Алматыда құны жарты миллиард теңге болатын контрабандалық темекі тәркіленді
Алматыда құны жарты миллиард теңге болатын контрабандалық темекі тәркіленді
Фото: independent-press.ru
Алматы облысының салық органы қызметкерлері құны 527,3 миллион теңге болатын контрабандалық темекі өнімін анықтады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Қаскелең қаласында Алматы-Бішкек трассасының 29-шақырымында орналасқан «Кристалл» қонақүйінде 925 мың қорап заңсыз темекі (18,5 миллион темекі тарту бірлігі) өнімі анықталды. Акциздік маркасы жоқ контрабандалық темекі өнімін тексеруге Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің және Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қатысты. Тексеру нәтижесі бойынша, барлық материалдар ҚК-нің 233-бабы бойынша Алматы облысы Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Төленбеген акциз шығын сомасы – 227,6 миллион теңге. Темекінің жалпы құны – 527,3 миллион теңге. Тауарға қатысты жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр.