Әртістің әйелі, сәулетші, Олимпиада чемпионы: «Қамқор» орталығында кімдер ем алады?
Әртістің әйелі, сәулетші, Олимпиада чемпионы: «Қамқор» орталығында кімдер ем алады?
©А.Қоныс
6,193
оқылды
«Әуелде осында ұзақ істемеймін деп келдім. Көзді ашып-жұмғанша 11 жыл өтіп кеткенін де байқамай қалдым. Осы жерге үйренгенім соншалық, қызмет алушыларды көрмесең, сағынасың. Туысымдай болып кетті», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Назарбек Көкенұлы.  Орталықта қызметін күзетшіден бастаған ол 370 емделушінің бәрін жатқа біліп, мінез-құлқын ғана емес, отбасылық жағдайын да жақсы біліп отыр. Мұнда 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулармен ауыратын, күтімге, тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж жандар тұрады.  width= Орталық астанадан 135 шақырым, ал Ақкөл қаласынан 35 шақырым қашықта орналасқан. Айналасы орман, жап-жасыл желекке толы. Мекеменің аумағы да кең, маңайы көгалдандырылып, тазаланған. Емделушілердің бәрі ересектер. Бір тобы ауладағы бақшада әңгіме-дүкен құрып отырса, енді біреуі аулада серуендеп жүр. Бірақ бәрі өздеріне бөтен біреулердің келгенін сезіп, жатырқап, тосырқағандай болды. Орталықтың қызметкерлері емделушілерді қызмет алушылар деп атайды. Ондағы мақсат – олардың көңіліне қаяу түсірмеу.  width= – Әлеуметтік салада жұмыс істеу кім-кімге де ауыр. Мысалы, санитарка ересектердің жөргегін уақытылы ауыстырып, жуындырады. Кейбірі өзге түгілі өз баласының жөргегін ауыстырғанға жиіркенеді. Ал олар осының бәрін істейді, көндігеді. Төсекке таңылып, арбаға түскені қаншама?! Осындайда әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі көтерілсе деп тілеймін. Өзім осында жоғары оқуды бітіре салып, күзетке орналастым. Ол кезде бар арманым «гаишник» болу еді. Сондықтан орталықта қаламын деген ойымда да болған жоқ. «Адамның жоспарлағаны емес, Алланың жазғаны болады» дегені рас екен. Қазір мұнда істегеніме 11 жыл болыпты. Арасында әлеуметтік жұмыстың маманы, кейін әлеуметтік жұмыстың директор орынбасары атандым. Төменгі сатыдан бастағандықтан, әр қызметкердің тынымсыз еңбегі елене бермейтінін де жақсы білемін, – дейді Назарбек Көкенұлы.  width= Айтуынша, анасы орталықта 10 жылдай медбике болыпты. Тіпті, қазір осы салада өзі ғана емес, інісі де, келіншегі де жүр.  width=  

 Шизофрения дертіне шалдыққандар көп

 «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір қызмет алушының саны – 370. Олардың сырқаты да әртүрлі: шизофрения, эпилепсия, аутизм, ақыл-есі кем, даун, альцгеймер. Оның үстіне, әрбір диагноздың сатылап бөлінетіні бар. Кейде әр емделушіге бір-бір күтушіден керек. Төсек тартып, арбаға таңылғандар саны 32-ге жеткен. Ал орталықта барлығы 270 қызметкер жұмыс істейді.  width= – Қызмет алушылардың ең көбі – шизофрения. Жалпы, бұл дертпен жастар ауырмайды дейді. Бірақ ауру жасарған, қазір 18 жастағы жастардың сырқаттанғанын байқап жүрміз. Екінші орында, 45 пайызы аздап ауытқуы бар, ақыл-есі кем диагнозы. Олардың кішкене оқудан тежелгені болмаса, өзіміз секілді адам баласы. Ең жасы – 25-тен жоғары жастар. Даунмен ауыратындардың көбі бізге балалар үйінен келген. Негізінен әке-шешесі бас тартқан немесе ата-ана құқығынан айырылғандар. Қай-қайсысын алсақ та, жеңіл сырқат емес. Жыл өткен сайын олардың жағдайы нашарлай береді. Деградацияға ұшырайды, – дейді ол.  width= Орталық «А» және «Б» деген екі корпусқа бөлінген. Біріншісі жаңа ғимарат 2018 жылы қолданысқа берілген. Оның бірінші қабатында медициналық стандартқа сай 8 қызмет көрсетіліп, бүкіл емдеу профилактикасы жүргізіледі. Әлеуметтік арнайы медициналық қызметкер кварцтау, тамақтың ауырғанын басып, токпен емдейді. Кішігірім зертханада қан мен кіші дәреттің анализі де алынады. Рентген мен УЗИ ғана емес, тіс дәрігерінің кабинетіне дейін бар. Орталыққа келген жаңа емделушінің қай-қайсысы болса да қан тапсырып, қайта талдаудан өтеді. Соған қарай қандай ем алу керегін дәрігерлер анықтайды.  width= Екінші қабатта әлеуметтік тұрмыстық бейімдеу бөлмесі бар. Біз келгенде дефектолог маман бір топ қызмет алушыларға қабілетін дамытатын тапсырма беріп қойыпты. Жанель есімді қыз түстерді ажыратып отыр. Оның жасы 29-да, диагнозы – даун синдромы. Балалар үйінің түлегі. Дәрігердің айтуынша, Жанельдің түстерді ажырата алуының өзі – үлкен жетістік.  width= «Даундар көп жасамайды дейді. Бірақ 50, 60 жастан асқандарды көрдік. Мысалы, бізде жасы үлкені – Александр Силаида, 42-де еді. Жылдың басында оны үй іші алып кетті», – дейді дефектолог маман.  width=

Емделушілер аяқкиім тігіп, қолөнермен айналысады

Қызмет алушыларға арналған еңбек терапиясы өтетін 5 кабинет бар. Олар сағат 11-ден бастап, түскі 13.00-ге дейін ашық. Ал түстен кейін әрбір қызмет алушы 15-20 минут жеке шаруасы, яғни ағаштан, гипстен түрлі бұйым жасап, кілем мен тоқыма тоқып, ісмерлікпен айналысады. Әр кабинеттің өз инструкторы бар. Әуелі қалай істеу керегін көрсетіп, жұмыс процесін бақылайды.  width= – Әркімнің қабілеті әртүрлі. Бәрі бірдей жақсы істей алмайды. Кейбірі бүгін көрсеткен нәрсені ертең ұмытып қалады. Сондықтан еңбекке араласа алатыны ғана қолөнерге барады. Бір жұмыстың бітуіне кем дегенде 3-4 ай кетеді. Бірден шыға да қоймайды. Мысалы, газоблоктан тау барысын жасап жатыр. Денесі дайын болғанымен, барыстың беті әлі шықпады, – деді ағаш өңдеу кабинетінің қызмет алушысы Анатолий Федорович.  width= Мекеме қызметкерлері әдемі істелген бұйымдарды жинап, арасында көрме ұйымдастырады. Алтынай есімді апа көрпеше тігуді ұнатады екен. Қолы қалт етсе тоқымадан босамайды. Апамыз 69 жасына қарамастан, мінез-құлқы 1-2-сынып оқушысы секілді. Тәпішкеге дейін емделушілер өздері тігеді. Арасында біреуі мойнына асып алған сөмкесін көрсетіп, «өзім тіктім» деп мақтанып қояды. Ағаш өңдеу кабинетінде 5-6 азамат жұмыс істеп отыр. Әркімнің ебіне қарай жұмыс жүктелген.  width=   – Мұрат, қалың қалай? Менің туған күнім қашан? – деген директорға жүдеу келген жігіт бірден «Жақсы, 20 наурыз» деп саңқ ете қалды. Таңырқағанымды түсінгендей, «Мұраттың есте сақтау қабілеті өте күшті. Айтқаныңды бірден қағып алады. Осындағы барлық қызметкердің туған күнін жатқа біледі. Жасы 49-да, диагнозы – шизофрения. Бұл сырқат ақылдылардың ауруы дейді ғой. Кезінде анасы күтім жасап, көп нәрсені үйреткен. Бірақ қартайған шағында оған қарай алмағандықтан, бізге әкелген. Осында жүргеніне 10 жылдан асты. Анасы да өмірден өтті», – деді мекеме басшысы Назарбек Көкенұлы. Бірақ Мұраттың түріне қарап, көп жас бере алмайсыз.  width= Оның айтуынша, мұндай дерт тұқым қуалайды. Ақыл-есі дұрыс, жұмыс істеп, қызметте жүргендер де шизофренияға шалдығады. «Атап айтсақ, осындай диагнозбен бізге Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет басқармасында істеген Роза, Нұр-Сұлтан – Щучинск жолының жобалаушысы болған Сәуле түскен. Мысалы, Сәуленің жолдасы мен баласы көзінше өртеніп кеткен. Соның салдарынан сырқатқа шалдыққан. Ал Гаухар деген емделуші тұрмысқа шығып, отбасылы еді. Аяқасты жол апатына түсіп, басынан соққы алып, содан науқастанған. Кейін оны анасы алып кетті», – дейді ол.  width=

Құлағын тескен Сақып апа

Дәлізге шыққанымыз сол еді, егде жастағы 3-4 әйел амандасып өтті. Арасында біреуі шашын бояп алыпты. Сөйтсек, мұнда шаштаразға дейін бар екен. Бір емес, үш шаштараздың да қолы бос емес. «Емделушілер шашын боята ма?» десек, олар «Кейбірінің ағайын-туысы боятқанын қаламаса, боямаймыз. Егер рұқсатын берсе, бояп береміз» деді.  width= Үшінші қабатта – әйелдер, төртінші қабатта ер адамдар тұрады. Әр бөлмеде екі-үш адамнан орналасқан. Олардың жатын бөлмесін көруге көтерілгенде алдымыздан егде жастағы келіншек «құлағымды тестім» деп жүгіріп шықты.  width= – Құлағыңыз ауырмады ма? – Жоқ. – Кім тесті? Қашан тесіп едіңіз? – Құлағымды Айман деген туысым тесті. Үйге бардым ғой, сол кезде тестік, – дейді балаша қуанған апа. Есімі – Сақып, жасы – 60-та. Ақыл-есі кемсін. Осында ағалары бар, соларға барып тұрады. Орталыққа 2008 жылы келіпті. Сақып апамыздың әңгімесін естіген бөлмеде бірге тұратын көршісі Айсана апа «Менің де үй ішім келіп кетті. Құжаттарды реттеп жатыр. Жақында алып кетеді», – дейді.  width= Әр қабатта медициналық пост қойылған. Ондағы маман тәулік бойы қызмет алушыларды бақылап отырады. Алда-жалда біреуінің халі нашарласа, дәрігерге бірден хабар береді. Әрбір жерге бейнекамера орнатылған. Емделушілердің ең кішісі – 19-да, ал үлкені 93-те. Қазір ол төсекке таңулы. Есімі – Маргарита Иовлева-Жантөрина. Әйгілі актер әрі режиссер Нұрмұхан Жантөриннің жұбайы. Ол 1929 жылы дүниеге келген.  width=

Емделушілердің бірі – Нұрмұхан Жантөриннің жұбайы

– Сұлтан Бейбарыстың рөлін ойнаған актер Нұрмұхан Жантөринді бәрі біледі. Міне, сол кісінің әйелі Маргарита Иовлева бізде жатыр. Негізі, ауыр қызмет алушыларды «политивный» дейміз. Қазір онда 32 адам бар. Маргарита Иовлева өзі жай адам емес, театр сыншысы. Кезінде концерттік нөмір дайындағанда «мынаны дұрыс қоймадыңдар, былай жасаңдар» деп айтатын. Көп нәрсені білетін. Өкінішке қарай, төсек тартып жатқанына екі жыл болды. Қызы бар, шетелде тұрады деп естідік. Бірақ бізге хабарласқан емес. Керісінше, күйеу баласы хабарласып, баласы барын айтты. Екеуі ажырасса да, оның дүниесі соған тиесілі деп отыр, – деді Назарбек Көкенұлы. [caption id="attachment_206430" align="alignnone" width="1200"] width= Нұрмахан Жантөрин отбасымен[/caption] Оның айтуынша, Маргарита Иовлеваны қызының достары 2010 жылдары әкелген. Ал ақыл-есі бар кезде балалары, отбасы жайында сөз қозғамаған. Ол жайында мәліметтер іздесек, Маргарита Иовлева-Жантөрина шынымен өнер ғылымдарының кандидаты, театр сыншысы екен. Бұрын театр қоғамында жұмыс істеген. Нұрмұхан Жантөрин жайында «Я – актер, я – человек» атты кітап шығарған. Естеліктердің бірінде, режиссер Жантөрин келіншегімен студенттік шағында Ташкентте танысқан. Олардың Жанна және Бақыт деген екі қызы бар. Екеуі де Мәскеуде оқыған. Бақыт филология ғылымдарының докторы, профессор болса, Жанна өнер ғылымдарының кандидаты, театр сыншысы екен. Бүгінде Халық әртісінің есімі Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрына берілген. Оның ашылу салтанатына Маргарита Иовлеваның өзі қатысқан.  width= Онымен бірге бөлмеде тағы екі адам жатыр. Бірі – Айдана, балалар үйінен келген. Оның ақыл-есі кем және қосымша басқа да сырқаттары бар. Ал Ләззат альцгеймермен ауырады. Екеуі де 21-23-тегі жастар. Мұнда 6 адам бір қызметкердің бақылауында болады, оларға уақытылы тамақ беріліп, күтім жасалады. Негізі, қызмет алушылар күніне 6 рет тамақтанады. Келесі блокта 300 адамға арналған асханасы бар. Қалған қызмет алушылардың бөлме-бөлмесіне кіріп, аралап, танысуға жігер жетпеді. Әр бөлмеде ауыр халдегі емделуші өте көп. Одан қалғаны арбаға таңулы.  width=

Олимпиада чемпиондары да осында

Өзіне-өзі қарай алып, тіршілік ете алатындар Жастар үйінде тұрады. Сондай үш үйде қазір 90-ға жуық адам бар. Стандартқа сай бір адамға 5 шаршы метрмен есептегенде, әр бөлмеде тұратындар саны да әртүрлі. Олардың үстінен екі санитар бақылап, үйдің тазалығын қадағалайды.  width= Жекежай секілді баспананың ішінде жуынатын бөлмесі де, асүйі де қарастырылған. Біз барған үйдің бір бөлмесінде планшет қарап отырған қызды байқадық. Есімі – Луиза, өзі футболшы. «Жақында қыздар арасында футболдан жарыс өтпек. Луиза соған дайындалып жатыр. Мұндағы қызмет алушылар спортқа да, өнерге де өздері дайындалатын күйге жетті. Арасындағы Тони мен Сәуле футболдан қыздар командасын жаттықтырып, дайындайды. Ал негізі оларды денешынықтыру пәнінің мұғалімі бақылайды», – дейді Назарбек мырза.  width= Оған дәлел құрал-жабдықтармен жабдықталған денешынықтыру мен жаттықтыру залдары, ауладағы хоккей корды, футбол алаңы.  width= – Осы жолы балаларымыз шорт-тректен жарысқа қатыспақ. Қызмет алушыларымыз құралақан емес. Арамызда республикалық фестивальдың лауреаттары бар. Оңтүстік Корея, Аустрия, АҚШ, Нидерланд, Венгрияда өткен арнайы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанып, еліміздің туын көкке көтерген. Алдағы жылы роликтен Германиядағы олимпиадаға қатысамыз. Осыған қарай орталығымызда түрлі мерекелік іс-шара өткізіліп, көрмелер ұйымдастырылады, – дейді мекеме басшысы.  width= Аулада қызмет алушының көбі тазалық жұмысына араласып, су тасып, гүл суарып жүр. Тәрбиешінің айтуынша, осындағы гүлдің бәрі қысқы бақта отырғызылған. Сөйтіп, ауланы көгалдандырып, арам шөптен отап, суаратын – қызмет алушылар.  width= «Әрбір емделушіге бір күтушіден керек. Өйткені оларды бақылау қиын. Әрқайсысының мінезі де әртүрлі. Бұрыннан істеп жүргендер олардың тілін тауып алған. Сондықтан  қызмет алушылардың көңілін табу маңызды. Ал сырқат жанның тілін табу одан да қиын. Мәселен, Денис деген баламыз бар. Жегісі келген дүниесі асханада болмай қалса, басқа асты әзірлеп бермейінше орнынан қозғалмайды. Не болмаса Айнагүл есімді қызымыз бар. Бұрын мінезі шатақтау, тентектеу еді. Серік деген жігітпен дос болғалы мінезі өзгерді, басылды», – деді Назарбек Көкенұлы.  width= Оның айтуынша, кез келген қарым-қатынас туған-туыстарының келісімімен, мамандардың бақылауымен жасалады.  width=

Жәрдемақы үшін іздеп келетін туыстары бар

Арасында емделушіні әкеліп тастап, ұзақ уақыт бойы хабарсыз кететін ағайын-туыс та көп екен. Кейбірі мүлдем хабарсыз кетсе, бірі шетелге көшіп кеткен. Соның бірі – Константиннің анасы. Ешкім хабарласпаған, халін сұрамаған. 2005 жылы келген Константин бүгінде 30 жаста. Өзі тұрмысы төмен отбасынан шыққан. Орталықта ондай санаттағы жандар жетерлік. Мысалы, П әулетінің үш бірдей баласы осында тұрады. Вова, Оксана, Надежда деген үш ағайынның әкелері бөлек болғанымен, шешесі бір.  width= «Ішімдікке салынған отбасының ұрпағы көбіне ақыл-есі кем болып туады. Бізде тағы бір үш ағайынды бар. Олардың анасы ішімдікке салынған», – дейді мекеме басшысы.  width=Заң бойынша орталыққа түскен қызмет алушының қамқоршысы мекеме басшысы болады. Назарбек Көкенұлының айтуынша, бұрын келмей жүрген туыстары емделуші қайтыс болғанда іздеп келеді.  width= – Көбіне олардың жиналып қалған жәрдемақысы қажеттірек. Мемлекеттің беретін жәрдемақысы арнайы қолма-қол ақшаны бақылау шотына түседі. Содан біз дәрі-дәрмек пен киімге 70 пайызын ғана жарата аламыз. Ал қалған 30 пайыз жаңағы есепшотта сақталып, жинала береді. Кейбірінің сонымен бірге дүние-мүлкі, пәтері, үйі болады. Осыны өзіне алып қалу үшін келгендер де болған. Заңға сай бекітілген арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты бойынша қызмет алушыдан туыстары бас тартса немесе жерлеуге жағдайы болмаса, оларды біз жерлейміз. Бүкіл жоралғы сақталады. Арнайы бөлінген зиратымыз да бар, – дейді ол.  width= «Бес саусақ бірдей емес», арасында ай сайын келіп, мекеменің жұмысына атсалысып, барынша араласатын ағайын-туыстар да бар. Бірінің туысы уақытша әкеліп, әкетіп жатады. Енді бірі хабарсыз кетеді. Сөйтіп, емделуші өмірінің соңына дейін қалып жатады. Ондай жан қайтыс болса, газет-журналдарға жариялап, басқарма мен юстицияға хабарлап, туыстарын іздеуге тырысады. Тек ағайын-туысы табылмаған жағдайда барлық дүниесі Үкіметке өтеді.  width=

Ауруын жасырған өледі

Сырқат жандардың жылдан-жылға көбеюі – қоғамның үлкен проблемасы. Оларды бағып, күту өз алдына, орын жетіспеушілігі мәселені одан әрі ушықтырғандай. Өйткені қазірдің өзінде 70 адам кезекте тұр. Мекеме басшысы Назарбек Көкенұлының айтуынша, осыдан үш жыл бұрын кезекте тұрғанның бәрін мекемеге алып, босатқан. Демек, уақыт өткен сайын сырқат жандар көбейіп жатыр. Бұл бір қаланың ғана жағдайы. Ал өзге аймақтарда не болып жатқанын кім білсін?! width= – «Ауруын жасырған өледі» дегендей, өзекті мәселені жасырсақ, одан еш пайда таппаймыз. Керісінше, осындай орталықтарды көбейту керек. Қазір мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес, бар. Мұндай жағдайда халықтың көзқарасы да өзгерген. Оларды қараусыз, бейжай қалдыруға болмайды. Өз ісіне жауап бере алмайтын жанның қоршаған ортада еркінсіп жүруі қауіпті. Абайсызда үйін өртеп жіберіп, біреуге қиянат жасап, адам өлтіріп алуы да мүмкін. Өйткені олардың барлығы қылмысқа бейім. Мәселен, бізде түрмеде отырып келген 6-7 адам бар. Юрий есімді емделуші өз анасын бөлшектеп тастаған. Сол үшін 8-9 жылға сотталған. Оңалтудан өткен соң сот оны қауіпті емес деп тауып бізге жіберген. Кейін Қостанайға ауысты. Сол себепті Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жаңа корпус салуды немесе тағы бір осындай орталық ашуды қарастыруы керек», – дейді Назарбек Көкенұлы.