Қарағанды облысында сотталушы 11 адам ауыр дерт жұқтырды
Қарағанды облысында сотталушы 11 адам ауыр дерт жұқтырды
Фото: Интернеттен алынды
171
оқылды
Қарағанды облысында жазасын өтеп жатқан 11 адам иммун тапшылық вирусын жұқтырды. Қарағанды қаласына жақын орналасқан Долинка кентіндегі АК-159/20 абақтысында ауыр емес қылмыс жасаған жандар жазасын өтейді. Олар жақын маңдағы қалалар мен ауылдарда арнайы күзеттің қарауымен жұмысқа тартылған. Құқық қорға органдарының қатаң бақылауындағы азаматтар жазаларын өтеп жүріп ауыр сырқатқа шалдыққан. Қарағанды ЖИТС  орталығының мамандары бұл азаматтар есірткі пайдаланған деп мәлімдеді. – Бүгінгі таңда АИТВ жұқтырғандар – 11 адам. Барлығы жазасын өтеп жатқандар және жұмыспен қамтылғандар. Дерт түрменің ішінде жұқпаған, сырттан, яғни жұмыс орындарынан жұқтырған,-деді ЖИТС орталығының бөлім меңгерушісі Мария Нуртазина. Дәрігерлер жазасын өтеушілер бұл індетті бір күнде жұқтырмаған деген болжам айтты. Қарағанды облысының қылмыстық атқару жүйесінің департаментінің ақпаратынша «Қызметтік тергеу жүргізіліп, материалдар қылмыстық іс қозғау мақсатында Шахтинск қаласының полиция бөліміне тапсырылды. Қазіргі уақытта осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, оның нәтижелері оқиғаның себебін анықтайды». Құқық қорғаушылар жазаларын өтеп жатқандар мұқият бақылауда болу керек дейді. – Есірткіні қолданатын жұмысшылар қызметкерлердің бақылауында болуы керек. Біз мәселенің анығына жету үшін тұлғалардың аты-жөнін сұратты. Бірақ қылмыстық атқару жүйесі департаментіндегілер «дәрігерлдік құпия» деп қысқа қайырды. Біздің алаңдататыны – әрі қарай жұқпау үшін қандай шаралардың жасалғаны, – дейді адам құқықтары жөніндегі ұйымының ҚОФ директоры Юрий Гусаков. Полиция қызметкерлері аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал, жазаларын өтеп жатқан науқастар қазір  ЖИТС орталығында ем қабылдауда. Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы