75 шығарманы үзіліссіз орындайды
75 шығарманы үзіліссіз орындайды
168
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының әкім­дігі Мемлекеттік ака­демиялық филармо­ния­сының «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы 75 шығарманы үзі­ліссіз орындап, Қазақ­стан­ның Гиннесс рекорд­тар кітабына енуді жоспар­лап отыр. Филармонияның баспасөз қызметі мәлім ет­кендей, шара ұлттық өнер­ді насихаттау мақса­тын­да және Алтын Орда­ның 750 жылдық мерей­тойы қарсаңында өткізіле­ді. Өнер ұжымы 17 ақпанда «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында өнер көр­сетеді. «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы­ның көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек осындай концерттің ақпараттық-энциклопедиялық анық­тамалыққа лайық еке­нін айтты. Музыканттар шара бары­сында Қазақстанда алғаш рет non-stop режимінде музыкалық шығармаларды кідіріссіз, бір деммен ойнайды.
«Қорқыт» дәстүрлі саз тобы­ның құрамына қазақтың ха­лық аспаптарында (қобыз, қыл­қобыз, домбыра, сырнай, мүйіз сырнай, шаңқобыз, жеті­ген, шертер, дауылпаз, саз сырнай, бас домбыра, сыбызғы, су ағаш, тоқылдақ және т.б.) ойнай­тын талантты өнерпаздар жинал­ған. Ұжымның бірегейлігі – ондағы әрбір артистің бірнеше аспапты игеруі. Жастарды дәс­түрлі ән өнеріне баулу ар­тис­тердің жеке музыкалық сти­лін қалыптастыруға, іздеу­ге талпындырады. Ұжым репер­туа­рының негізін Шол­пан Қор­ған­бектің авторлық өң­де­уінен өткен қазақ фольклорының жан­рлары, яғни күй, жыр, тер­ме құрайды. Шеберлікпен өң­дел­ген халық музыкасы онда­ғы бейнелер мен сұлулықты ба­рынша суреттеп, жаңаша үн бе­реді.
«Қорқыт» дәстүрлі саз тобы шеберлігін үздіксіз арттыруға деген ұмтылысымен ерекше. Ұжым – айтулы республикалық және халықаралық музыкалық байқаулар мен фестивальдардың жеңімпазы. Топтың ұжым­дық шығармашылығы «Ға­сыр­­­лар үні» II өңіраралық фо­льк­­­лорлық-этнографиялық фес­­­тивалінде, «Шабыт» ХХ ха­лықа­ралық шығармашыл жастар фестивалінде, сондай-ақ «Көне Тараз күмбірі» І республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер фес­тивалінде жүлделі орын­дар­ды иеленіп келеді. Жақында ғана «Қорқыт» Катардың Доха қаласында өткен Cultural Diver­sity халықаралық фести­ва­лі­не қатысты.   Әбілмансұр ЖАСАН