Каналдың құрылысы ұзаққа созылды

канал

Жамбылдық шаруалар тағы да шу шығарды. Бұл жолы диқандар сапасыз жүргізілген канал құрылысынан еңбегіміз еш кететін болды деп күйініп отыр. Олардың сөзіне сүйенсек, жоба бастапқыда дұрыс жасалмай, миллиардтаған қаржы желге ұшқан көрінеді.

Шаруалар неге шырылдайды?

«Жамбыл ауданындағы Раис каналының құрылысы сағызша созылып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Былтыр ағын судың тапшылығынан шығынға белшемізден баттық» деген 200-ге жуық шаруа жыл басында-ақ бас көтерген. Олардың базынасы орынсыз дей алмассың. Себебі 2019 жылы т­олықтай жөндеуден өткен каналдың қабыр­ғалары ай өтпей құлап қалған. Алғашқы ағыстың өзіне шыдас бермеген бетон қабыр­ғаларының біраз жері бүлініп, нәтижесінде диқандар тіршілік нәріне қол жеткізе алмаған. Ол аз десеңіз, бұрын ені төрт метр болған каналды жаңа сызбасы бойынша екі есеге қысқартқан. Салдарынан секундына 3 текше метр ағатын судың көлемі 1,8 текше метрге дейін азайған.

– Суға бір шаруа қожалығы үшін 1 мил­лион 300 мың теңге төледім. Былтыр 8 мил­лион теңге шығынымның су болмауынан тек 4-ақ миллионын қайтардым. Жоба қалай бол­са солай жасалған. Кейбір тұста канал қыр­ға қарай салынып кеткен. Бұл енді шаруа­ға жасалған қиянат, – дейді шаруа Нұрғазы Омарқұлов.

Ал «ҚазСуШар» РМК Жамбыл облыстық филиалының басшысы Қазбек Бедебаев бар кінәні мердігерге артып, олқылықты орнына келтіру арқылы 3 мың гектар жерді сумен қамтимыз деп уәде еткен. Алайда филиал бас­шысы уәдесін сол күйі ұмытқандай. Жа­қын­да 100-ге жуық шаруа Райс каналының бо­йына қайта жиналып, жауаптылардың өз мәселелеріне назар аударуын талап етті.

– Су сұрап, шағымымызды айтып жүр­гені­мізге үш жыл болды. Тіпті, ағайынмен су үшін таласатын күнге жеттік. Қазіргіге қарағанда бұрынғы канал жақсы еді. Алайда шенділер бүтіндейміз деп бүлдіріп отыр. Текке кеткен қаржы, – дейді шаруа Сайлау Әубәкіров.

Диқандардың айтуынша, каналдың мәселесі көтеріліп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Олар 1,7 шақырым канал­ға бөлінген 1 миллирд 800 мың теңгенің құмға сіңген судай құрдымға кеткеніне наразы.

Болашақтың каналы

Бұқараға басу айту үшін канал басына келген Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы бар мәселе жобада екенін айтты.

– 2020 жылы каналдың құрылысы аяқталуы керек болатын. Алайда жобадағы кемшіліктерге байланысты нысан өткен жылға өтпелі болды. Бірақ 2021 жылы да жоба аяқталмады. Оған жобалау жұмыстарындағы кемшіліктер себеп. Алайда 1 миллиард 800 мың теңгеге кеңестік кезеңдегідей кемі 50 жыл тұратын канал салынбақ. Сондықтан барлығын жіті тексеріп, барынша сапалы канал салуға көңіл бөліп жатырмыз, – дейді аудан әкімі.

Осылайша, болашақтың каналын салып жатырмыз деген аудан басшысы шаруалардың жағына шығып, каналды қоқыстан тазартуға 70 жігітті жұмылдырды.

Ал құрылысқа жауапты «Бурводстрой» серіктестігінің өкілі Асанхан Мамажанов бар кінәні суда өсетін балдырдан көріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Оның сөзіне сүйенсек, оларға суда балдыр өсуі мүмкіндігін ешкім ескертпеген көрінеді. Осылайша, өсімдікке өкпелі өкіл келер жылы сәуір айында құрылысты толықтай аяқтаймыз деп сендірді.
Алайда шаруалардың үш жылдан бері шырылдап жүргенін көріп, жоба жүрісінен жаңылып, көп тірлік көзбояушылыққа салынып жатыр деуге негіз бар секілді. Себебі билік бар мәселе жобада десе, серіктестік суда өсетін балдырды кінәлап күлкіге қалуда. Бұл іспен құзырлы мекемелер шындап айна­лысып, бір шешім шығаруы керек. Әйтпесе күнде ертеңге салған серіктестіктің сөзіне қарап, канал құрылысы келер жылдың сәуірін­де аяқталады дегенге сену қиын.

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.