Қант қызылшасына құнт керек
Қант қызылшасына құнт керек
551
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұрғанын айтты. Ол ішкі нарықтың тек 31 пайызын жаба алады. Ал қалған 70 пайызға жуығы сырттан тасымалданады. Сондай-ақ қант қызылшасы тұқымы нарығы да 95 пайыз импортқа тәуелді, мұнда отандық өнімнің үлесі бар болғаны – 5-ақ пайыз. Айта кетейік, әлемде қант нарығының жалпы көлемі 131 млн тоннаны құраса, соның 98 млн тоннасы қант құрағынан, 33 млн тоннасы қант қызылшасынан өндіріледі. Қант құрағынан өнім өндірушілердің алдыңғы қата­рында Бразилия, Үндістан, Қы­тай, АҚШ тұр. Ал қызылшадан қант өндіруде АҚШ, Германия, Франция, Ресей, Польша, Түркия және Украина көш басында.

Қызылша алқабы  ұлғайып келеді

Қазақстанда қант қызыл­ша­сын егу мен одан қант өндіру ісі кейінгі жылдары жанданып келе жатқанымен, ол әлі Кеңес ода­ғы кезіндегі деңгейге жете қойған жоқ. Республикада қант қызыл­шасын өсіру қарқын алған тұста стратегиялық дақыл 80 мың гек­тарға егілген екен. Әр гектарға шақ­қандағы өнімділігі орташа алғанда 270 центнерден айналған. Ал 1972 жылы қазақ диқандары әр гектардан 338 центнерден тәтті түбір жинап, мемлекетке 2 мил­лион 349,5 мың тонна өнім өт­кізген. Өкінішке қарай, тәуел­сіз­дік кезеңінде қант қызылшасы алқаптарының көлемі көп кеміп кетті. Мәселен, 2004-2014 жыл­дар аралығында ол 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін күрт қысқарды. Дегенмен, одан кейінгі жыл­дары қант қызылшасын өсіруге қайтадан ден қоя бастаған сияқты. 2015 жылы Алматы облысында оның көлемі 4 мың гектарға же­тіп, егістік алқабынан 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналған. Одан бөлек, көптен бері тоқтап тұрған Көксу, Ақсу қант зауыттары іске қосылды. Бұл жылдары егіннің түсімі де ерекше шықты. Тіпті кей диқандар әр гектардан 810 цент­нерге дейін өнім алған кез болды. Облыста 2021 жылы қант қызыл­шасы егістігінің аумағы 21 мың гектарға жетті. Әр гектардың шы­ғымдылығы орта есеппен 376 цент­нерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір жиналды. Қазір бұл өңірде жалпы 400-ден аса шаруа қант қы­зыл­шасын өсірумен айналысады. Сондай-ақ Жамбыл облы­сында да қант қызылшасы алқап­тары ұлғайып келеді. Рас, Ке­ңестер кезіндегі межеге жетпейді, ол уақытта бұл өңірде 42 мың гектардан астам жерге страте­гиялық дақылдың тұқымы себіл­ген. КСРО күйреуімен бірге тәтті түбір өсіру мәдениеті де құрдымға кетті. 2021 жылы облыста оның егістік алаңы 5,6 мың га болса, 2022 жылы 6,1 мың гектарға дейін артты. Өнімділік әр гектарына 310,9-ды құрап, 160,3 мың тонна қант қызылшасы алынды. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметінше, еліміз орта есеппен 500 мың тонна қант тұтынады. Ал оны қамтамасыз ету үшін жылына 4 млн тонна қант қызылшасын өндіруіміз қажет. Қазіргі кезде қанттың тек 31 па­йызы ғана бізде өндіріледі. Қалған 70 пайыздай тәтті құмшекер көрші елдерден жеткізіледі. Шаруашылықтар сұранысты өтей алмайды Қант қызылшасы алқапта­ры­ның азаюына себеп көп. Тұтастай алғанда бұл өндірістің шығыны аса жоғары және эконо­микалық тұрғыдан тиімсіз. Мә­селен, 1 гек­тар жерге қант қы­зылшасын себу үшін жұмсалатын шығын орта есеппен 500 мың теңге шама­сында. Ал жанар-жағармайдың, пестицидтердің, алқапты суа­ра­тын су бағасының жылдан-жылға қымбаттауы және өнімнің сатып алу бағасының керісінше тө­мендігі диқанның та­бысын мүл­дем мардымсыз ет­кен. Қант за­уыт­тарының диқан­нан қызыл­шаны сатып алу бағасы оны өсі­руге жұмсалатын шы­ғындарға сәйкес келмейді. 2021 жылы қант зауыттары мен мемлекет берген демеуқаржы есебінен бір келі қызылшаның құны 20 теңгеге жеткен. Ал биыл­дан бастап Үкімет шаруаларды қолдау мақсатында қант зауытта­рының сатып алу бағасын ұлғайт­ты: енді зауыт 15 теңге, ал мем­ле­кет субсидия ретінде 15 теңге тө­лейді. Осылайша, бір тонна қант қызылшасы үшін шаруалар енді 30 мың теңге алатын болады. Шаруасы шатқаяқтап тұрған сала үшін бұл да болса үлкен демеу екені анық. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма бас­шысы, ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының кандидаты Шолпан Бастаубаеваның айтуынша, қы­зылша шаруашылықтары қажетті техникамен жеткілікті деңгейде жабдықталмаған. «Бүгінгі күні қант қызылшасы саласының арнаулы ауылша­руа­шылық техникаларымен толық жарақтандырылмауы көкейтесті мәселеге айналып отыр. Ша­руашылықтарда жоғары дәлдікті пневмо тұқым сепкіш, әмбебап компактор, тегістеуші, дәрі сеп­кіш, егін оратын, жинайтын ке­шен жетіспейді. Ұсақ шаруа қожалықтарының лизинг арқылы техника алуға мүмкіндігі жоқ. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін егістікті аудандарда агросервистік орталықтар құ­рылды. Бұл орталықтар заманауи техникамен жарақтандырылған. Сол арқылы алқаптарға сервистік қызмет көрсетілді»,– дейді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу институ­тының басқарма басшысы Шол­пан Бастаубаева.

Тұқым өндірісі тұралаған

Одан бөлек, Қазақстанда қант қызылшасы тұқымның өндірісін де мүлдем дерлік жоғалтып алдық деуге болады. Ал мемлекет тара­пынан себілетін тұқымның са­пасына бақылаудың болмауының салдарынан егістік алқаптарына зиянкестер қаптап, өнім түрлі өсімдік ауруларына шалдығуы ықтимал. Қант қызылшасы тұқы­мын өңдейтін зауыттың жоқтығы және элиталық-тұқым шаруа­шы­лықтарының жетіспеуші­лі­гі­нен оны заманауи технологиямен өңдеуге мүмкіндік те жоқ. «Қазіргі кезде қант қызыл­шасы тұқымының фабрикалық репродукциясын шығарумен еш­кім айналыспайды. Осының сал­дарынан республикада әлі күнге дейін отандық селекция бу­дан­дары өндірісте пайдалануға жі­бе­рілгендігіне қарамастан, тұ­қым дайындау халықаралық стан­дартқа сай келмегендіктен айы­рықша сұранысқа ие емес немесе аз мөлшерде ғана қол­да­нылады»,– дейді Шолпан Бастаубаева. Оның айтуынша, респуб­ли­када қант қызылшасының 30 буданы өндіріске пайдалануға жіберілген, оның 23-і шетелдік өнім. Негізінен «Ардан Авантаж», «Роксан», «Дануб», «Венера», «Гримм», «Крокодил» және бас­қалары. Шетелден әкелінген тұ­қымдар арнайы зауыттарда өң­делген сапалы, өсімтал. Олар тамыр шірігіне де төзімді келеді. Алайда олар Қазақстанда та­мыртегі фузариозбен және кагат ауруымен жиі ауырады. Шетелдік тұқымның егу бірлігінің бағасы 32000-45000 теңге аралығында. Ал отандық будандар бағасы 10000-15000 теңге көлемінде. Бұл шетел­дік будандардың бағасы өзіміз­дікімен салыстырғанда 2-3 есе артық деген сөз. Сондай-ақ ылғал тапшылығы да егіншілердің қолын байлап тұр. Жалпы Қазақстанда, оның ішінде оңтүстік өңірлерінде ауыл ша­руашылығы дақылдарын суаруға су жетіспейтіндігі бұрыннан бар мәселе. «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» демек­ші, бұл да онсыз да халы мүшкіл салаға жұдырық болып тиюде.Бүгінде мемлекет қант сала­сын жандандыруға қомақты қар­жы бөліп отыр. Ауыл шаруа­шы­лығының вице-министрі Әбіл­хайыр Тамабектің айтуынша, биыл елде қант қызылшасы да­қылдарын егуді 60 мың га дейін көбейту жоспарланған. Фермер­лердің мәселелері мен ұсыныс­тарын назарға ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын жаңғырту жоспарын пысықтап жатыр. «Жаңа суармалы жерлерді іске қосу есебінен қант қызылша­сы­ның егіс алаңдарын кеңейту ар­қылы шикізат базасын 60 мың гек­тарға дейін ұлғайту жоспар­лан­ды. Ол үшін мемлекет қант сала­сын мемлекеттік реттеу және қол­дау шараларын күшейтеді. Сон­дай-ақ қант қызылшасын қай­та өңдеу бойынша қолда бар қуат­тар­ды техникалық және тех­нология­лық қайта жарақтандыру, қант за­уыттарын салу және жаң­ғырту жайы қарастырылып жа­тыр. Оған қоса, шаруашылықтарда егістік алқаптарын суаратын суды үнем­деу технологиясы енгізілетін бо­лады және тұқым шаруашы­лы­ғын да­мы­туға ерекше назар ау­да­ры­ла­ды»,– деді Әбілхайыр Тамабек Жамбыл және Жетісу ауданда­ры­ның ди­қан­дарын аралаған сапарында. Аталған шаралар осы саладағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге және отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға мүм­кіндік беретіні сөзсіз. Сондай-ақ республикада сырттан тасымал­данатын шетелдік сұрыптардан кем емес қант қызылшасы будан­дарын енгізу арқылы да өнімділік пен сапаны арттырып, қант өңдеу инфражүйесінің дамуына, өнім­нің өзіндік құнының кемуіне қол жеткізуге болады. Ал қант қы­зылшасы алқаптарын ұлғайту арқылы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түлік қауіпсіздігі нығая түспек.