Алматыда көлік иелерін «дөңгелек сатамын» деп 15 миллион теңгеге алдап соққан алаяқ қолға түсті, – деді Polisia.kz сайты. Ер адам көлік иелеріне дөңгелектерді тек қана көтерме бағамен сататынын айтқан. Тікелей қоймадан арзан бағадағы дөңгелек алып беруге уәде берген. «30 жастағы Е. есімді азамат тауар төлемін алдын ала алған. 500 мыңнан 6 миллион теңгеге дейін «саудаласқан». Ер адам уәдесін орындамаған соң алданған 12 азамат полицияға арыз жазған. Іс ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тергеліп жатыр. Тергеудің қазіргі кезеңінде жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 15 миллион теңгеден асады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу қажеттілігін ескере отырып, Е. есімді ер адамнан зардап шеккендерді мына телефондар арқылы хабарласуларын сұраймыз: 8-700-300-99-96; 8-778-626-11-08», – деді Алатау аудандық ПБ бастығы Ілияс Өмірсеріков.