Биыл 20 шілдеде М. есімді азамат Жоғарғы Сот ғимаратының алдында үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртеуге оқталған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады. Оған қатысты «Ұсақ бұзақылық» (ӘҚБтК-нің 434-бабы1-бөлігі) бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. М.-нің түсініктемесі бойынша, ол Түркістан облысының бірінші сатылы сотында бүгінгі күні қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің ағасы екенін айтқан. Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот М.-ді ӘҚБтК-нің 434-бабы1-бөлігі бойынша құқықбұзушылық жасағанына кінәлі деп танып, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алды. Сот жазаны қоғамға теріс әсер ететін қасақана жасалған әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.