Әлем чемпионатында топ жарған кениялық спортшының қанша сыйақы алатыны белгілі болды
Әлем чемпионатында топ жарған кениялық спортшының қанша сыйақы алатыны белгілі болды
Фото: Facebook
АҚШ-тың Юджин қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғаған кениялық легионер   топ жарды. 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден бақ сынаған спортшының бұл жеңісі үшін қанша сыйақы алатыны белгілі болды, - деп хабарлайды Ulysmedia.kz Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (World Athletics) әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы сыйақы бекіткен. Ресми мәлімет бойынша, әлем біріншілігінің алтын жүлдесі үшін Нора Джерутоға 70 мың АҚШ доллары (33 миллион теңге) беріледі.
Одан бөлек, федерация мен демеушілер тарапынан да чемпионға қомақты қаражат ұсынылатыны анық. Отандық жеңіл атлетика федерациясының бұрынғы атқарушы директоры Алексей Кондраттың айтуынша, Қазақстанда әлем біріншілігінің чемпионына 20 мың доллар көлемінде сыйақы берілуі мүмкін.
“Әрине, Уимблдонда топ жарған Елена Рыбакинаға қарағанда, Нораның табысы әлдеқайда аздау. Себебі жеңіл атлетикада теннистегідей көп ақша берілмейді. Жеңімпаздарға арнайы бекітілген әлемдік федерацияның сыйақысы бар. Қазақстан тарапынан жеңімпазға 20 мың доллар көлемінде сыйақы ұсынылуы мүмкін”, – деді Кондрат.
Еске сала кетейік, Нора Джеруто Кения тумасы. Ол 22 жасында Қазақстан азаматтығын алып, төрт маусым бойы ірі халықаралық жарыстарға қатыса алған жоқ. Оның ішінде 2021 жылы өткен Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары да бар. Джеруто Қазақстан атынан ресми жарыстарға 2022 жылдың қаңтарынан бастап шыға бастады. Нора беделді “Гауһар лигасы” турнирінің алты кезеңінде жеңіске жеткен. Сондай-ақ ол Кения құрамасының сапында жастар арасындағы әлем чемпионы атанып, ересектер арасындағы Африка кубогын  иеленген.