Мамандыққа мектептен баулиды
Мамандыққа мектептен баулиды
1,126
оқылды
Сәт сайын мың құбылған еңбек нарығының сұранысына сай келуде жас маманның қарым-қабілетін жан-жақты сыналады. Рас, бүгінде жаңа машықты игеріп, мамандық ауыстыру қиын емес. Сонда да бол­са ертеңгі жас маман үшін жүрек қа­ла­ған мамандықтың қыр-сыры­мен, оның ертеңі туралы деректі мектеп партасында отырып-ақ біл­гені керек. Биылдан бастап елі­міздегі мектептерде оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалім­дерге арналған штат ашылмақ. Әзірге мектеп партасынан мамандық таңдауда мүлт кетпеуге даярлау жүйесінің тиімділігі туралы айту ерте. Сонда да бол­са жастар жұмыссыздығын азайтуда, ең бастысы жастардың өмірден өз орнын табуына дәл осы жүйенің септігі мол боларына сенім артуға тура келеді. Жа­сыратыны жоқ, көп жағдайда жастардың қолында мамандықтарға ақпараттар бола беремейді. Әсіресе, түлектердің таңдаған мамандығының еңбек нарығындағы сұранысқа ие болуы, табыс көлемі сияқ­ты мәселелер назардан тыс қалып жа­тады. Үлкен өмірдегі ең алғашқы таң­дауын жасалғалы тұрған түлектің ата-анасы да оған жекелеген мамандықтың бүгіні мен ертеңі жайында мардымды ақпарат бере алмайды. Мұнда оқу орын­дарының қабылдау комиссиясы да жөн сілтейді деуге келмейді. Әр түлек үшін та­ласқа түсетіндердің түпкі пиғылы бел­гілі. Сондықтан мектеп оқушылары ма­мандық таңдауға келгенде дағдарып қалады. Осыдан барып, немкеттілікпен кез келген мамандыққа түсе салғандар күні ертең дипломы бар жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Әрине, бұл жағ­дайдың алдын алуда жоғарыда аталған мектептердегі кәсіптік бағдар беретін мұғалімдерге түсетін жауапкершіліктің жүгі ауыр. Президент те өткен аптағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сө­зінде жастар жұмыссыздығына тоқталып өтті. Мемлекет басшысы еңбек нарығына жыл сайын 300 мыңға жуық жас маманын шығатынын айтады. Жұмыспен қамту мәселесінің дұрыс шешілмеуінен кейбір аймақтардың жастар арасындағы жұ­мыс­сыздық көрсеткіші едәуір жоғарылаған. «Екі мыңыншы жылдары бала саны күрт көбейгені белгілі. Келесі жылдан бастап сол кезеңде дүниеге келген ұрпақ еңбек нарығына шыға бастайды. Осыны ескерген жөн. Сондықтан жұртты жұ­мыспен қамту ісіне қатысты тың тәсілдер қолдану қажет. Ал, азаматтарымыз қазіргі замандағы халықаралық нарық үрдісіне бейімделуі керек», – деді Президент. Жастар жұмыссыздығын олардың ма­мандық таңдауда мүлт кетуімен бай­ланыстыруға болатындай. Сондықтан Президент айтып отырған тың тәсілдің бірі ретінде кәсіби бағдарды өз деңгейінде ұйымдастыру қарастырылуы қажет-ақ. Оқу-ағарту министрлігінің мәліме­тінше, мектептерде жаңадан бастайтын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» лауа­зымына қойылатын арнайы талап бар. – «Педагог-кәсіптік бағдар беруші» лауазымына қойылатын талаптар бөлі­гінде «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталған бұйрыққа сай оқушыларды мамандыққа баулумен педагог-кәсіби бағдар беруші мамандарын даярлайтын курстан өткенін растайтын құжаты бар кез келген мұғалім айналыса алады. Бұл үшін мектептердің әкімшілігі мүмкін­дігіне қарай жеке штат ашуға немесе пән мұғалімдеріне қосымша жүктеме ретінде қарастыруына болады, – дейді Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Ерлан Маяемеров. Ал Talap коммерциялық емес ак­ционерлік қоғамы президентінің кеңес­шісі Қадырбек Бөрібек кәсіби бағдарды тек бір ғана адамға артып қоймай, ве­домс­тволар арасында кешенді жұмыс жүргізу керек деп біледі. Оның айтуынша, салалық ведомство кәсіптік бағдарлаудың ережесі мен стандарттарын бекіткені жөн. Сонда ғана мектеп партасынан ма­мандыққа баулу ісінде нәтиже болады. – Мамандыққа баулу бастауыш сыныптан басталуы керек. Оған қоса, әр мұғалім оқушыларға өз пәні бойынша кәсіби бағдар беруі қажет. Бізде бұл жұ­мысты еңбекке баулу пәнінің мұғалім жүр­гізіп келді. Алайда бұл жалғыз маман­ның қолынан келетін шаруа емес. Кәсіби бағдардан жұмыспен қамтуға жауапты ведомстволардың барлығы бірдей атса­лысқанда ғана тиімділік болады. Мәсе­лен, мектеп мұғалімдері өз құзіреті шең­берінде оқушымен ата-анамен жұмыс жүргізеді. Ал жұмыспен қамту орталық­тары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалдарын­дағы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандар, өңірдегі өндіріс орындарын­дағы мамандықтар тізбесі туралы ақпа­раттарды болады, – дейді Қадырбек Бөрібек. Жалпы, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде кәсіби бағдарлау жұмысы өз деңгейінде жолға қойылғаны аңғарылады. Мәселен, Ұлыбританияда еңбек биржа­ларының жанында мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру қызметі құрылған. Бұл орган түлектерге мектеп бі­тіргеннен бастап, оның қызметке тұр­ған дейін қолдау көрсетеді. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде кәсіби бағдар бойынша кеңесшілер де қызмет көр­сетеді. Кәсіби бағдар беру жүйесіне сай британдық оқушыларға ешқандай білік­тіліксіз бірнеше салада жұмыс істеп көруге мүмкіндік береді. Тіпті, мектеп­тердің жанында шағын кәсіпорындардың жұмысы жолға қойылған. Сол арқылы оқушылар өздерінің бизнес жобаларын жүзеге асыра алады. Мектеп бітірген соң ағылшын оқушылары ата-анасымен бірге кәсіби бағдар бойынша кеңесшінің көмегіне жүгінеді. Негізінен, кәсіби бағ­дардың британдық үлгісі оқушының тұлғалық қасиеттеріне басымдық береді. Францияда да оқушылары арнайы бюроның мамандары кәсіби бағдар бе­реді. Олар жасөспірімдерге дұрыс ма­мандық таңдауға ықпал етеді. Екінші жа­ғынан, еңбек нарығын қажетті маман­дармен толықтыруға басымдық беріледі. Ширек ғасыр бұрын Францияда «бағ­дарды тәрбиелеу» тұжырымдамасы ен­гі­зілді. Тұжырымдаманың басты мақсаты жас­тардың өз мамандығын таңдау мә­дениетін қалыптастыру болып табылады. Оқушыларға мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Кәсіпорындар мен кеңселерге экскурсиялар ұйымдасты­рылады. Сонымен қатар таңдаған ма­мандығы бойынша 3 аптадан 16 аптаға дейін өндірістік тәжірибеден өтуге де жағдай жасалған. Кейін арнайы тестілу арқылы түлектің қарым-қабілеті тек­серіледі. АҚШ-та да мектептегі кәсіби жетек­шілік етудің ережесі жасалған. Бұл ере­женің тиімділігі сол мұнда балаларға кәсіби бағдар бастауыш сыныптан бас­тап, мектеп бітіргенге дейін беріледі. Ал 1994 жылы мұндағы штаттардың бірінде «Мектептен – жұмысқа» актісі қабыл­данды. Актіге сай оқушылар кез келген фирмада сондағы білікті маманның же­тек­шілігімен өндірістік тәжірибеден өтеді. 1998 жылы АҚШ-та мамандықтардың мәліметтер базасы құрылды. Бұл база арқылы мектеп түлектері арнаулы орта және жоғары білімді қажет ететін маман­дықтар туралы деректерді ала алады. Кәсіби бағдар берудегі Жапонияның тәжірибесі тіптен қызық. Жапон оқу­шылары 7-сыныптан бастап 16 түрлі ма­мандықтың иесі ретінде тәжірибеден өтеді. Осыдан кейін ғана оқушылар жүрек қалаған және қолынан келетін кәсіпті игеруге ден қоя алады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жобаның түпкі нәтижесі жастардың қоғамның «кетік» тұсына кірпіш болып қалануына ықпал етуден көрінбек. Әрине, әзірге мұның өзі де уақыттың еншісіндегі дүние.

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ