Педагог жаңа заңның игілігін көре ме?
Педагог жаңа заңның игілігін көре ме?
214
оқылды
Енді «Педагог мәртебесі туралы заңда» мұғалім­дерге баспаналы болуға, оның ішінде қызметтік үй немесе жатақханамен қамтылуға, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беруге кепілдік берілді. Педагогтердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы 56 күнге ұзартылды. Кезекті еңбек демалысы кезінде жалақысынан кем емес мөлшерде бір лауазымдық жалақы төленеді. Педагогтерге  Қазақстанға сіңірген аса зор жетістіктері мен ерекше еңбегі үшін мемлекеттік наградалар беріледі. Ал «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған ұстаз 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлеммен ынталандырылады. Халықаралық олимпиадалардың, кон­курстар мен спорттық жа­рыс­тардың жеңімпазын дайын­даған педагогке үш лауазымдық жалақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді. Биылдан бастап педагог қызметкерлердің балаларына балабақшаларда бірінші кезекте орын тиеді. Ауылдық елді мекен­дердегі мұғалімдерге кемінде 25 пайызға жоғары жалақы белгі­ленбек. Оларға коммунал­дық қызметтерді төлеуге және отын сатып алу үшін бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көр­сетіледі. Орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметке алғаш рет кіріскен педагогке бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіледі. Педагогке тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін қосымша ақы төленеді. Ғылыми-педагогикалық ба­ғыт бойынша магистр дәреже­сін алғандарға 10 еселенген ай­лық есептік көрсеткіш мөлше­рінде қосымша ақы белгіленбек. Жергілікті атқарушы орган­дар педагогтерге кемінде 300 еселенген айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлем­дерін белгілеуге құқылы. Кеңесте 2019 жылғы 27 жел­тоқ­сандағы «Педагог мәртебесі туралы заң» туралы Қарағанды облы­сының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департа­ментінің басшысы Санат Мусин білім беру ұйымдары басшылары мен қамқоршылық кеңес төра­ғаларына арнап баяндама жа­сады. – Педагогтің бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға, білік­ті­лік санатын мерзімінен алуына,  кәсіби қызметтегі табыстары үшін қаржылай марапатқа,  оқу­шылар мен олардың ата-аналары тарапынан ар-ождан мен қадір-қасиетін құрметтеуді талап етуіне құқығы бар, – деді Санат Мусин. Кеңесте Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова  2020 жылы енгізіл­ген өзгерістерге тоқталды. Қаң­тар айынан бастап білім беру мекемелерінде оқитын тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған әлеуметтік көмекке оң өзгеріс енген. Қарағандыда барлық мектеп­тер мен балабақшалардың тамақ мәзірі бірдей етіп бекітілді. Бұ­рын әр жалға алушы тамақ мәзі­рін өздері шешетін. Бұл ата-ана­лар тарапынан наразылық ту­ғы­зып, жиі сынға ілінді. Енді қала­лық білім бөлімі екі апталық та­мақ мәзірін жасап, білім меке­ме­ле­ріне ұсынды. Сондай-ақ мектептерде тегін тамақпен қамтылған оқушылар енді күніне екі ыстық тамақпен қамтылатын болды. Бұған дейін тегін тамақ іше­тін оқушылар тек бір ыстық тамақ­пен қамтылып келді. Бір күні ұнтақ ботқасы мен компот, екінші күні бұршақ көже мен шай, келесі күні щи мен шырын секілді құнары аз тамақтардан оқушылар аш құрсақ болып қайтатын. Әрі әр мектептің та­мақ мәзірі әртүрлі болды. Жеміс те аптасына бір рет қана бері­ле­тін. Себебі тегін тамаққа бөлі­не­тін қаржы  күніне 247 теңгені құрады. Қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, бағаны тендер кезінде кәсіпкерлер түсіріп жібереді. «Біз бағаны жоғары қоямыз. Сатып алу кезінде кім төмен баға ұсы­нады, сол ұтатын. Бала ден­сау­лығына байланысты мем­ле­­кеттік сатып алулар баға­сын қалыпты ұстау туралы министр­лікке ұсыныс жолдадық», – деді хатшы. Нәтижесінде, биыл қара­­­ғанды мектептеріндегі тегін та­мақтың бағасы күніне 355 тең­ге деп бекіді. – Баға өскен соң ыстық та­мақ­тың сапасы мен құрамы өз­гер­­ді. Енді оқушылар күн са­йын бірінші, екінші және жеміс­пен тамақтанады. Бұл аз қам­тыл­ған отбасылардың оқушыла­рына арнал­ған тамақ. Ал басқа оқушы­лар қалтасындағы қаражатқа орай қалағанын сатып алып іше­­­ді, – деді қалалық білім бөлі­мі­­нің басшысы Гүлсім Қожах­ме­това. Қарағанды мектептерінде 5 486 оқушы тегін тамақпен қам­тыл­ған. Тегін тамаққа ілігу үшін ата-аналар отбасының табысы туралы анықтамаларды мектеп­тің әлеуметтік педагогіне тапсы­рады. Кеңесте жаңа оқу жылында енгізілетін тағы бір өзгеріс тура­лы хабарланды. 2020 жыл­дың қыркүйегінде Қазақстан мектеп­те­рін­дегі барлық 1-сынып оқу­шы­лары бірдей мектеп форма­сына көшеді. Енді әр мектеп әр­түрлі формамен киінбейді. Биыл 1-сынып, келесі жылы бас­қа сыныптар, осылайша бір­тін­деп бірыңғай форма енгізілмек. Біркелкі форма сәнін талқылау үшін кеңеске Абай және Саран қалаларындағы тігін фабри­ка­сының өкілі Нұрхан Жұмабеков шақырылды. Ол мектеп форма­ла­рының Үкіметтің №64 Қаулы­сына сәйкес мақтадан немесе жартылай жүннен тігілуі керек екенін хабарлады. Олар тіккен киімнің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді болмақ. – Мектеп формасы 14-15 мың теңге көлемінде болады. Көп­­балалы отбасылардың бала­ла­рына жеңілдік жасаймыз. Форманы жет­кізіп береміз. Біз тігетін киім­дер сертификат­тал­ған. Мата­ны Ресейден әкелеміз. Форманың сән үлгісін ата-ана­лармен бірлесіп отырып талқы­лап шешеміз, – деді Нұрхан Жұмабеков. Білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметованың ай­туын­ша, мектеп формасын тіге­тін компанияны «Атамекен» кә­­сіп­керлер палатасы ұсынады. Киім тігумен айналысу аймақ­тарда ірі компанияларға жүктел­мек.    width=Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА

Қарағанды облысы