Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров жайлы түсірілген көркем-деректі фильмнің тұсауы кесілді. Бір сағаттық туындыны алғаш болып Қарағанды академиясының курсанттары, болашақ тергеушілер тамашалады. Қоюшы режиссер Алексей Каменскийдің айтуынша, небәрі 23 жыл ғана өмір сүрген қазақ батыры жайлы дерек аз. Сондықтан фильм түсіру оңайға соқпапты. Сценарий Нұркен Әбдіровтің анасы Бағжанның күнделігі бойынша жазылған. Ал түсіру жұмыстары Ресей мен Қазақстанның бірнеше қаласында жүріпті. Туындыда Нұркен Әбдіровтің көзсіз ерлігі баяндалады. Алексей Каменский, фильм режиссері:
– Фильмді түсіру барысында біраз тың деректер таптық. Мәселен, соңғы шабуылда Нұркенмен бірге қаза тапқан атқыш Александр Комиссаровқа батыр атағы тек 20 жылдан кейін ғана берілгенін білеміз. Ал бұған Нұркеннің анасы Бағжан апай ықпал еткен екен. Ол атақты жазушы Михаил Шолоховтың үйінде қонақта болғанда баласының серігіне Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде өтініш айтып, кейін ол жүзеге асады. Фильмде бұл жайлы да айтылады.Айта кету керек, Нұркеннің 1942 жылғы 19 желтоқсанда жасаған соңғы көзсіз ерлігін Алексей Писанко былай еске алған екен. «Нұркеннің ұшағына оқ тиіп лапылдап жана бастағанда қанаттас досы Леша Писанко ұрыстан шығуын сұрап айғай салады. «...Нұркен Әбдіровтің оқ тиген ұшағы лапылдап жана бастады. Леша Писанко радиоэфир арқылы: «Ұрыстан шық, мен сені қорғаймын, өзіміздің шепке қарай бұрыл!» деп жанталаса айғайлады. Әбдіров өзінің отқа оранған ұшағын жанар-жағармай таситын машиналардың жанына шоғырланған неміс танкілеріне қарай бұрды. Жалындаған алты тонналық ұшақ жанар-жағармай құйылған цистернаға соғылды. Жойқын жарылыстан жер сілкінді. Кейіннен белгілі болғандай, Нұркен Әбдіров пен оның атқышы Александр Комиссаров қыршын өмірін қиып, жаудың 6 танкісін, 2 зеңбірегін, ондаған солдаты мен офицерінің көзін жойды. Бұл фильм Батырға деген тағзым болса керек! Ә.ЖҰМАН