Соңғы уақытта Нұр-Сұлтанда мұғалімдердің саны көбейді, бірақ әлі де 250 маман жетіспейді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде «Оқушылардың, мектептердің саны көбейіп жатыр, ал мұғалімдерді дайындап үлгеріп жатырмыз ба? Бұл да бір мәселе. Қазіргі уақытта елордада мұғалімдердің саны көбейді, бірақ әлі де 250 маман жетіспейді», – дейді. Ол үшін мұғалімдерге жан-жақты жағдай жасау керек. «Президенттің тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылданды. Сонымен қатар, мұғалімдердің жалақысы 25% артты. Біліктілігін арттыратын болса қосымша ақы алады. Сондай-ақ, жас мамандарға алғашқы жарна ретінде сертификаттар беріп, тұрғын үймен қамтамасыз етіп жатырмыз. Мұғалімдерге осылай жүйелі түрде қолдау көрсетіледі», – деді әкім.