Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы 75 шығарманы үзіліссіз орындап, Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр. Филармонияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, шара ұлттық өнерді насихаттау мақсатында және Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіледі. Өнер ұжымы 17 ақпанда «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында өнер көрсетеді. «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек осындай концерттің ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалыққа лайық екенін айтты. Музыканттар шара барысында Қазақстанда алғаш рет non-stop режимінде музыкалық шығармаларды кідіріссіз, бір деммен ойнайды.
«Қорқыт» дәстүрлі саз тобының құрамына қазақтың халық аспаптарында (қобыз, қылқобыз, домбыра, сырнай, мүйіз сырнай, шаңқобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, саз сырнай, бас домбыра, сыбызғы, су ағаш, тоқылдақ және т.б.) ойнайтын талантты өнерпаздар жиналған. Ұжымның бірегейлігі – ондағы әрбір артистің бірнеше аспапты игеруі. Жастарды дәстүрлі ән өнеріне баулу артистердің жеке музыкалық стилін қалыптастыруға, іздеуге талпындырады. Ұжым репертуарының негізін Шолпан Қорғанбектің авторлық өңдеуінен өткен қазақ фольклорының жанрлары, яғни күй, жыр, терме құрайды. Шеберлікпен өңделген халық музыкасы ондағы бейнелер мен сұлулықты барынша суреттеп, жаңаша үн береді.«Қорқыт» дәстүрлі саз тобы шеберлігін үздіксіз арттыруға деген ұмтылысымен ерекше. Ұжым – айтулы республикалық және халықаралық музыкалық байқаулар мен фестивальдардың жеңімпазы. Топтың ұжымдық шығармашылығы «Ғасырлар үні» II өңіраралық фольклорлық-этнографиялық фестивалінде, «Шабыт» ХХ халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде, сондай-ақ «Көне Тараз күмбірі» І республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер фестивалінде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Жақында ғана «Қорқыт» Катардың Доха қаласында өткен Cultural Diversity халықаралық фестиваліне қатысты. Әбілмансұр ЖАСАН