Қарағанды облысында бір аптада газ-ауа қоспасы екі рет жарылып, тұншықтырғыш газбен уланған екі оқиға орын алды. Нәтижесінде 10 адам зардап шекті, екі адам қаза тапты. Сәтпаев қаласында газ балонының жарылу салдарынан бір адам көз жұмды. Оқыс жағдай шаһардағы «Әлия» мейрамханасының асханасында болды. Оқиға орнынан табылған тағы бір жапа шегуші түрлі дәрежедегі күйікпен ауруханаға жеткізілді. Төтенше жағдайлар бөлімшесіне қоңырау күндіз сағат 15:50–де келіп түскен. Қоғамдық орынның асханасында газ балонынан ұшқын шығып, 10 текше метр аумақ қызыл жалынға оранған. Ас үй жиһаздары мен жабдықтарының да күлі көкке ұшқан. Алдын ала болжамдар бойынша, тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау өрттің шығуына себеп болған. Өрт сөндірушілер сағат 15:53–те жалынды ауыздықтайды. 1989 жылы туылған қала тұрғыны 50% күйік алып, ауыр халде ауруханаға жатқызылды. Науқас II-III дәрежелі термиялық күйік алған.
– Алдын ала болжамдар бойынша, өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Осыған байланысты қазір мамандар зерттеу, зерделеу жұмыстарын атқарып жатыр, – деді ТЖД басқарма басшысының орынбасары Ербол Байғазиев.Осы тектес оқыс оқиға өткен аптада Теміртау қаласында да орын алды. Газ қондырғыларынан шыққан өртке жекеменшік иелерінің тиісті қауіпсіздік техникасын сақтамағаны себеп дейді мамандар. Төтенше жағдайлар мекемесі, мұндай қайғылы сәттерден, халықты сақ болуға шақырды.
– Газ балондарын көп қабатты үйлерде пайдалануға тыйым салынған. Сондай ақ жылыту құрылғыларынан 2 метр қашықтықта, оттан 5 метр қашықтықта сақтау керек, – деді Ербол Байғазиев.– Біз тағы бір мәрте облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі туралы еске салғымыз келеді. Біздің қызметкерлер қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында аулаларды аралап, ПИК өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіп, жадынамалар таратады. Жылу беру маусымы нағыз қызу кезеңі. Соңғы уақытта Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарында тұншықтырғыш газбен уланудың екі оқиғасы орын алды. Осы жағдайлардың бірінде үй иелері пештің ақаулы екенін, түтін мұржасында жарықтар бар екенін, түтін шығып жатқанын көрген, бірақ қауіпсіздік шараларын елемеген. Сондықтан біз облыс тұрғындарын пешпен жылыту кезеңінде қауіпсіздік ережелеріне мұқият назар аударғымыз келеді, пештердің дұрыстығын уақытында тексеріп, барлық жарықтарды бірден жауып, мұржаларды айына бір рет тазалауын сұраймыз. Улы газ көзге көрінбейді, түтін болмайды да көп жағдайда қайғылы жағдайға әкеп соғады. Арнайы сигнализаторды, тұншықтырғыш газ датчиктерін орнату өмірді құтқарып қалуға септігін тигізеді, – деді азаматтық қорғау саласындағы апаттар тәуекелдерін төмендету және бақылау басқармасының бастығы Андрей Моисеев. Жылыту маусымының басынан бастап ТЖД қызметкерлері тұрғын секторда 55000 астам рейд жүргізді. Жыл басынан бері облыста газ балонының жарылуы салдарынан екі өрт орын алған.
– «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңы бойынша газ баллондарын биіктігі 2 қабаттан асатын көп қабатты үйлерде пайдалануға тыйым салынған. Сондай-ақ мұндай баллондарды сатып алуды және құюды реттейтін ережелер бар. Атап айтқанда, оларға жанар-жағар май стансаларында құюға тыйым салынады. Автожанармай құю станциялары тек автокөліктерге ғана газ отынымен құюға арналған. Газ баллондарын сатып алған кезде оларды арнайы жылытуға болмайды, жылыту құралдарына дейінгі қашықтық кемінде екі метр болуы тиіс, – дейді Андрей Моисеев.Басты ереже – газ құралдарын қандай да бір ақаулықтар болған кезде пайдалануға болмайды. Газ жабдығы дұрыс жұмыс істемеген жағдайда мамандарға жүгіну қажет. Ақауды өз бетінше жою өте қауіпті. Газ баллондары мен газ жабдықтарын тек осы өнімді өткізуге сертификаттары бар мамандандырылған ұйымдарда ғана сатып алған жөн. Газ баллондарын ауыстыру кезінде отты немесе электр құралдарын қолдануға үзілді-кесілді тыйым салынғанын әрдайым есте сақтау қажет деді мамандар. Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы