Үш құндылық ұмыт қалмасын!
Үш құндылық ұмыт қалмасын!
978
оқылды
«AMANAT» партиясының Ор­талық аппаратында «Жастар Рухы» жастар қанаты іске қосқан BIR TOLQYNDA диалог алаңының оты­рысы өтті. Сарапшылар Жаңа Қа­зақстан жас­тары үшін үш басым­дық саналатын білімге ұмтылу, ең­бексүйгіштік және патриотизм тақырыптарын талқылады. Диалог алаңының отырысы­на қа­тыс­қан «AMANAT» партия­сы­­ның Хат­шысы Дәулет Кәрібек жастар әрдайым оң өзгерістер­дің сенімді серігі саналаты­нын атап өтті. «Президент ел жастарына ар­наған үндеуінде өскелең ұр­пақ­тың басты құн­дылығы ең­бек­сүйгіштік, терең білім, отан­шыл­дық болуы тиіс екеніне ерекше тоқталды. Елді көзі ашық, көкі­регі ояу азаматтар алға бастайды. Аянбай еңбек етіп, адал табыс табатын әрбір адам қоғам, мем­лекет дамуына үлес қосады. Бұл – ақиқат. Осы құндылықтарды жас буынның бойына сіңіріп, олардың жаңа трендіне айнал­дыру мақсатында ертең­нен бас­тап еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі жобаларды жүзеге асыра­мыз. Диалог алаңдарын ұйым­дас­тырамыз», – деді Дәулет Кәрібек. Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық ғылымды дә­ріптеу осы күннің өзекті міндеті саналатынын атап өтті. «Президент өз үндеуінде бі­лімге де­ген ұмтылыс туралы айта келіп, бола­шақ­тың кілті цифр­лық технология мен ин­новацияда екенін жеткізді. Сондық­тан ғы­лымды жастар үшін тартымды ету, ал ғылыми қызметті биік ман­сапқа бастайтын трамплинге айналдыру аса маңызды», – деп атап өтті министр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы фракция­сының мүшесі Юлия Кучинская­ның айтуынша, өмірдің барлық саласы терең трансформациядан өтіп жатқан дәуірде іргелі құн­ды­лықтар аса маңызды орын алады. «Бұл туралы Мемлекет бас­шысы өзі­нің бейнеүндеуінде де айтқан бола­тын. Патриотизм – бұл адамның ар­қауы, оның өзін-өзі тануы және әлемде өз орнын таба білуі. Білім мен еңбек­қор­лыққа ұмтылу – өз жоспарыңды жүзеге асыру мен жетістікке же­ту­дің негізі. Мемлекеттік сая­сат­тың бүгінгі міндеті – еліміздің қа­­лалары мен ауыл­дарында, өңір­лерінде тұрып жатқан жас­тардың жағдайы мен өмір сапа­сын­дағы сәйкессіз­діктерді азай­ту», – деп атап өтті депутат. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Даниловтың пікірінше, қазір патриот әрі бейжай қарауды біл­мейтін ұрпақтың уақыты келді. «Мен үшін патриотизм де­геніңіз – ұғынықты, бұлжы­майтын, ауқымы кең дүние. Болып жатқан жағдайға, мәселен әділетсіздіке немқұрайлы қара­мау деген сөз. Ал бейжай қарай алмау – өмір шындығына ай­налуы тиіс жастардың идеясы мен істері», – деді спикер. Кездесу модераторы «Жастар Рухы­ның» төрағасы Нұржан Жетпісбаев пар­тияның жастар қанаты Қазақстан­ның бола­шағына қатысты жауапкерші­лікті толық сезінетінін мәлімдеді. «Өзін-өзі тұрақты дамыту, білім алу­ға ұмтылу – қазіргі заман азаматы үшін аса қажет қасиеттер. Бүгінде өзгерістер өте жылдам жүріп жатыр. Сондықтан жаңа заман жастары әлеуметтік тұрғыда икемді болуы қажет. Яғни, қосымша білім алуға, жаңа мамандықты игеруге жылдам бейімделу маңызды. Ал «Жас­тар Рухы» еліміздің ең ірі жастар ұйымы ретінде өскелең ұрпақтың өзекті мәсе­лелерін шешу үшін бар күш-жігерін, әлеуетін жұм­сайды», – деді Нұржан Жетпісбаев. Талқылауға Парламент Мәжі­лісі­нің депутаттары, Үкімет мүшелері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйым­дарының өкілдері қатысты.