Таяуда қазақстандық олигархтар бұрын жымқырған ақшасын мемлекетке қайтарып жатқаны туралы дерек тарады. Әлі де қайтарылуы тиіс қаражат көп. Бір қаланың бюджетінен асатын ақшаны қалтасына басқан кімдер? «Түйені түгімен жұтқандардың» қаржысына халық үшін қандай игі іс істеуге болар еді?
«Асағаны» аз емес
Мемлекет қаржысын «асағандардың» басында Қайрат Сатыбалды мен оның жары Гүлмира Сатыбалды тұр. Қазір осы адамның мемлекетке қайтарған қаржысы 266 млрд теңгеге жеткен. Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» мен «Транспорттық қызмет көрсету» компанияларынан 36 миллиард теңге жымқырған. Оның үстіне, жұбайы Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев пен «Оператор РОП» ісі бойынша елге 230 млрд теңге қайтарылған. Күдіктілер Лихтенштейннен 170 млн АҚШ долларынан аса қаржыны өз еркімен берген. Қайрат Боранбаев та бұл қатардан қалмайды. Қаржылық мониторинг агенттігі оның «Қазмұнайгаз» АҚ-дан шамамен 11,3 млрд теңге жымқырғанын анықтап, кері қайтарған. Дегенмен ұрланған қаржыны «қайтару операциясы» әлі де жалғасатындай. Өйткені ұлттық спортқа бөлінген қаржыны жымқыру мен жеке кәсіпкерлердің бизнесін тартып алу бойынша Сатыбалдылардың есімі жиі аталып жүр. Сондықтан мемлекетке түсетін қаражат әлі көбеюі мүмкін. Осындай былыққа толы істерден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары да тыс қалмапты. Комитет қызметкерлері Гонконг пен Біріккен Араб Әмірлігіне сақтаған 3 млн АҚШ долларын қайтарды. Байқасақ, аталған 3 тұлға мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларының қайтарған ақшасының сомасы шамамен 277,5 млрд теңге болады. Егер 1 000 орындық бір мектеп салуға орта есеппен 1 млрд теңге кетеді десек, осы ақшаға 277 мектеп салуға болар еді. Сонда 277 мың баланы бір ауысымдық мектеппен қамтисыз. Онсыз да елде мектеп жетіспей жатқанда осынша ақшаның ұрланғаны елдің жанына бататыны түсінікті. Тағы салыстырып көрейік, мәселен республикалық бюджеттің доноры саналатын 4 өңір – Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы, Маңғыстау мен Атырау облысы жабылып, 2 жылда мемлекет қазынасына 500 млрд теңгеге жуық қаржы құяды екен. Сонда 4 өңірдің 1 жылдық еңбегі санаулы адамның аранында кеткен. 2018 жылы Тараз қаласының жылдық бюджеті 53 млрд теңге болған екен. Сонда әзірге анықталған ұрланған қаржының есебі Тараз секілді 5 шаһардың бір жыл бойғы күнкөрісіне теңелгенін аңғарасыз. Бұдан кейін елдегі олигархтарға күмән арта беретіні сөзсіз.Баспанадан бастап, саяжайға дейін тоналған
Біз жоғарыда тек қайтарылған қаржыны шолып шықтық. Алдағы уақытта мемлекетке қайтарылуға тиіс дүние-мүлік аз емес. Ел аузында «сыра патшасы» атанған Тоқтар Төлешовке тиесілі шипажай мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Әйгілі жемқорлық істерінде жиі айтылатын Виктор Храпуновтың Шығыс Қазақстандағы 8 жер учаскесін тәркілеу бойынша іс қозғалып жатыр. Ел аумағында бұрын тәркіленбей қалған 36 нысанға ревизия жалғасуда. Халықаралық іздеудегі «БИПЭК» компаниялар тобының акционері Анатолий Балушкинге де қатысты тың деректер ашылды. Прокуратура Шығыс Қазақстанда 77 жылжымайтын мүлікті, 1 мың жылжымалы мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы қолдаухатты сотқа жолдаған. «Қазфосфат» ЖШС басшылығына қатысты 140 млрд теңгеге заңсыз монополиялық кіріс алу фактілері анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Міне, бұрын көзден таса болған талай қылмыстың куәсі болдық. Айтпақшы, Олимп букмекерлік кеңсесі де таза болмай шықты. Букмекерлік кеңсе заңсыз 5,5 млн доллардан астам ақша тапқан. Қаржыны таяуда Ұлттық банкке аударуы тиіс. Бұл аздай, Талдықорғанда мемлекет қорынан заңсыз берілген 1 000-ға жуық пәтер тексеруден кейін кері қайтарылып жатыр. Баспананың біразы бос тұрған. Енді үйлер кезекте тұрған азаматтарға үлестірілмек екен. Қорыта айтқанда, елдегі қаржы айналымы мол салалардың түгелі жемқорлықтан ада болмаған. Кімге билік тиеді, ақша, саяжай, базар, курорттан бастап, әрісі халыққа берілуі тиіс баспанаға дейін иелік етіп алғаны анық. Әзірге бар былықтың ашылып жатқанына шүкіршілік еттік. Тек осы істің бәрі аяқсыз қалмаса дейсіз.