Қайтқан қаржыдан қайыр бар ма?
Қайтқан қаржыдан қайыр бар ма?
1,265
оқылды
Таяуда қазақстандық олигархтар бұрын жымқырған ақшасын мемлекетке қайтарып жатқаны туралы дерек тарады. Әлі де қайтарылуы тиіс қаражат көп. Бір қаланың бюджетінен асатын ақшаны қалтасына басқан кімдер? «Түйені түгімен жұтқандардың» қаржысына халық үшін қандай игі іс істеуге болар еді?

«Асағаны» аз емес

Мемлекет қаржысын «асаған­дардың» басында Қайрат Саты­балды мен оның жары Гүлмира Сатыбалды тұр. Қазір осы адам­ның мемлекетке қайтарған қар­жысы 266 млрд теңгеге жеткен. Қайрат Сатыбалды «Қазақ­те­леком» мен «Транспорттық қыз­мет көрсету» компанияларынан 36 миллиард теңге жымқырған. Оның үстіне, жұбайы Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев пен «Оператор РОП» ісі бойынша елге 230 млрд теңге қайтарылған. Күдіктілер Лихтенштейннен 170 млн АҚШ долларынан аса қар­жыны өз еркімен берген. Қайрат Боранбаев та бұл қа­тардан қалмайды. Қаржылық мо­­ниторинг агенттігі оның «Қаз­мұнайгаз» АҚ-дан шамамен 11,3 млрд теңге жымқырғанын анық­тап, кері қайтарған. Дегенмен ұрланған қаржыны «қайтару опе­рациясы» әлі де жалғасатын­дай. Өйткені ұлттық спортқа бө­лінген қаржыны жымқыру мен жеке кәсіпкерлердің бизнесін тар­тып алу бойынша Сатыбал­дылардың есімі жиі аталып жүр. Сондықтан мемлекетке түсетін қаражат әлі көбеюі мүмкін. Осындай былыққа толы іс­терден Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің бұрынғы басшылары да тыс қалмапты. Комитет қызмет­керлері Гонконг пен Біріккен Араб Әмірлігіне сақтаған 3 млн АҚШ долларын қайтарды. Байқасақ, аталған 3 тұлға мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларының қай­тарған ақшасының сомасы ша­мамен 277,5 млрд теңге болады. Егер 1 000 орындық бір мектеп салуға орта есеппен 1 млрд теңге кетеді десек, осы ақшаға 277 мектеп салуға болар еді. Сонда 277 мың баланы бір ауысымдық мектеппен қамтисыз. Онсыз да елде мектеп жетіспей жатқанда осынша ақшаның ұрланғаны елдің жанына бататыны түсінікті. Тағы салыстырып көрейік, мә­селен республикалық бюджеттің доноры саналатын 4 өңір – Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы, Маң­ғыстау мен Атырау облысы жабы­лып, 2 жылда мемлекет қазына­сына 500 млрд теңгеге жуық қар­жы құяды екен. Сонда 4 өңір­дің 1 жылдық еңбегі санаулы адам­ның аранында кеткен. 2018 жы­лы Тараз қаласының жылдық бюджеті 53 млрд теңге болған екен. Сонда әзірге анықталған ұр­ланған қаржының есебі Тараз секілді 5 шаһардың бір жыл бойғы күнкөрісіне теңелгенін аңғарасыз. Бұдан кейін елдегі олигархтарға күмән арта беретіні сөзсіз.

Баспанадан бастап, саяжайға дейін тоналған

Біз жоғарыда тек қайтарыл­ған қаржыны шолып шықтық. Ал­дағы уақытта мемлекетке қай­тарылуға тиіс дүние-мүлік аз емес. Ел аузын­­да «сыра патшасы» атан­ған Тоқтар Төлешовке тиесілі шипа­жай мемлекет меншігіне қайта­ры­луы мүмкін. Әйгілі жем­қорлық іс­терінде жиі айтылатын Виктор Хра­пуновтың Шығыс Қа­зақ­стан­дағы 8 жер учаскесін тәр­кілеу бо­йынша іс қозғалып жа­тыр. Ел ау­мағында бұрын тәр­кі­ленбей қал­ған 36 нысанға ре­визия жалғасуда. Халықаралық іздеудегі «БИПЭК» компаниялар тобының акционері Анатолий Балушкинге де қатысты тың деректер ашылды. Прокуратура Шығыс Қазақстанда 77 жылжымайтын мүлікті, 1 мың жылжымалы мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы қолдаухатты сот­қа жолдаған. «Қазфосфат» ЖШС басшылығына қатысты 140 млрд теңгеге заңсыз монополиялық кі­ріс алу фактілері анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Міне, бұрын көзден таса болған талай қылмыстың куәсі болдық. Айтпақшы, Олимп букме­керлік кеңсесі де таза болмай шық­ты. Букмекерлік кеңсе заң­сыз 5,5 млн доллардан астам ақша тапқан. Қаржыны таяуда Ұлттық банкке аударуы тиіс. Бұл аздай, Талдықорғанда мемлекет қорынан заңсыз беріл­ген 1 000-ға жуық пәтер тексеру­ден кейін кері қайтарылып жа­тыр. Баспананың біразы бос тұр­ған. Енді үйлер кезекте тұрған азаматтарға үлестірілмек екен. Қорыта айтқанда, елдегі қар­жы айналымы мол салалардың түгелі жемқорлықтан ада болма­ған. Кімге билік тиеді, ақша, сая­жай, базар, курорттан бастап, әрі­сі халыққа берілуі тиіс бас­панаға дейін иелік етіп алғаны анық. Әзірге бар былықтың ашы­лып жатқанына шүкіршілік еттік. Тек осы істің бәрі аяқсыз қалмаса дейсіз.