Қалың қарағай құшағындағы Қатонқарағай
Қалың қарағай құшағындағы Қатонқарағай
Қатонқарағайға тоғыз жыл бұрын жол түскен. Ол кезде Дидағаң, Дидахмет Әшімханұлының тірі кезі. Қаламгерге ілесіп, Ора­ғаң­ның жетпіс жылдығына барған едік. Ал­ма­тыдан Тал­дықорған арқылы Өс­ке­мен жақты бетке алып, ұзақ жүргенбіз. Ағаның жа­нына ілескен жолсеріктері – Лиза тәте (Дидағаның жа­ры), журналист Жадыра Нар­маханова («Ұлан» газе­тінің бас редакторы) және мен («Түркістан» газетінің тілшісі). Дүбірлетіп той той­лап, қаламгерлердің Орағаң туралы жылы есте­ліктері мен лебіздерін ес­тіп, әсем Қатонға сүйсініп қайтқанбыз. Қатонқарағай Алтай десе, Оралхан, Алтай десе, Қалихан Ысқақ, Алтай десе, Дидахмет Әшімхан ойға оралады. Одан бөлек, Өр Алтай Әлібек Ас­қаровтың шығармаларында жанға жайлы, шуақты болып көрінеді. Алтайдың әсемдігін көзбен көру бір басқа да, шығармалары арқылы тану бір басқа. ҚатонқарағайҚатонды білмейтін жұрт Қалихан Ысқақ пен Оралхан Бөкейдің, Дидахмет Әшімхан мен Әлібек Асқаровтың шығармалары арқылы оқып, көзбен көргендей сүйсініп жатады. Ақын Қонысбек Әбілдің тілімен айтқанда, Оралхан шығармаларында сұсты, ішінде жыртқыш аңдар жортқан секілді қорқынышты көрінетін Алтай Ди­дағаң мен Әлібек ағаның еңбек­терінде жүрекке жылы, көңілге жа­ғымды әсер қалдырады. Қатонқарағай Рас, Оралхан Бөкейді көзбен көрген жоқпыз. Есесіне шығар­маларына тәнті болдық. «Мұзтау», «Атаукере», «Қайдасың, қасқа құ­лыным?», «Біздің жақта қыс ұзақ», «Ұйқым келмейді» дейтін кітап­тары ауылдағы үйдің кітап сөре­сінде тізіліп тұратын. Ең алғаш қолыма «Ұйқым келмейдіні» алып едім. Оны да әпкем Алматыдан әкел­ген. Содан бері оның шығар­малары менің ең қимас, құнды дүниелерімнің біріне айналды. Кейін оған Қалихан Ысқақ пен Дидағаның жинақтары қосылды. Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» атты еңбегі де сол қатардан көрінген.

Алтай туралы аңыз көп

Қатон әсем табиғатымен, көрікті келбетімен, буырқанған Бұқ­тырмасымен, күркіреген Күр­кіремесімен елді тәнті етеді. Бұл жолғы сапар Дидаға мен Қалихан ағаның мәңгілік мекеніне тағзым етуден басталды. «Сүйегімізді ту­ған жерге қойыңдар» деген еке­уінің де аманаты орындалды. Ора­ғаңның 70 жылдығынан кейін араға жыл салып, Қалихан аға жарық дүниемен қоштасса, тура бір жылдан соң Дидаға да ағасының соңынан кете барған... Қатонқарағай Бірі Бейімбетті құрметтейтін, бірі Жүсіпбек Аймауытовты үлгі тұтқан екі алыптың сүйегін елге қойды. Бірі Қатонда, енді бірі Топқайыңда мәңгілік демін алып жатыр. Дидағаңның ұлы Дәулет өзі бізді бастап алып жүрді. Бата жа­сап, құран бағыштадық. Одан кейін Қатондағы әдемі ескерт­кі­шіне тағзым еттік. Былтыр ғана тұр­ғызылған мүсіннің авторы – Ринат Әбенов. Ағаның түр-тұлға­сын айнытпай келтіріпті. Өзі де биік адамның мүсіні де биік орын теуіпті. Жақсы ағамның бейнесі Алтай тауының етегінде қасқайып елге қарап отыр. Қатонқарағай Дидаға бізге ұстаз, ақылшы аға бола білді. «Түркістан» газетіне ал­ғаш имене басып кіргенімізде жарқылдап, аңқылдаған жарқын мінезімен қарсы алған еді. Сол қалыбынан айныған жоқ. «Тас мон­шасын» есіне алып, «Сары са­маурынының» шәйін қайнатып, кіл бала шәкірттер қаламгердің жанына үйіріле кеткенбіз. Ол да бізге ақыл-кеңесін айтудан жалық­қан емес, біз де үйренуден қашпа­дық. «Жас» деп бетімізден қақпа­ды, қиналған тұсымызда сөзбен де­меді, қателескен сәтімізде қа­темізді жөндеді. Дидахмет мектебі бізді көп нәрсеге үйретті, әлі де жол сілтеп келеді. Қаламгердің балалық шағы На­уада өткен. «Тас моншасы» да сонда қалған деседі. Қазір ағайын-туғаны Қатонды жайлап отыр. Ұлы Дәулет те елге жиі барады. Әкесінің кіндігі байланған туған мекені ба­лаға да ыстық. Ұққанымыз – ата­мекен бәрінен қымбат екен. Осын­дайда ойға еріксіз Дидағаның «Жер аңсаған сарыатаны» оралады. Хикаятта: «Ұшы-қиырсыз сары да­ла. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шар­табақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңда­йын жел күңсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сары атан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені» деп суреттелмейтін бе еді. Сол сары­атанды елден кеткен азаматтар, Сары белді – туған жер деп алсақ, мұнда атамекеніне асыққан жан­дардың сағынышы мен сазы жат­қан жоқ па? Өмірдің өзі сағы­ныш­тан тұрады екен. Әсем Алатаудың баурайында тұрса да, жазушының Алтайға деген сағынышы басылған емес. Ол оның әр шығармасынан сезіліп, байқалып тұратын. Қатонқарағай Дидаға бізді Бейімбетке ғашық етті. «Бейімбеттей жазушы қайда?! Сен оның әлгі «Айт күндері» деген әңгімесін оқыдың ба? Оқышы, төгіліп тұр ғой, төгіліп. Өзің жақсы көретін Оралхан ағаң «Шұғаның белгісін» жатқа айтатын еді. Әй, «Шұғаның белгісін» мен де жатқа білем» дейтін еді үнемі. Дидағаң айтқан шығарманы білсек, бірігіп талдап кететін едік. Ол кісі үнемі жас журналистерді жанына ертіп жүрді. Түрлі экспедиция ұйымдас­тырып отыратын. Әдебиет туралы талқылайтын. Бірге жүрген әріп­тес­тері туралы қызыға әңгіме шертетін. Айтқандай, әңгіме Алтайдан басталып еді ғой. Бұрын Дидағаң Алтай туралы әңгіме айтқанда, бояуын қалыңдатып, әзіл-қалж­ы­ңын қоса үйіріп, әдемі сыр шер­тетін. Сондай бір тұста әңгіменің ұшы Қатонқарағайдың шығу тегіне тірелетін еді. Қалихан ағасы (өзі айтқандай) Қатонның тари­хын Қатын сөзінен бастаса, Ди­дағаң Алтай туралы әдемі аңызға бұратын. Қатонқарағай Әлқиса, аңызға сенсек, ертеде осы қарағайлы өлкеде жалғыз қызы бар жесір әйел өмір сүріпті. Ол аң аулап, жеміс-жидек теріп күн кешеді екен. Осындай бір тірлік кешіп жүрген күннің бірінде кішкентай қызы қатты ауырып, жесір әйел аңға шыға алмай, тамақ таба алмай, қатты қиналса керек. Ашқұрсақ шаршаған әйел қы­зының ұйықтаған сәтін күтіп, аң аулауға аттанады. Жаралы қоянды ұстаймын деп, қуа-қуа үйінен тым алысқа ұзап кетеді. Сөйтіп жүріп боранды күні адасып қалады. Ал үйінде ауырып жатқан қызы да көз жұмады. Әйел де сол кеткеннен оралмайды. Ауыл адамдары іздеп жүріп, бес күннен кейін орман ара­сынан табады. Тізерлеп отыр­ған әйелдің жансыз мүрдесі ғана қалыпты. Содан бастап бұл қара­ғайлы орман Қатынқарағай аталып кетсе керек. Кейін келе Қатын­қа­рағай аты қалып, Қатонқарағайға айналған деседі. Кім біледі, Қалихан ағам да осы Қатын сөзіне бұрып алатыны да сондықтан шығар. Кейбіреулер қотан деген сөзге де келеді деп жүр. Қалай десек те, қайың-қарағайы көп ну орманды алқаптың аты да, заты да ғаламат екені ақиқат. Қатонқарағай

Шыңғыстайдағы тұңғыш мектеп

«Ат аяғы жеткен жердің бәрі атамекен». Қалихан аға осылай дейді. Ата-бабамыз қоныстанған, қатпар-қатпар тарихты қойнауына жасырып жатқан бұл мекеннің тасы да ғажап, тауы да ғажап. Көрсең көз тоймайды. Тарбағатай жайлауының биігіне көтерілсеңіз, етегіне қарап, басыңыз айналады. Көкпеңбек аспан, ну қарағай, көз жетпейтін шыңырау. Тарбаға­тай­дың етегінде бір шоғыр қарайса, ол Оралхан туған ауыл – Шың­ғыс­тай. Ел оны Әбдікерім болыстың ордасы деп те санайды. Бүгінгі Шыңғыстай, кешегі – Шәңгіштай. Қалихан Ысқақ өзінің «Келмес күндер елесі» атты кітабының бі­рінші бөлімінде Әбдікерім болыс туралы арнайы тоқталған. «Тарбағатай, Шабанбай, Айырылдым елден баға алмай. Сағынып мұнда жатырмыз, Маңайыңа бара алмай». Әбдікерімнің елге жазған соң­ғы хатынан. Әбдікерім ақындықтан да құралақан емес-ті. Болыс­ты­ғы­нан серілігін бұрын өткізген кісі. Құлқы бар құлды да қой соңына салмаған. Бірақ менің көкейімде Әбдікерімнің ақын қызы Бағи­ланың ұзатылардағы зары тұрды: Қатонқарағай «Мұзбелдің мұзартынан шаң тұрмаған, Қолыма сұңқар қонған саңқылдаған. Сол сұңқарым қапыда ұшып кетіп, Әпеке, мен болдым қаз қаңқылдаған... Бағиланың сұңқары – Сұл­танмахмұт Торайғыров еді. Әпеке­сі – Әбдікерім» деп жазады. Әбдікерім болыстың тағдыры да ауыр болған. Әлихан Бөкей­хандай ұлт тұлғасына баяндамашы болған, совет дәуірінде үш рет түр­меге қамалып, ақыры туған же­рінен топырақ бұйырмай, мүрдесі жат жерде қалған. Бізге серік бол­ған аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов Әбдікерім бо­лыстың мектеп-мұражайына ар­найы алып барды. Бұл оқиғаның бәрін сол жерде тыңдадық. Әбді­керім Шыңғыстайда алғаш қазақ мектебін салдырған адам. Сұл­танмахмұт сол мектепте сабақ бер­г­ен. Болыс оны Шыңғыстайға алып келіп, боз биенің сүтіне шо­мылдырып, қара биенің тосабымен емдесе керек. Сұлтанмахмұт осын­да жүріп, болыстың қызы Бағилаға ғашық болады. Амал нешік, еке­уінің тағдырына қосылу жазбаған. Қатонқарағай Бұрынырақ келгенімізде бұл жерде ескі мектептің қаңқасы ғана қалған еді. Қазір сол орынға көр­кем мұражай тұрғызылған. Бұл – Әбдікерім мектебінің ескерткіш музейі. Көненің көзіндей болып, қайта түлеген. Мектеп-мұра­жай­дың ішінде қаламгерлердің құнды мұраларымен қатар, ескі мектептен қалған қасірет қабырғасы да бар. Ол қабырғадағы ескі жазулар да өшпеген. Зұлмат жылдарында бұл мектеп «НКВД»-нің түрмесіне ай­налыпты. Сол зорлық түрмеден қал­ған белгі – осы қасірет қа­быр­ғасы. Онда түрме тұтқындары төте және кирилл қарпінде жазу жазып қалдырған. Бұл түрмеде болыстың ұлы Шабдан да қамалған.

Қатонқарағай «қартайып» барады

Шыңғыстайға барсаңыз, Орал­ханның кейіпкерлері алдыңнан шығады. Оның ауыл хикаяларына арқау болған жанның бәрі – осы жердің тұрғындары. Алтай, Тар­ба­ғатай, Бұқтырма, Күркіреме, ауыл арасын кесіп жатқан шағын өзен-көлдер... бәрі-бәрі қаламгердің шығармаларына өзек болған. Ауыл адамдарының қарапайым бол­мы­сы, табиғи қалпы, жайдары мінезі, өмір салты, кескін-келбеті, тір­шілігі... Барлығы да кездеседі. Тұп-тура сенің ауылыңның тұр­ғындары секілді. Қатонқарағай Өзі де бұл туралы: «Менің повесть, әңгімелерімнің сюжеттері туған жер, жастық шағымда болған естеліктерге толы. Менің жерлес­терім қазақтар – сом мінезді, шын­шыл және ашық жүректі адамдар. Олар сиқырлағандай ата-бабасы туған кеңістікте өмір сүреді. Менің туған жерге адал жерлестерім – өр мінезді, еңбекқор, ержүрек және шыншыл адамдар. Әйтеуір, не жаз­сам да өз заманымды, сол заманда маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын. Ал кейіп­керлерім – ауыл адамдары: қой­шылар, жылқышылар, бұғы өсі­рушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар бітім-болмысы кіршіксіз, пәк ниетті жандар», – дейді. Расында да солай: «Тортай мі­нер аз боз ат», «Апамның астауы», «Көк тайынша», «200 грам энер­гия», «Тоқадан қалған тұяқ», «Иғаң», «Құмар қол бұлғапты»... Бәрінің де кейіпкерлері – ауылдағы ағайын, жақын-жұрағат, туыс-ту­ған, құрбы-құрдас. Тұп-тура қазақ тірлігінің қайталанбас суреттерін бедерлеп түсіргендей. Әңгі­ме­лер­дің өміршеңдігі де сонда. Сол Шыңғыстай, сол Қатон бү­гінде «қартайып» барады. Қатонқарағай Бұл – аудандық Iшкі саясат, мә­дениет және тілдерді дамыту бө­лімінің басшысы Олжас Шәріп­бековтің ең үлкен уайымы. «Жас­тарға «ауылда қалыңдар» деп тағы айта алмаймыз. Өздеріңіз білесіз­дер, біздің жақта қыс ұзақ. Оны Орағаң да өз шығармасына арқау етті. Мұнда газ тарту өте қиын. Ауыл тұрғындары көмір жағады. Ирелеңдеп жатқан тау жолдарымен көмір тасу да оңай емес. Құлап жатқан ағашты да, шіріген талды да рұқсатсыз жаға алмайсың. Өйткені бұл аймақ Қатонқарағай ұлттық паркіне қарайды. Орман­ның бәрі заңмен қорғалған. Ұзақ қыста үйді жылыту да оңай емес. Сол үшін де жастар қалаға ағылып кетіп жатыр. Елде қалғандардың көпшілігі – егде кісілер. Туған топыраққа ие болып отырған да солар», – дейді. Бізді орналастырған мектеп-интернатта кімдер оқиды деген сауал туған. Сөйтсек, маңайдағы ауылдардың көбінде мектеп бол­маған соң, оқушылар орталыққа қатынайтын көрінеді. Қазір Қа­тонқарағай ауданында 36 мектеп бар. Оның ішінде 26-сы орта мек­теп, 8 мектеп негізгі орта мектеп, екеуі – бастауыш мектеп. Оқушы саны – 3107 ғана. Бізді көлігімен ары-бері тасып жүрген Жасұлан деген жігіт те осы өңірдің тумасы. Дұрысырақ айтқанда, Мұқырда туған. Ал ол: «сол Мұқырда қазір мектеп жоқ», – дейді. Ауыл бала­лары Қатонға келіп, интернатта оқып жатыр. Мұқыр демекші, осы бір ауыл бізге Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» атты хикаятынан жақсы таныс. Онда да сол Мұқырдың мұңы ай­тылатын. «Алдымен жүз үйлі «Төр­тінші бригада» тарап кетті. Жүз үйден жеті-ақ үй қалды. «Раз­дель­ное» дейтін совхоздың орталығы Мұқыр еді. Мұқырға да тықыр таян­ды...» деп келетін шығарма есіңізде шығар. Жасұланның да айтып отыр­ғаны – осы Мұқыр. Мектепсіз қал­ған ауыл. Мектеп болса да, оқи­тын оқушысы жоқ. Қайран, Мұқыр дейсің сосын. Ауыл тұрмақ, ауданның өзінде оқушы азайып жатқанда, ауылдағы мектепті қалай толтырсын! Қатонқарағай

Көк тұңғиық көзіңді суырады

Мұнда Қатонқарағай ұлттық паркі бар. Оның құрылғанына 20 жылдай болды. Көлемі 643 гек­тар­дан асады. Бұл орманда не жоқ дейсің, жанға қажеттінің бәрі бар. Сан түрлі ағаштар мен өсімдіктерге, жануарлар мен құстар әлеміне бай. Бір ғана өсімдіктердің 40-тан астам түрі «Қызыл кітапқа» енген деседі. Дәрілік шөптер де мол. Қатон­қа­рағайға саяхаттап келгендердің көбі осы шөптен жасалған дәріні алуға құштар. Түрлі жидектер мен саңырауқұлақтар да мол. Қайда аяқ бассаңыз да, алдыңыздан табиғи жидектер молынан кездеседі. Теріп ал да, жей беріңіз. Құлпынай, қа­рақат, тошала, мойыл, таңқурай, бүлдірген және тағы басқа жидек­тер тау етегінде толып жатыр. Жер­гілікті тұрғындардың көбі осыны теріп алып, тосап қайнатады. Айтқандай, Қатонда қарағайдың түр-түрі бар. Балқарағай жаңғағын да осы жақтан көресіз. Оның дәні бөлек енді. Өзге аймақтарда қара­ғай кездесетін шығар, бірақ жаң­ғағын шаға алмайсыз. Қарағай ша­йыры да туристерді жиі қызық­тырады. Қатон маралымен де ата­ғы шыққан. Одан бөлек, аю, арқар, қасқыр, түлкі, қоян, тиін және басқа да жануарлар кездеседі. Қатонқарағай Бұқтырма, Рахман, Марал, Қа­ракөл – елдің мақтанышы. Оның ішінде «Рахман қайнары» бұлақ­тары жиі аталады. Бұл жолы шипа­жайға баруға жол түскен жоқ. Уа­қыт тығыз әрі жол ұзақтығы да се­беп болды. Оның үстіне, бұған дейін «Рахман қайнары» Балуш­киннің игілігінде болған. Кешелі-бері Балушкиннің мүлкі тәркі­ле­не­тіні туралы ақпарат БАҚ бет­те­рінде тарап жатыр. Ең алдымен, «Рахман қайнары» мемлекет мен­шігіне қайтарылар болса, елдегі ағайынның да бір уайымы азаяр еді. Қатонқарағай Тоғыз жыл бұрын барғаны­мызда демалыс орындары аз еді. Қазір көптеп салынып жатыр. Ел ішкі туризмге де бет бұра бастады деген сөз. Жергілікті жұрт тау ту­риз­мін де дамытуды қолға алған. Жыл сайын Қатонқарағайға келіп, демалушылар саны өсіп келеді. Бұл бір жағынан аймақтың инфоқұры­лы­мының дамуына да септігін тигізбек. Қазақстандықтардан бө­лек, алыс-жақын шетелдерден де демалуға келіп жатқандар көп. Қы­мызын ішіп, таудың саф ауа­сы­мен тыныстап, асау Бұқтырманың жағасында демалып, ем алып қайтатындар саны артып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын археолог-ғалым, профессор Зей­нолла Самашев бастаған топ, қазба жұмыстарын жүргізіп, Берелден «Алтын адамды» тапқан еді. Мұнда әлі де зерттелмеген, қазылмаған құнды жәдігерлер бар. «Патшалар алаңына» айналған қорымда бү­гінде ашық аспан астындағы музей ашылған. Ол музейдегі дүниелерді сөзбен айту мүмкін емес, көзбен көру керек... P.S. «Алтайдың етегінен ас­панға қарасаң, көк тұңғиық көзіңді суырады. Алтайдың асуынан етекке қарасаң, боз мұнар көз жамы­ра­тады». Бұл – Орағаң, Қалихан аға, Дидаға, Әлібек Асқаров туған Төр Алтай, арысын айтса, Отыкен тура­лы суреттеме. Отыкенді Қалихан аға «таусылмайтын шексіз байлық, кен байлық» деп береді. «Жер жән­наты – Жетісу» ғана емес, жердің жәннат кіндігі – Қатон секілді. Бел­гілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұрт­бай: «Қазақстанда ең бірінші күн осын­да, яғни шығысқа, дәлірек айт­қанда, Қатонқарағайдағы Бүр­кітті тауына түседі» деген еді. Бүр­кіттіден басталған күніміз де сөн­бесін, байлығымыз да таусылмасын!

Нұр-Сұлтан – Қатонқарағай – Нұр-Сұлтан