Енді «Педагог мәртебесі туралы заңда» мұғалімдерге баспаналы болуға, оның ішінде қызметтік үй немесе жатақханамен қамтылуға, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беруге кепілдік берілді. Педагогтердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы 56 күнге ұзартылды. Кезекті еңбек демалысы кезінде жалақысынан кем емес мөлшерде бір лауазымдық жалақы төленеді.
Педагогтерге Қазақстанға сіңірген аса зор жетістіктері мен ерекше еңбегі үшін мемлекеттік наградалар беріледі. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған ұстаз 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлеммен ынталандырылады. Халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын дайындаған педагогке үш лауазымдық жалақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді.
Биылдан бастап педагог қызметкерлердің балаларына балабақшаларда бірінші кезекте орын тиеді. Ауылдық елді мекендердегі мұғалімдерге кемінде 25 пайызға жоғары жалақы белгіленбек. Оларға коммуналдық қызметтерді төлеуге және отын сатып алу үшін бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметке алғаш рет кіріскен педагогке бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіледі. Педагогке тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін қосымша ақы төленеді.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесін алғандарға 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы белгіленбек.
Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге кемінде 300 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы.
Кеңесте 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы заң» туралы Қарағанды облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат Мусин білім беру ұйымдары басшылары мен қамқоршылық кеңес төрағаларына арнап баяндама жасады.
– Педагогтің бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға, біліктілік санатын мерзімінен алуына, кәсіби қызметтегі табыстары үшін қаржылай марапатқа, оқушылар мен олардың ата-аналары тарапынан ар-ождан мен қадір-қасиетін құрметтеуді талап етуіне құқығы бар, – деді Санат Мусин.
Кеңесте Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова 2020 жылы енгізілген өзгерістерге тоқталды. Қаңтар айынан бастап білім беру мекемелерінде оқитын тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған әлеуметтік көмекке оң өзгеріс енген.
Қарағандыда барлық мектептер мен балабақшалардың тамақ мәзірі бірдей етіп бекітілді. Бұрын әр жалға алушы тамақ мәзірін өздері шешетін. Бұл ата-аналар тарапынан наразылық туғызып, жиі сынға ілінді. Енді қалалық білім бөлімі екі апталық тамақ мәзірін жасап, білім мекемелеріне ұсынды.
Сондай-ақ мектептерде тегін тамақпен қамтылған оқушылар енді күніне екі ыстық тамақпен қамтылатын болды.
Бұған дейін тегін тамақ ішетін оқушылар тек бір ыстық тамақпен қамтылып келді. Бір күні ұнтақ ботқасы мен компот, екінші күні бұршақ көже мен шай, келесі күні щи мен шырын секілді құнары аз тамақтардан оқушылар аш құрсақ болып қайтатын. Әрі әр мектептің тамақ мәзірі әртүрлі болды. Жеміс те аптасына бір рет қана берілетін. Себебі тегін тамаққа бөлінетін қаржы күніне 247 теңгені құрады.
Қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, бағаны тендер кезінде кәсіпкерлер түсіріп жібереді. «Біз бағаны жоғары қоямыз. Сатып алу кезінде кім төмен баға ұсынады, сол ұтатын. Бала денсаулығына байланысты мемлекеттік сатып алулар бағасын қалыпты ұстау туралы министрлікке ұсыныс жолдадық», – деді хатшы. Нәтижесінде, биыл қарағанды мектептеріндегі тегін тамақтың бағасы күніне 355 теңге деп бекіді.
– Баға өскен соң ыстық тамақтың сапасы мен құрамы өзгерді. Енді оқушылар күн сайын бірінші, екінші және жеміспен тамақтанады. Бұл аз қамтылған отбасылардың оқушыларына арналған тамақ. Ал басқа оқушылар қалтасындағы қаражатқа орай қалағанын сатып алып ішеді, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова.
Қарағанды мектептерінде 5 486 оқушы тегін тамақпен қамтылған. Тегін тамаққа ілігу үшін ата-аналар отбасының табысы туралы анықтамаларды мектептің әлеуметтік педагогіне тапсырады.
Кеңесте жаңа оқу жылында енгізілетін тағы бір өзгеріс туралы хабарланды. 2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мектептеріндегі барлық 1-сынып оқушылары бірдей мектеп формасына көшеді. Енді әр мектеп әртүрлі формамен киінбейді. Биыл 1-сынып, келесі жылы басқа сыныптар, осылайша біртіндеп бірыңғай форма енгізілмек. Біркелкі форма сәнін талқылау үшін кеңеске Абай және Саран қалаларындағы тігін фабрикасының өкілі Нұрхан Жұмабеков шақырылды. Ол мектеп формаларының Үкіметтің №64 Қаулысына сәйкес мақтадан немесе жартылай жүннен тігілуі керек екенін хабарлады. Олар тіккен киімнің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді болмақ.
– Мектеп формасы 14-15 мың теңге көлемінде болады. Көпбалалы отбасылардың балаларына жеңілдік жасаймыз. Форманы жеткізіп береміз. Біз тігетін киімдер сертификатталған. Матаны Ресейден әкелеміз. Форманың сән үлгісін ата-аналармен бірлесіп отырып талқылап шешеміз, – деді Нұрхан Жұмабеков.
Білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, мектеп формасын тігетін компанияны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұсынады. Киім тігумен айналысу аймақтарда ірі компанияларға жүктелмек.
Қарағанды облысы