Маған министрдің креслосы керек емес – Арман Абдрасилов
Маған министрдің креслосы керек емес – Арман Абдрасилов
723
оқылды
«Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингінің директоры Арман Абдрасилов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің холдингті тарату туралы шешімінен соң, осындай пікір білдірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Ол алдымен соңғы кездері әлеуметтік желілерде өткен аптада болған бірқатар оқиғаға  байланысты өзі мен Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге қатысты бірқатар жазбаның толқынын байқағанын атап өткен. Нақтылай айтқанда, Мусиннің «Зерде» холдингін реформалау туралы ұсыныстары мен министрдің бастамасын түбегейлі сынаған қызметкерлердің Мемлекет басшысының атына жолдаған хаты резонанс тудырды.
«Меніңше, желіде реакция ретінде пайда болған жазбалар мен пікірлердің мазмұнында көптеген қолданушы министрді белсенді түрде қорғап, маған және менімен пікірлестерге қарсылық білдіруде және осы ұстаным негізінен басым. Бірақ қазір жұртшылыққа мынаны айтқым келеді: мен ешқашан саясаткер немесе мемлекеттік қызметші болған емеспін. «Зерде» холдингіне қызметке келгенге дейін мен бизнеспен айналыстым және Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығында (КТЗО) ашық нарықта жұмыс істедім. Осы қызметтің аясында Қазақстанның киберқалқаны тұжырымдамасын әзірлеуге сарапшы ретінде қатыстым. Бірде Электронды үкімет жұмысындағы КТЗО-да анықтаған кемшіліктерге пікірімді ескерген Бағдат Мусиннің өзі цифрлық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласындағы тәжірибемді көшіру үшін маған «Зердеге» басшылық етуді ұсынды», - дейді Арман Абдрасилов.
Былайша айтқанда, министр жазба иесіне «Егер сіз кемшіліктерді тапсаңыз және қалай сапалы жұмыс істеуге болатынын білсеңіз, оны дәлелдеңіз және Қазақстандағы цифрландыру процесін тездетуге көмектесіңіз» деген.
«Бұл мен үшін азаматтық сынақ болды және мен одан бас тарта алмадым. Сондықтан мен сіздердің назарларыңызды мынау нәрсеге баса аударғым келеді, мен ешқашан кәсіби деңгейде де, ақпарат саласында да ешкіммен бәсекелесуді қаламаймын және бұл жайында ойлаған да емеспін. Әсіресе, министр Бағдат Мусинмен, ол негізінен мемлекеттік басқарушы. Мен әрқашан өз жұмысын сапалы орындауға тырысатын IT индустрияның сарапшысы болдым және солай болып қала беремін», - деп түсіндірді холдинг жетекшісі.
Ол өзінің өмірлік ұстанымы, мақсаты және миссиясы – ешкіммен саяси ойын ойнамай, қазақстандық IT индустрияны дамытуға лайықты үлес қосу екенін жеткізеді.
«Иә, мен достарымды министрдің орнына айырбастамаймын. Маған бұл орынтақ керек емес. Сондықтан «Абдрасилов министр Мусиннің креслосына отырғысы келетін құбыжық» деген тезиске күш-қуатымызды, маңдай терімізді, басқа да ресурстарымызды жұмсамай-ақ қояйық», - дейді ол жазбасында.
Арман Абдрасилов БАҚ өкілдеріне де осыны ескертеді. Сонымен қатар өзінің telegram аккаунтына сілтеме жасап, онда жазуға және қоңырау шалуға болатынын атап өткен.
«Зерде» холдингінің қызметіне қатысты сұрақтарыңыз болса, бізге өзіңізге ыңғайлы форматта хабарласыңыз. Мен қарым-қатынасқа ашықпын және сізді қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап беремін», - деген жазба иесі.