Лицензиялау тәртіпке шақырады
Лицензиялау тәртіпке шақырады
705
оқылды
Қазақстан балабақшаларды лицензиялауға көшеді. Нәтижесінде, лицензиясы жоқ балабақшалар жаппай жабылады. Кезінде «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекет балдырғандарды мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен 100 пайыз қамтуға ден қойды да, бүкіл шектеуді жойып, бизнеске мол мүмкіндік берілді. Оның ақыры жақсы болмапты: балабақшаларға бармайтын балақайлар бәрібір көп. Сонымен бірге сала былыққа батқан, дау-жанжалдан басы арылмаған. Жаңа реформа нені көздейді, қайда апарады?

Шымшу – тәрбиенің жаңа тәсілі

Балабақша ата-аналар бүлдір­шіндерін сеніп тапсырып, алаң­сыз жұмыс істеуіне мүмкіндік бе­ретін мекеме. Алайда бұл ұйым­дар жыл өткен сайын қауіпті бо­лып барады. Олар бейнекамера­лар­мен толық жабдықталмаған, осыны пайда­ланып, тұрмыстан түңілген тәр­биешілер бар ашуын балалардан алатын болды. Қара­ғандыда бауыр еті баласының беті күп болып ісіп кеткенін көріп шошынып, ақыры әділдік сұраған анаға балабақша басшылығы: «Оның өзі жүгіріп жүріп, үстелдің қырына құлаған» деп, міз бақ­паған. Өзге балалар ата-аналарына бүлдіршінді тәр­биеші итерді дегенді айтыпты. «Баланың ісі шала» деп үстірт қа­райтын қо­ғамда бала-шағаға кім сенсін, құ­зырлы органдар шағым­ды қа­был­дамаған. Бейнеба­қы­лаусыз әлденені дәлелдеу қиын. Тараз қаласының тұрғыны Ай­зат екі перзентін Сүлейменов кө­шесіндегі көпқабатты тұрғын үйде орналасқан балабақшаға бе­реді. Басқаларында орын болмаған. Енді ондағы жөнсіздіктерден тік­сініп, жаға ұстап отыр. Балаларды рұқсат етілген саннан артық қа­былдаған. «Бала көп болуына байланыс­ты оларға төсек жетпейді. Бала­лардың кейбірі жерде ұйықтайды. Екіншіден, балабақша асхана­сының еденіне кафель төселген екен, ол бір жағынан табаннан сыз өткізеді. Екінші жағынан тайғанақ. Жалақы аз болғандықтан тәр­бие­шілер де, тәрбиешінің көмекшісі де тұрақтамайды, апта сайын ауы­сады. Содан болса керек, олар өз жұмыстарына жүрдім-бардым қа­райды. Үшіншіден, балаларды ұра­тын тәрбиешілер бар. 4 жасар қызым өзін тәрбиешісінің шым­шитынын айтты», – дейді ана. Оның айтуынша, балабақша бейнебақылау камерасымен жаб­дықталған. Алайда оның жазбала­рын басшысы ата-аналарға көрсет­пейді, ондай талап заңда жоқ деп бет қаратпайды. Айзаттың мәлі­метінше, балабақшаның сани­тар­лық норманы сақтамауынан бүл­діршіндер көп ауырады. «Бөбектерге арналған «Құ­лыншақ» тобындағы балам жара­қаттанды. Ол терезеге мініп, құла­ды деп отыр. Шынымен солай болса, неге дереу маған қоңырау со­ғып, ескертпеген? Алғашқы ме­ди­циналық көмек көрсетілмеген. Балабақша әкімшілігіне бардым, ол ескерту жасаумен шектелген. Өзге ата-аналар да көп арызданды, бірақ құзырлы органдар тексеру жүргізбейді. Амалсыздан балала­рын алып кетті. Адал ақшамызды уақытылы төлеп, балаларымыз бі­лім алсын деп сеніп тапсырып отырған балабақшаның заңсыз­дықтарына қашанғы шыдап жү­руіміз керек?», – дейді Тараз тұрғыны. Білім саласында сапаны қам­тамасыз етудің облыстық департа­менті басшысының ұйымдасты­руымен Тараз қаласы білім бөлі­мінің басшылығы аталған бала­бақша меңгерушісімен кездесу өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстарын жүргізіпті. Сонымен тынған. Мұндай сорақы деректерді барлық өңірде табуға болады.

Қоғам талап еткен шара

Өткен аптада Үкіметтің кеңей­тілген отырысында салада қорда­ланған мәселеге Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тоқталды. «Жекеменшік бала­бақшалардағы балаларды ұрып-соғу деректері» Президентке же­тіпті. Сонымен қатар ол жұмыс істемейтін балабақшаларға бюд­жеттен қаржы бөлу оқиғалары кө­бейіп кеткенін мәлімдеді. Мұ­ның бәрі олардың қызметінде ашық­тық жоқтығын және саланы былық жайлағанын, жауапкер­ші­ліктен жұрдай екенін көрсетеді. Қ.Тоқаев мектепке дейінгі бі­лім беру жүйесі қоғам талабына сай келмейтінін қадап айтты. Бұл – «2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтатудың» кесірі. Бірақ мемлекет бұл қадамға амалсыздан барыпты. Өйткені мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамту керек болды. Бұл ретте жеке сектордың әлеуетін пай­далану маңызды еді. Сондықтан балабақша ашамын деген кәсіпкердің ешқайсысының қолын қақпады, бақылаушы орган­дардың оларға тексеріспен баруына тосқауыл қойылды. Яғни, міндет-жоспарды орындау үшін шенеу­ніктер кәсіпкерлердің талаптарды бұзуына жол берген. Соған қара­мастан, бәрібір 100 пайыздық ме­жеге мемлекет жете алмады: бүгін­де 2-6 жас аралығындағы бала­лардың 88 пайыздайы ғана бала­бақшамен қамтылған. Елдегі де­мографиялық дүмпуге байланысты балабақшаның бетін көрмей өсетін бүлдіршіндердің саны артты. Бұл ретте Үкімет балабақшаларды ли­цензиялауға қайта оралуға мәжбүр. Әйтпесе, жас ұрпақтың бір бөлігі балабақшада мүгедек болып қалуы, дертке шалдығуы, жаппай улануы, өмір-бақиға жан-жүрегіне, түйсік-санасына психологиялық жарақат түсуі ықтимал. Осы қадамды Мем­лекет басшысы қолдады. – Енді балабақшаларда қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Себебі, басты мақсат – ­бала­лардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттері соңғы 3 жылда мыңдаған ша­ғым­ның түскеніне қарамастан, оның тек 140-ы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізе алған. Нәти­жесінде, 96 әкімшілік іс қозғалды, 1 125 АЕК сомасында 60 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар осы кезеңде балабақшаларға 205 профилактикалық бақылау іс-шарасы жүргізілген: 205 әкімшілік іс қозғалды, 1 470 АЕК сомасында 113 әкімшілік айыппұл салынды. Балаларды ұрып-соғудың ре­зонанс тудырған оқиғалары же­терлік: балабақша педагогтерінің қол жұмсауының – 7 фактісі, педа­гог кінәсінен болған жазатайым оқиғалардың – 2, тамақтандыруды ұйымдастыруда санитарлық ере­желер бұзылуының – 6, өзге нор­малардың бұзылуының – 20 фактісі белгілі болды.

Тәрбиешілер арасында техниктер көп

Салаға жауапты министрлік­тің хабарлауынша, жаңа лицензиялау талаптары жоғары болады. Сон­дықтан кәсіпкерлерге оған дайын­далуға, инвестиция салуына, жете жабдықтауына, білікті педагог-тәрбиеші жалдауына уақыт бе­ріледі. Тиісінше, балабақшаларды лицензиялау 2024 жылдан бастап енгізіледі. Қазіргі кезде сала хабарлама беру тәртібімен жұмыс істейді, яғни кез келген адам мектепке дейінгі ұйымды ашқаны жөнінде білім басқармасына хат-хабарлама жолдай салады. Бұл статистика жүргізу үшін жарайды. Ал бала­лардың қалай тәрбиеленетініне бизнесмен де, шенеуніктер де бас қатырмайды. Балалар ақша табу көзіне айналған. «Балаларды балабақшалармен қамтуды ұлғайту, балабақшалардағы орын тапшылығын қысқарту үшін мемлекет бизнес-құрылымдарды қолдау шараларын қабылдады. Оның аясында Денсаулық сақтау министрлігі жаңа Санитарлық ережелерді бекітіп, балабақшаларда балаларға күтім жасау жағдай­ла­рына қойылатын талаптарды жұм­сартты. Бұған қоса, 2011 жылы мек­тепке дейінгі білім беруді лицензиялау жойылды», – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі. Айтқандай, Қазақстанда мек­тепке дейінгі білім беру сапасының нашарлағанынан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) алаңдаушылық білдірді. «Early Childhood Education and Care Policy Review in Kazakhstan» атты шолуында ұйым Қазақстан Үкі­метіне дамыған елдердің озық тә­жірибесін басшылыққа алып, жас­өскіндерге ерте білім беру сапасын күшейтуге кеңес берді. Себебі, балабақшаларда талап­тар­дың орындалуын олар ашылмай тұрып, қамтамасыз ету қажет. Со­дан кейін ол талаптардың сақта­луына уақытылы, лайықты, ұдайы бақылау жасау шарт. Қазақстанда мұның бірі де жоқ. Осыған орай ЭЫДҰ Қазақстанға мектепке дейінгі білім сапасын қамтамасыз етудің пәрменді тетіктерін түзуді ұсынды. Ондай тетік ретінде лицен­зиялау қалпына келтірілмек. Оның аясында мемлекет балабақ­ша­лар­дың біліктілік талаптарына сай­лығына, санитарлық ережелерді сақтауына бақылау жүргізеді. Та­лапқа толық сәйкес келетініне ли­цензия береді. Қалғаны не жұ­мы­сын жетілдіреді, не жабылады. Мұның сыртында уәкілетті орган дүркін-дүркін профилактикалық және жоспардан тыс тексерулер жүргізбек. Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым сапасын қам­тамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенованың айтуынша, лицензиялауды қайта енгізбес бұрын министрлік қолданыстағы заңнаманы өзгертеді. «Алаңдауға негіз жоқ деп са­наймыз. Лицензиялау 2024 жылы басталып, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алдымен жаңа балабақ­ша­лар, содан кейін мемлекеттік аттес­тациядан 2 рет өте алмағандар, шағым түскен, тәуекел тобындағы мекемелер, содан соң ғана қалғаны тексеріледі. Лицензиялануы үшін біліктілік талаптарынан өтеді», – деді комитет төрағасы. Ол мемлекеттің жекеменшік балабақшаларды жаппай жабу ниеті жоғын, бірақ тек негізгі бі­ліктілік талаптарына толық сай келетін мекемелер ғана кедергісіз жұмысын жалғастыратынын нықтады. Лицензиялауды енгізу кезінде біліктілік талаптары бекітілетін болады, соған сәйкес педагогтердің біліміне, сондай-ақ жоғары және бірінші санатты педагогтардың үлесіне қатысты талаптар белгіле­неді. Әйтпесе, жоғары және бірінші санатты педагогтер үлесі Алматы облысындағы балабақшаларда – 17,8 пайызды, Түркістан облы­сында – бар-жоғы 11,5 пайызды құрайды. Ең қызығы, мектепке дейінгі тәрбиелеумен ұстаздар емес, тех­никалық мамандар айналысып жүрген көрінеді. Ұлттық білім беру деректер базасының (ҰБДБ) мәліметінше, балабақшалардағы педагог-тәрбиешілердің жалпы саны – 97 209. Алайда оның 62 802-сі немесе 64,6%-ы ғана жоғары бі­лімге ие. Бәрі педагог аталғаны­мен, арасында небары 29 707-сі (29,9%) ғана бейінді мамандыққа – мектепке дейінгі тәрбие беруге оқыған. Ал 31 952 педагог-тәрбие­шінің немесе 32,8%-ының техни­калық және кәсіптік білімі бар. Тағы 2 455-і немесе 2,5%-ы – тек мектеп бітірген. Қазақстанда балабақшалар­дың 25,5%-ы ғана спорт алаңқай­ларымен жабдықталған. 3 063-інде (29%) бей­небақылау жүйелері жоқ. 5 812-сінде ғана (55%) сыртқы және ішкі бейнебақылау қатар жүр­гі­зіледі, қалғандарында не сыртқы немесе ішкі бақылау ғана жолға қойылған. Тере берсе, бы­лығы же­терлік. Билік оның бәрін лицен­зиялау арқылы шешуге ты­рысады. Тек балабақшалар жаппай жа­былып, балақайлар далада қал­маса болғаны.