Уақыт машинасы сатылатын дүкен
Уақыт машинасы сатылатын дүкен
753
оқылды
Елорда­дағы Есенберлин кө­ше­сі­нің бойында ерек­ше бір дүкен бар. Дүкен емес, құдды уақыт порталы дерсің. Табалдырығын атта­ған­нан-ақ біздің әке-шеше­леріміз бен ата-әжелері­міздің жымиып отырып еске ала­тын жып-жылы естелік­терінің куәсі болған кеңес­тік дү­ние­лердің орта­сына топ ете қала­сың. Ә дегеннен көзім югославиялық сер­ванттың тұрақты тұрғынына айналған «Балық» сервизіне түсті. Мұндай ыдыстың еліміздегі әрбір екінші үйде болғанына бәс тігемін. Бірақ ешқайсымыз оның сервант­тан шыққанын көрмеппіз. Бұрыштағы сөреде Кеңес үкіметіндегі әкелердің сүйікті дүниелері топтасыпты: «Космос», «Астра», «Хихани», «Esquire» темекісі, «Балтийский» оде­колоны, «Точики Сафед» порт­вейні... Ал ано-о-оу айнаның жанын­­да білтешам тұр. Оны тіпті, біздер, 90-жыл­­дардың ұр­пағы да жақсы біле­міз. Бала кү­­ні­­мізде құ­дайдың құтты күні үйде жарық өш­кенде, бәріміз осындай білте­шам­ның маңайына жина­лып, әң­гіме-дүкен құра­тынбыз. Сон­дайда «жарық жиі өшсе екен» деп тілеуші едік. Дүкен Антиквариат дүкенінің иесі Руслан Кабазиев бұл жәдігерлерді Анатолий Петрович есімді азаматтан сатып алыпты.
«Ол кісі кезінде теңізфлотында әскери қызметін өтеген, нағыз Кеңес адамы бола­тын. Бұл дүкенді 2016 жылы ашқан. Кейін шетелге көшерінде осы заттардың бәріне ие болып қалар адам іздеді. Өзім бала күнім­нен бері тиындарды коллекциялаумен ай­налысамын. Көп ойланып жатпастан мен сатып алдым», – дейді ол.
дүкен Русланның айтуынша, антиквариат Қазақстанда Еуропадағыдай бағаланбайды. Сатып алушылардың көбі – туристер. Қалғандары мұнда әдетте ностальгия үшін бас сұғады.
«Бірақ соңғы жылдары интерьерде лофт стилі дамып келеді. Ол бойынша ескі заттарды бөлмеге жақсылап үйлес­тіріп қоюға болады. Сол мақсатта сувенир іздейтіндер де бар», – дейді дүкен иесі.
Руслан антиквариаттарды хабарлан­дырулардан іздеп табады екен. Дүкендегі ең қымбат зат – 1950 жылдарға дейін Орлов сағат зауытында шығарылған еденге қойы­латын механикалық алып сағат. Жәдігер өзінің дүрілдеп тұрған дәуірінде ком­мунистерге тиесілі болып, қалалық партия комитетінде «қызмет» етіпті. Қазіргі құны – 900 мың теңге. Дәл осы сәтте өзінің сол беделіне біздің көзімізді жеткізгісі кел­гендей, куранттың қоңыраулары салтанатты ырғақпен соғыла бастады: сағат тұп-тура он бір болыпты... Дүкен
– Винил тыңдағыңыз келе ме? – деді дүкен иесі.
«Меломан» сияқты дүкендерде саты­латын қытайлық заманауи радио­лаларды ғана тыңдап көрген мен ойда-жоқта мынадай тамаша мүмкіндіктің туғанына қуанып кеттім. Басымды изедім. Руслан қолындағы плас­тинканы бірінші класты «Rigonda» радио­ласына салды. Лев Лещен­ко­ның орын­дауындағы қоштасу туралы ән дүкеннің ішіндегі ретро-атмос­фераны одан әрі қоюлатып жіберді:
«Ты пом­нишь плыли в вышине И вдруг по­г­асли две звез­ды, Но лишь те­перь поня­тно мне, Что это были я и ты!» – Қараңыз! Бұл 1960 жылдары Рига­дағы По­пов атын­да­ғы радио­за­уытта жасал­ған. Мына жерін­де қай қалалардағы радио­тол­қындарды ұс­тай­тыны жа­зыл­­ған: Пра­га, Брюссель, Буда­пешт, Тбилиси, Алма­ты...
Дүкен иесі құрыл­ғының әр эле­ментін сон­шалықты энту­зиазм­мен түсіндіруге кірісті. Оның орнында Кеңес заманының куәгері болған кез келген адам дәл осындай күйді бастан кеше­тініне сендім. дүкен Бұдан соң ол «Ария» фирмасынан шыққан екінші радиоланы таныстырды. Винилдердің көптігі сонша – тұтас қабыр­ғаны алатын сөреде лық толып тұр. Көбі – Тина Тернер, Пол Маккартни, Элтон Джонс тәрізді әлемдік жұлдыздардың пластинкалары. Бұдан соң бала­ларға арналған тігін машинасын, теле­дидарға қосылатын ұзын құлақты антен­наны, юла ойыншығын қызықтадық. Айтпақшы, әрқайсысының сыртына Крыловтың бір-бір мысалы бейнеленген коллекциялық сіріңкелер жинағы да бар екен. Сөредегі заттарды шолып келе жатқан мен «Незнакомка» деген жазуы бар кішкентай қорапты қолыма алдым.  width=
– Бұл – иіссу, – деді Руслан. Аузын ашып, мұрныма тақап едім, қазіргі иіссулардың бірде-біріне ұқсамайтын таңсық жұпарды сездім. – Кеңес үкіметінің иісі ме? – деп күлді дүкен иесі.
Мұнда ХІХ ғасырдағы Самарқандта жасалған жез құман да бар болып шықты. Ананы ысқылап жіберсең, дәл қазір ішінен ертегілердегі жын шығып, үш тілегіңді сұрайтындай. Ескі кітаптар да көп. Дүкен иесі жақын­­да ғана Шолоховтың 1922 жылы шық­қан «Тихий Донын» сатқанын айт­ты. Бұл – кітаптың бірінші басылымы екен.
«Дүкеннің ішіндегі иіс көбіне кітап­тардан шығады. Негізі мұндағы заттарды тұрақты түрде тазалап, еденді хлормен жуып тұрамын. Әркімнен сатып алатын ескі дүние болған соң, күйе көбелек сияқты майда жәндіктер үйір келуі мүмкін», – дейді Руслан.
Мұндағы заттарды әртүрлі теле­бағдар­лама, тіпті кино-сериалдарға реквизит ретінде жиі жалға алатын көрінеді. Мысалы, «Менің тарихым», «Таң­шолпан» бағ­дарлама­ларының, әлеу­меттік бей­неролик­тердің, бірнеше тари­хи фильмнің тү­сірілімі­не осын­­­­дағы шаба­дандар, білте­шам­дар, Ленин­нің бюс­ты, теле­фон, Ахмет Бай­тұр­­сын­­ұлы­ның сти­лін­­дегі ви­н­таж көзіл­дірік пай­да­ланыл­­ған.
«Адамдар ескі зат­тардан қашады. Негативі бар деп сенеді. Ескі дүние­лермен қаншама жылдан бері айналысып келе жатқан адам ретін­де айтарым – олардың ешқандай жамандық шақы­ратын да, сәттілік әкелетін де қасиеті жоқ. Бәрін де адам­дардың өзі ойлап тауып алған. Бұл заттардың артында тарих қана бар», – деді дүкен иесі әңгімесінің соңында.
Антиквариатқа аңсарымызды ауды­ра­ты­ны да – сол тарихтың тылсымы сияқты.