«Жастар рухының» жаңашыл жобалары

жастар

«AMANAT» партиясының баспасөз орталығында жастар қанатының мүшелері жуырда өткен кезектен тыс VI съездің қорытындысын шы­ға­рып, бірқатар жаңа жобаны ұсынды және алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жас­тар қанатын трансформациялаудың негізгі басымдықтары – патриотизм­ді, жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру және жастардың білім жолындағы әлеуетін арттыру.

«Ұйымымыздың трансформациясы съезд жұмысынан басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейнеүндеуінде атап өткендей, өз Отаны үшін қажетті және пайдалы болуға ұмтылу әрбір жас адамның мақсаты болуы тиіс. Біз жастар ортасында Жаңа Қазақстанның құндылықтары мен қағидаттарын қалыптастырып, орнықтыруымыз керек. «Жастар Рухы» 100 мыңнан астам жас қазақстандықты біріктіреді және Қазақстанды жаңғырту үшін біз ел жастарының зияткерлік, еңбек, шығармашы­лық және спорттық әлеуетін жұмылдыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Нұржан Жетпісбаев жастар қанатын кең ауқымды қайта жаңғыртуға бағытталатын бірқатар жаңа жобаны таныстырды. Жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыру үшін әскери бөлімшелердің гарнизондарында тұрақты негізде «Сарбаз болғым келеді» ашық есік күндері және Qaisar әскери-патриоттық ойындары өтеді.
Съезд делегаттарының ұсынысы бо­йынша тарихи құжаттар мен қазақ және ағылшын тілдеріндегі деректі фильмдер ұсынылатын Tarih бірыңғай цифрлық алаңын құру жоспарлануда. Барлық өңірде ашық пікір және идеялармен алмасу үшін Bir Tolqynda диалог алаңының отырысы өткізіледі.

Сонымен қатар бүгінде еріктілер қозғалысының танымалдығы күн сайын артып келеді. Сондықтан құрылып жатқан Волонтерлер академиясы әртүрлі бағыттағы еріктілерді бірыңғай алаңда жинауға мүмкіндік береді. Ал ауылдық жерлерде жастардың қарым-қабілетін кешенді түрде ашу мақсатында «Өрлеу» жобасы бастау алды. Қазірдің өзінде 1 мың білікті ментордан тұратын пул жасақталды.

Спикер жастардың мемлекетті басқару ісіне араласуын арттыру мәселесіне жеке тоқталды.

«Жастарды заңнамалық актілерді әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарына тұрақты түрде тарту, мемлекеттік және аймақтық даму бағдарламаларын, бюджетті жасауға, олардың орындалуын бақылауға қатысуы үшін жағдай жасау қажет», – деп атап өтті «Жастар Рухы» төрағасы.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев жас ұрпақтың рухын айқындауға тиіс моральдық-этикалық нормаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл – әділет, білім, адал еңбек, еркіндік және патриотизм.

«Осы құндылықтар жастардың бойына берік сіңуі қажет. «Жастар рухы» – мұқалмас, қайсар рух. Осы ізгі қасиеттерді бойда ұстаған жастар тарих көшін бастап, елімізді ілгерілеу мен дамудың даңғыл жолына шығарады. Сондықтан осы дүние­лер «АМАNАТ» партиясы жастар қанатының философиясы мен іс-әрекетін айқындайды. Біз осы принциптерді басшылыққа ала отырып трансформация бағдарламасын іске қосып жатырмыз. Жастар қанатына «Жастар Рухы» деген жаңа атау бердік. Ол біздің ішкі өзгерістерге ерекше ден қойғанымыздың көрсеткіші болмақ. Елмен бірге біз де өзгерудеміз. Біз Қазақстандағы барлық жастарды «Жастар Рухы» құндылықтары төңірегінде бірігуге шақырамыз», – деді депутат.

Бұдан соң Солтүстік Қазақстан облысы Озерное ауылының информатика пәні мұғалімі, блогер Асыл Ахметова сөз алды. Ол съезд барысында көшпенділер мұрасын насихаттау үшін 2024 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруды ұсынған еді.

«Біздің облыста биыл оқушыларға арналған жазғы лагерь өтіп, онда мен 1000-ға жуық баланы атқа мінуге үйреттім. Жасөспірімдер арасында ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізді насихаттау үшін бұл тәжірибені бүкіл еліміз бойынша осындай жазғы лагерьлерде кең көлемде өткізу қажет», – деді ол.

Еске сала кетейік, Ақмола облысының Зеренді ауылында өткен VI съездің ше­шімімен жастар қанатын трансформация­лаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, орталық кеңестің құрамы қоғамдық пікір­дің белсенді көшбасшыларын, ҮЕҰ өкілдерін және басқаларды тарту есебінен кеңейтілген болатын.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.