандығы бойынша бітірдім. Ол кезде жарты жылдық интернатура бола­тын. 1994 жылы Қызылорда облыстық орталық ауруханасында кәсіби тәжірибе жинадым. Кейін Целиноградтағы №2 қалалық емханада біраз уақыт жұмыс істеп, Ақкөлге келдім. Кіндік қаным там­ған, өсіп-өнген жерім – осы Ақкөл. Орта­лық аудандық аурухананың жалпы хи­рургия бөліміне жұмысқа тұрдым. Содан бері 28 жыл өтті, осы медициналық меке­меде қызмет етіп келемін. Өзімнен екі жас үлкен әпкем – дәрігер. Бұл мамандыққа ықыласымды оятқан сол кісі. Жалпы хирургия немесе медициналық сарапшы мамандығын оқығым келді. Таң­дау алғашқысына түсті, себебі түбінде ту­ған жеріме келіп, қызмет ететінімді іштей сезетінмін. Ал Ақкөлдегі ауруханада сала­лық хирургия айтарлықтай дами қоймаған, жалпы хирургияның оталары көп жаса­латын, күні бүгінге дейін солай. Отбасымда жұбайым да дәрігер-терапевт. Үш балам бар. Тұңғышым да дәрігер мамандығына оқып жатыр, биыл хирургия бойынша резидентураға түсті. «Әке жолын қуамын» деп жүр, қолымнан келгенше қолдау көрсетуге, бар оқып-білгеніммен бөлісуге тырысамын.  

Бізде білікті дәрігер көп 

Оңтүстік Кореяда медицина жақсы да­­мыған. Бұған дейін біздің хирург-дә­­рігерлер көбіне-көп Ресей, Беларусь, Украи­нада оқитын. Егемендік алғаннан кейін негізгі мамандықтар бойынша еліміздің ірі қалаларындағы медициналық мекемелерде кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды. Жалпы дәрігерлер 2-3 жыл сайын біліктілігін арттырып, үнемі білімін жетілдіріп отыруы керек. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы көптеген медициналық мекемеде тағылымдамадан өттім, ондағы әріптестермен тәжірибе алмасып отырамыз. 1998 жылдан бері Ақкөл аудандық ауруханасында «Жалпы хирургия» бөлі­мінің меңгерушісімін, қарамағымда жұ­мыс істейтін жастарға білгенімді үйретіп ке­лемін. Ол үшін үнемі ізденісте жүріп, бі­лім жинап, ғылымды игеруің шарт. Елі­міздегі ірі медицина орталықтарына ба­рып, жиған-терген азды-көпті білгенімізді жастармен бөлістік. Әрі қарай жетіліп, даму үшін Оңтүстік Кореядағы ірі мед­и­циналық ұйымдардың бірінде тағылым­дамадан өтуге бел будым. Жан-жақты сұ­растырып көрген едім, Сеулге барған қазақ жігіттері бар екен, ол жақта жақсы үйретеді, жаңалығы көп десті. 2017 жылы үш айға жуық Сеулдегі Gangnam Severance Hospital тағылымдамадан өттім. Оңтүстік Кореядағы тағылымдама ба­рысында түйгенім, бізде білікті хи­рургдәрігерлер көп. Gangnam Severance ауруха­насында Семейден келген 30-35 жастағы азаматтар болды. Олардың білімі, тәжіри­бесі Кореядағы әріп­тес­терімізден кем түспейді. Ал Оңтүстік Кореяның медицина саласында озық тұрған себебі – техникалық һәм техно­логиялық мүмкіндіктері бізден жоғары. Олардың қолданысында небір жабдықтар бар, қызмет көрсету жүйесі мейлінше оңтайландырылған.  

Жылына 150-ден астам ота жасаймыз

Көп ауданда әлі күнге дейін ашық ота жасайды, яғни науқастың етін тіледі. Ал қазіргі медицинадағы ең оңтайлы жаңа­лық­­тардың бірі – лапароскопиялық хи­рургия. Өкінішке қарай, еліміздің ірі қа­лаларындағы медициналық мекемелердің басым бөлігі ота жасаудың осы әдісін жақ­сы меңгеріп алды дегенімізбен, ай­мақтарда әлі күнге дейін ескі тәсіл қол­данылады. Оған себеп көп: білікті маман­дар жоқ, болса да тәжірибесі жеткіліксіз, сондай-ақ бұл жаңашылдықты қолданысқа енгізу үшін арнайы құрал-жабдықтар қа­жет және тағы басқа. 2017 жылға дейін Ақ­көлде де барлық ота ескі тәсілмен жа­салатын. 2006-2007 жылдары Ұлттық ғы­лыми медициналық орталығында тағы­лым­дамадан өткен кезде ота жасаудың осы үлгісімен алғаш рет таныстым. Лапаро­ско­пиялық хирургияның мүмкіндіктерін сол уақытта меңгеріп алғаныммен, Ақкөлге оралғанда оны қолданысқа енгізу мүмкін болмады, өйткені бұл отаны жасауға ар­налған арнайы құрал-жабдықтар қымбат тұратын. Түрлі жолын іздеп, қанша тырыс­сақ та, сатып ала алмадық. Ұлттық ғылыми медициналық орталығының басшылығы өздерінің есептен шыққан жабдықтарын бізге бермек болған, оның да реті келмеді. 2017 жылы Оңтүстік Кореяға барып, ла­пароскопиялық хирургияның жаңа техно­логияларын меңгердім. Елге келгеннен кейін, облыстық мәслихат депутаты Ва­лерий Семчуктың көмегімен заманауи тәсілмен ота жасау үшін арнайы жабдықтар қажеттігін облыс әкімдігінің басшыларына жеткіздік. Мәселеміз оң шешімін тапты, мемлекеттік сатып алуға құжаттар тап­сы­рып, 2017 жыл аяқталғанша құны 56 млн теңге тұратын лапароскопиялық ота жа­сауға арналған жабдық сатып алдық. Бұл аппараттың бағасы бүгінде 100 млн тең­геден асып жығылады. Жабдықты алған­нан кейін стерильдеп, тексеріп, бір апта­дан соң бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Содан бері дамылсыз жұмыс істеп келеді. Отаны заманауи әдіспен істеудің ар­тықшылығы көп. Операциядан соң асқы­ну, ауырсыну белгілері аз болады. Мәселен, ескі тәсілмен жасалған отадан кейін нау­қас «Жансақтау» бөлімінде 2-3 күн жата­тын, ал лапароскопиялық тәсілмен таңда ота жасасақ, пациент 6 сағаттан кейін қозғалып, өзі тамақтана бастайды. Оның үстіне, лапароскопиялық отадан кейінгі жарақат көлемі кішкентай болады, жазылуы да тез. Бүгінде аудандық ауруханамызда осы жаңа тәсілмен жылына 150-ден астам ота жасаймыз. Өт жолындағы тасты алу, ги­некологиялық аурудың (кесір тілігінен басқа) барлық түріне операция жасау үшін аталмыш әдісті қолданамыз. Ақкөл ауда­нында соқырішекті (99,9 пайыз жағдайда) тек осы тәсілмен алып тастаймыз. Тіпті, ірі қалалардың өзінде, мәселен, Нұр-Сұл­танда лапароскопиялық ота жасайтын жабдықтардың тапшылығынан соқыр­ішек­ті ашық отаның көмегімен алып жатады. Gangnam Severance ауруханасында қатерлі ісік түрлеріне (мәселен, асқазан ісігі кезінде оны жартылай немесе толық кесіп алу) ота жасауды үйрендім. Алайда бұл тәжірибемді қазір қолданып жүрген жоқпын. Себебі біздегі жүйе басқа. Мәсе­лен, Оңтүстік Кореяда, сондай-ақ көпте­ген дамыған мемлекетте онкологиялық ауруларға ота жасауға маманданған бөлек дәрігер жоқ. Қазақстанда, жалпы бүкіл ТМД-да (баяғы КСРО заманынан қалған жүйе) арнайы онкологиялық диспансерлер бар, қатерлі ісік түрлеріне ота жасайтын хи­рургтар бөлек. Ал мен жалпы хирургия­ның дәрігерімін. Оның үстіне, біздің Ақ­көлде, тіпті Ақмола облысында мұндай күрделі ота түрлерін жасауға мүмкіндік бе­ретін жабдықтар жоқ. Бұл қымбат аппа­раттар еліміздегі санаулы ірі онкологиялық орталықтарда ғана бар. Оңтүстік Кореяға барғанға дейін де көптеген медициналық ұйымда тағылым­дамадан өттім, талай әріптеспен тәжірибе алмастым. Өйткені қазір медицина күн сайын дамуда, жаңа технологияларды зерттеп, заманауи техникалардың уақы­тылы меңгеріп отырмасаң, қарайып қала­сың. Ауданда қызмет етіп жүрсем де, ха­лықаралық, республикалық шараларға үнемі қатысып отырамын. Бірақ қайда бар­сам да, не үйренсем де Ақкөліме ора­луға асығамын. Мұндағы пациенттерге де жақсы дәрігер керек.

Дайындаған Айдана Нұрмұхан