«Ғұмыры» келте JetIsu Hub
«Ғұмыры» келте JetIsu Hub
293
оқылды
Осыдан 3 жыл бұрын Алматы облысында өңірді былай қойғанда тұтас республикадағы бірден-бір JetIsu Hub технопаркі ашылған. Алайда жастардың IT саласындағы озық идеясын жүзеге асыруға мол мүмкіндік беріп, жол ашуды мақсат тұтқан бірегей орталықтың есігін қара құлып күзеткеніне біраз болды. Алаулатып-жалаулатып ашылып, соңында тірлігі өнбеген талай жобаның кебін киген технопаркте қазір кеңсе жиһазынан басқа ештеңе жоқ. Технопарктің ашылу салтанатында облыс­тың сол кездегі әкімі Амандық Батталов бұл орынды өңірдегі ІТ индустрияның бастауында тұрады деп үміт артқан. Тіпті, сол жолы өңір басшысы заман көшінен қалмау үшін Талдықорғанды SMART қалаға айнал­дырып, облыс орталығында интернет-колледж ашу туралы ойын да айтып қалған. Өкініштісі, зор сенім артылған технопарктегі тіршілік көп ұзамай тоқтап қалды. Аталған паркті ашуға жұмсалған 300 миллион теңге де құмға сіңген судың күйін кешкендей. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтың цифр­лан­уына мүмкіндік беретін технопаркте робо­тотехника, уоркшоп, 3D модельдеу және кванториум кабинеттері болған. Жастарды ақпараттық технологияның 8 бағытына баулып, Талдықорған тұрғын­дарына кәсіп­керліктің қыр-сырын үйретіп, заң мен бух­гал­терлік сала бо­йынша біліктілігін жетілдіру мүмкіндік­тері қарастырылған жобаның ғұмыры ұзаққа бармады. Аталған жобаның басы-қасында жүрген­дердің хабарлауынша, техно­паркке мемлекет қазынасынан қаржы жұмсалмаған. «2019 жылы жеке инвесторлар мен жеке компаниялардың қатысуымен Алматы облысында ІТ саласын дамыту жөнінде үлкен жиналыс өткізіліп, сонда бірнеше инвестор облыста осындай жо­баға қаржы салуға дайын екендіктерін білдірген. Сол кеңестен соң жүзеге асқан жобаның бірі – JetIsu Hub инновациялық орталығы. Мұндағы көрсе­тілетін қызмет­тер негізінен ақылы болғаны­мен, жұмыс істеген кезеңде балалар үйлерінде тәр­бие­ленушілерді, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын тегін оқып-үйретті. Облыстық әкімдік тарапынан қолдау ретінде тек қана ғимарат берілді. Жөндеу жұмыстары, ІТ паркті жабдықтау, іске қосу жеке инвесторлар қаржысына жүзеге асы­рылды. Ғимаратқа орналас­қандар комму­налдық және тағы басқа да қосалқы шығын­дарды төлеп отырды. Өкінішке қарай, 3 жылғы жұмыс бары­сында инвесторлар ешқандай пайда көрмеді, салған қаржы­лары­ның қай­тарымы болмады. Ақыры орталық жұмы­сын тоқтатты», – дейді Ақпараттық-тал­дамалық орталықтың директоры Мұхам­мед Қуанышұлы. Жергілікті биліктің ресми жауабы осын­дай болғанымен жастар технопарк­тің өн бойына қан жүгіргенін қалайды. – JetIsu Hub ашылған кезде біз сту­дент едік. Технопарктің ашылуына қатысып, жастарға жасалып отырған мүмкіндікке қатты қуанғанбыз. Алғашқы жылы жап-жақ­сы жұмыс істеді. Тіршілік қайнап жататын. Кейіннен барлығы саябырсып, тың бастама­лар көтерілмей қалды. Қазіргі кезде қалада қызмет істеймін. Орталықта үйренгендерім жұмыс барысында көп көмектесті. Жабылып қалғаны өкінішті. Мемлекет тарапынан қолдау болғанда, ІТ-парк жұмысы дамушы еді, – дейді ол. JetIsu Hub технопаркі туралы хабар дүйім жетісулықтарды қуантқанымен, бұл жобаның жүзеге асырылуы IT cалаға қызығатын жастарға жаңа мүмкіндік сыйлады. Десе де, оның ғұмырының қысқа болғаны қынжы­лтады. Кім біледі, қайта қос облысқа бөлініп, сан салада толайым тірлік қолға алынып жатқан сәтте «шаң басқан» технопарк те ұмыт қалмайтын шығар. Лайым солай боларына сенеміз.

Болат АБАҒАН