Қостанай облысында жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, фельдшер көз жұмды
Қостанай облысында жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап,  фельдшер көз жұмды
© inbusiness.kz
793
оқылды
«Арқалық-Торғай» автожолында Жангелдин аудандық ауруханасының жедел жәрдем көлігі мен «Шевроле Нива» жеңіл автокөлігі соқтығысып, фельдшер көз жұмды, – деп хабарлады Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі.  Жол апаты кеше кешке 22.30 шамасында «Арқалық-Торғай» автожолында болған.
«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір  сараптама тағайындалған», делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, «Шевроле Нива» жүргізушісі дала жолымен жүріп келе жатып, маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбестен, екінші жолдан басты жолға шығып кеткен. Салдарынан Жангелдин орталық аудандық ауруханасының санитарлық арнайы автокөлігі – «УАЗ»-бен соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан «УАЗ» автокөлігінде болған фельдшер көз жұмды. Әйел алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды. Санитарлық арнайы көліктің жүргізушісі көптеген жарақат алған», деп толықтырды ведомстводан.
Жүргізілген сараптама барысында «Шерволе Нива» көлігінің 32 жастағы жүргізушісі мас күйде болғаны анықталды. Instagram желісінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы марқұмның отбасына көңіл айтты.
«Жангелдин аудандық ауруханасының медбикесі 1969 жылы туған Нұрсәуле Бүркітбайқызы Асқарова  ауруханада үзіліссіз жұмыс істеді. 33 жыл бұрын ол Арқалық медициналық колледжін бітіріп, осында жұмысқа келген. 1989 жылдан бастап «Жангелдин орталық ауруханасы» КМК түрлі бөлімшелерінде, соңғы жылдары емхананың медбикесі болып жұмыс істеді. Мейірімді, ақкөңіл жан еді. Әріптестері мен пациенттерінің есінде өз ісінің маманы болып қалды. Қайтыс болған әріптесіміздің отбасына шын ниетпен көңіл айтамыз», делінген хабарламада.