Маңғыстауда қатерлі дерттің саны өскен жоқ
Маңғыстауда қатерлі дерттің саны өскен жоқ
193
оқылды
Обыр дертінің облыстағы орталығы сонау сексенін­ші жылы салынған ескі де тар ғимаратта отырып науқастарды емдеуді тоқтатқан емес. Жаңа нысанға әне көшеміз, міне көшеміз деген үмітпен аядай ғана тар бөлмеде дәрігерлер үнсіз жұмыс істеуде.  Алайда жаңа қоныстың құрылысы аяқталар күні де жақын деген қуаныштары да жоқ емес.  Облыс әкімінің тіке­лей бақылауындағы жаңа нысан осы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілмек. Облыстағы онкологиялық ауру көрсеткіші азайып та, кө­бейіп те тұрған жоқ. 2018 жылы 880 адам обыр дертіне шалды­ғып, 355 науқас жарық дүние­мен қоштасқан болса, 2019 жылы 849 адам тіркеліп, 365 қайт­пас сапарға аттанған. Маңғыстау облыстық онко­логиялық диспансер дирек­торы Нұрлан Нұрадинұлы 2019 жылы кейбір мақсатымызға қол жеткізе алмаса да, аурулар­ды емдеуден аянбағандарын айтады. «Жомарттың қолын жоқтық бай­лайды» дейді емес пе, десек те атқарылып жатқан жұмыстар да көп, ауру динамикасы бір дең­гейде. Қатты өсу не кему бол­ған жоқ. Бір қуанышты жаңалығымыз – 5 жылдан артық өмір сүріп жатқан нау­қас­­тарымыздың саны 4,1 па­йызға көбейіп отыр. Респуб­ли­­камен салыстырғанда жақсы деңгейдегі көрсеткіш деп айтар едім. Бұл бір жылдың еңбегі емес, олар үшін қанша тер төгілді, қаншама ем-дом, күр­де­лі анализ талдаулары жасал­ды. Бұл 2014-тен бергі жасал­ған жұмыстардың нәти­жесі», – дейді Нұрлан Жариев. Облыс онкологтары 2022 жылы бұл көрсеткішті 50 па­йыз­ға көтереміз дейді. Бүгінгі таң­да 5 жылдан артық өмір сүріп жатқан науқастар өңір бойын­ша 45,3 пайызды құрап отыр. Кезінде бұл көрсеткіш 38 пайыз болған. Жақсы межеге қол жеткізу ерте анықтау көрсеткішінің өсуімен өлшенеді. 2018 жылы ауру белгісін ерте анықтауда науқастар саны 23 пайыз болса, 2019 жылы 20 пайыз болып отыр. Яғни, анықталған нау­қас­­тар саны да көп емес, төмен түскен. «Биыл науқастар­дың 30 пайызы аурудың 1 сатысын құ­рап отыр. Яғни 70 адамның 21-і . Бұл да көңіл көншітерлік көр­­сеткіш. Себебі 1 сатыдағы нау­қас­тар 4-5 ай кешенді емде­лу­ден кейін ары қарай өмірле­рін жалғастыра алады. Біз осы деңгейді ұстағымыз келеді», – дейді бас дәрігер.
2020 жылы қолға алынған жаңа жоба – мектептердегі әйел адамдарды профилактика­лық тексеруден өткізу. «Бұл шараны өткізудегі мақсат, сыр­қат­тарға анализ жасаған кезде көбіне обыр дертіне шалды­ға­тын­дар әйел адамдар, соның ішінде мұғалімдер. Неге? Өйт­ке­ні олар скринингке бар­майды, аурудың ал­ғаш­қы саты­сында қаралмай­ды, уақыт өткізіп алады, жұмыстан қол­дары босамайды. Сондық­тан біз осы жобаны қолға алып, алғашқы тексерісті бастап та кет­тік. Қаламыздағы ІТ ли­цейін­­де жұмыс істейтін әйел адам­дарды жатыр мойнының қа­­терлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігі бойынша арнайы скри­нинг­тен өткіздік. Қазір олар­дан алынған  анализ  лаборато­рияда. Қорытындысы әзір шыққан жоқ. Алдағы уақытта осылай облыстағы барлық мектепті қамтығымыз келеді, өйткені әйел азаматтардың 90 пайызы осы мектеп, балабақ­шада жұ­мыс істейді», – дейді Нұрлан Нұра­динұлы.
Былтыр қазан айынан бас­тап қатерлі ісікті анықтау мақ­сатында МРТ, КТГ құрылғы­ларына тегін түсіру жобасы жүр­гізілген. Ол үшін 37 млн тең­ге бөлініп, оның 24 млн тең­­ге­­сіне қызмет түрі пайда­ла­ныл­ған. Жекеменшік мекеме­лер­ді тарту арқылы мыңға жуық тұр­ғындар өздерінде қатер­лі ісік­тің нышаны бар, жоқ екенін тексерткен. Мәсе­лен, бір күнде тексерістен өт­кен 147 адамның 25-інің қо­ры­тынды анализі кү­дік­ке ілініп, оның 15-інде анық қатерлі ісік бар екендігі анық­талған. Енді биыл онко­ло­­гия­лық диспансер осы жоба­ны жал­­ғастырмақ ниетпен өңір­дегі 4 денсаулық сақтау меке­ме­сі­мен келісім­шарт­қа отыр­ды. Бұл көп адам­ды тек­се­­ріс­тен өт­­кізуге мүм­­­кіндік ту­ғы­­­зып отыр. Алда­­ғы уақытта тұр­ғын­­дар­­ды тегін МРТ, КТГ құрыл­­­ғы­­­ла­ры­на тү­сі­­ріп, бақы­лаудан өт­кізу жұ­мы­­сы жалғаса бермек. «Мен 50-70 жас аралығын­да­ғы барлық маңғыстаулық ер және әйел адамдарды өкпе қатерлі ісігіне қаралуларын сұ­рап едім. Өйткені осы жас­та­ғылар қатерлі ісіктің осы түрі­мен көп ауырады және аурула­ры асқынған кезде келеді. Ау­ру­дың шегіне жеткен науқас­тар­ды емдеу үшін қаражат көп жұмсалады және қорытынды нәтиже көбіне жақсы болмай­ды. Өкпе қатерлі ісігі еш уа­қыт­та ауырмайды, біл­дірт­пейді, әбден шегіне жеткен кезде, 3 немесе 4-сатыға жет­кен­­де білі­неді, сол үшін адам­дар оны өткізіп алады. Сон­дық­­­тан 50-70 жас аралы­ғын­дағы кез келген адам өзінің тұр­ғы­лық­­ты мекен­жайы­­на тие­сілі ем­ханаға барып, мін­дет­ті түрде мені КТ -ге түсір деуі керек, оған ешбір емханада қарсылық жоқ», – дейді бас дәрігер. Со­ны­­мен қатар ол тұр­ғын­дар үшін бұл шара тегін екенін айт­ты. Онкологтардың жұмысы тіке­лей емханамен байла­ныс­ты. Ем­ханада отырған әрбір онко­лог дәрігерді дайындап, оқыту да диспансердің мой­нын­­да. 2018 жылы облыс емха­на­­ла­рын­дағы онкологтар­дан 223 адам біліктілігін көтерген бол­са, 2019 жылы 428 адам қай­та даяр­лаудан өткен. Өйт­ке­ні жыл сайын жаңа техно­ло­гиялар мен жаңа дәрі-дәрмек­тер­дің шы­ғуы, қатерлі ісікті анықтау­дың жаңа фор­мат­­тарының пай­да болуы – дәрі­герлердің үз­діксіз білім же­тілдіріп оты­руын талап етеді. «Біздің міндет – қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдар өмірінің ұзақ болуына септесу. Сондай-ақ өлім-жітімді өсір­мей, 5 жылдан артық өмір сүре­тін­дер санын арттыру», – дейді облыстың бас онкологы.   Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ,                                                                                                                  Маңғыстау облысы