Обыр дертінің облыстағы орталығы сонау сексенінші жылы салынған ескі де тар ғимаратта отырып науқастарды емдеуді тоқтатқан емес. Жаңа нысанға әне көшеміз, міне көшеміз деген үмітпен аядай ғана тар бөлмеде дәрігерлер үнсіз жұмыс істеуде. Алайда жаңа қоныстың құрылысы аяқталар күні де жақын деген қуаныштары да жоқ емес. Облыс әкімінің тікелей бақылауындағы жаңа нысан осы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілмек. Облыстағы онкологиялық ауру көрсеткіші азайып та, көбейіп те тұрған жоқ. 2018 жылы 880 адам обыр дертіне шалдығып, 355 науқас жарық дүниемен қоштасқан болса, 2019 жылы 849 адам тіркеліп, 365 қайтпас сапарға аттанған. Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансер директоры Нұрлан Нұрадинұлы 2019 жылы кейбір мақсатымызға қол жеткізе алмаса да, ауруларды емдеуден аянбағандарын айтады. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» дейді емес пе, десек те атқарылып жатқан жұмыстар да көп, ауру динамикасы бір деңгейде. Қатты өсу не кему болған жоқ. Бір қуанышты жаңалығымыз – 5 жылдан артық өмір сүріп жатқан науқастарымыздың саны 4,1 пайызға көбейіп отыр. Республикамен салыстырғанда жақсы деңгейдегі көрсеткіш деп айтар едім. Бұл бір жылдың еңбегі емес, олар үшін қанша тер төгілді, қаншама ем-дом, күрделі анализ талдаулары жасалды. Бұл 2014-тен бергі жасалған жұмыстардың нәтижесі», – дейді Нұрлан Жариев. Облыс онкологтары 2022 жылы бұл көрсеткішті 50 пайызға көтереміз дейді. Бүгінгі таңда 5 жылдан артық өмір сүріп жатқан науқастар өңір бойынша 45,3 пайызды құрап отыр. Кезінде бұл көрсеткіш 38 пайыз болған. Жақсы межеге қол жеткізу ерте анықтау көрсеткішінің өсуімен өлшенеді. 2018 жылы ауру белгісін ерте анықтауда науқастар саны 23 пайыз болса, 2019 жылы 20 пайыз болып отыр. Яғни, анықталған науқастар саны да көп емес, төмен түскен. «Биыл науқастардың 30 пайызы аурудың 1 сатысын құрап отыр. Яғни 70 адамның 21-і . Бұл да көңіл көншітерлік көрсеткіш. Себебі 1 сатыдағы науқастар 4-5 ай кешенді емделуден кейін ары қарай өмірлерін жалғастыра алады. Біз осы деңгейді ұстағымыз келеді», – дейді бас дәрігер.
2020 жылы қолға алынған жаңа жоба – мектептердегі әйел адамдарды профилактикалық тексеруден өткізу. «Бұл шараны өткізудегі мақсат, сырқаттарға анализ жасаған кезде көбіне обыр дертіне шалдығатындар әйел адамдар, соның ішінде мұғалімдер. Неге? Өйткені олар скринингке бармайды, аурудың алғашқы сатысында қаралмайды, уақыт өткізіп алады, жұмыстан қолдары босамайды. Сондықтан біз осы жобаны қолға алып, алғашқы тексерісті бастап та кеттік. Қаламыздағы ІТ лицейінде жұмыс істейтін әйел адамдарды жатыр мойнының қатерлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігі бойынша арнайы скринингтен өткіздік. Қазір олардан алынған анализ лабораторияда. Қорытындысы әзір шыққан жоқ. Алдағы уақытта осылай облыстағы барлық мектепті қамтығымыз келеді, өйткені әйел азаматтардың 90 пайызы осы мектеп, балабақшада жұмыс істейді», – дейді Нұрлан Нұрадинұлы.Былтыр қазан айынан бастап қатерлі ісікті анықтау мақсатында МРТ, КТГ құрылғыларына тегін түсіру жобасы жүргізілген. Ол үшін 37 млн теңге бөлініп, оның 24 млн теңгесіне қызмет түрі пайдаланылған. Жекеменшік мекемелерді тарту арқылы мыңға жуық тұрғындар өздерінде қатерлі ісіктің нышаны бар, жоқ екенін тексерткен. Мәселен, бір күнде тексерістен өткен 147 адамның 25-інің қорытынды анализі күдікке ілініп, оның 15-інде анық қатерлі ісік бар екендігі анықталған. Енді биыл онкологиялық диспансер осы жобаны жалғастырмақ ниетпен өңірдегі 4 денсаулық сақтау мекемесімен келісімшартқа отырды. Бұл көп адамды тексерістен өткізуге мүмкіндік туғызып отыр. Алдағы уақытта тұрғындарды тегін МРТ, КТГ құрылғыларына түсіріп, бақылаудан өткізу жұмысы жалғаса бермек. «Мен 50-70 жас аралығындағы барлық маңғыстаулық ер және әйел адамдарды өкпе қатерлі ісігіне қаралуларын сұрап едім. Өйткені осы жастағылар қатерлі ісіктің осы түрімен көп ауырады және аурулары асқынған кезде келеді. Аурудың шегіне жеткен науқастарды емдеу үшін қаражат көп жұмсалады және қорытынды нәтиже көбіне жақсы болмайды. Өкпе қатерлі ісігі еш уақытта ауырмайды, білдіртпейді, әбден шегіне жеткен кезде, 3 немесе 4-сатыға жеткенде білінеді, сол үшін адамдар оны өткізіп алады. Сондықтан 50-70 жас аралығындағы кез келген адам өзінің тұрғылықты мекенжайына тиесілі емханаға барып, міндетті түрде мені КТ -ге түсір деуі керек, оған ешбір емханада қарсылық жоқ», – дейді бас дәрігер. Сонымен қатар ол тұрғындар үшін бұл шара тегін екенін айтты. Онкологтардың жұмысы тікелей емханамен байланысты. Емханада отырған әрбір онколог дәрігерді дайындап, оқыту да диспансердің мойнында. 2018 жылы облыс емханаларындағы онкологтардан 223 адам біліктілігін көтерген болса, 2019 жылы 428 адам қайта даярлаудан өткен. Өйткені жыл сайын жаңа технологиялар мен жаңа дәрі-дәрмектердің шығуы, қатерлі ісікті анықтаудың жаңа форматтарының пайда болуы – дәрігерлердің үздіксіз білім жетілдіріп отыруын талап етеді. «Біздің міндет – қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдар өмірінің ұзақ болуына септесу. Сондай-ақ өлім-жітімді өсірмей, 5 жылдан артық өмір сүретіндер санын арттыру», – дейді облыстың бас онкологы. Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы