Адам өмірін құтқарған жігіт
Адам өмірін құтқарған жігіт
Солтүстікқазақстандық полицей Руслан Акматов өз басын қатерге тіге оты­рып, өзгенің өмірін сақтап қалғаны үшін марапат­тал­ды. Ол көпірден секіріп, жа­рық дүниемен қош ай­тыспақ болған қызды құт­қарып қалды. Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның патрульдік полиция қызмет­кері Руслан Акматов кезекшілік барысында рацияға түскен ша­қырту бойынша оқиға орнына жет­кен кезде 25 метрлік көпірдің ұшар басындағы жақтауға шығып алған бойжеткенді байқайды. Оның өз өмірімен есеп айырыспақ болғанын бірден іші сезген Руслан Кубанычбекұлы қызды әңгімеге тарта бастайды. «Алдымен оны алдап-сула­мақ­шы болып, сөзге тарттым. Не үшін көпірге шыққанын, өмірінде сон­шалықты мұндай қадамға барар­лықтай қандай оқиға болғанын сұрадым. Ол «қазір секірем» деді. Мен бойжеткенге отбасы, ата-ана­сы, жақын туыстары бар екенін ай­тып, райынан тайдырмақшы бол­дым. Ол қатты ашуланып, мі­нез көрсете бастады. Іс насырға шап­қан соң оның көңілін аулауға тура келді, барынша тыныш­тан­ды­руға тырыстым. Бір кезде беті бері қараған қыз темекі сұрады. Мен спортпен шұғылданаты­ным­ды, салауатты өмір салтын ұста­натынымды айттым. Ол бір тұтам темекі тауып беруімді өтініп қой­мады. Әріптесімнен сұрап беруге уәде еттім. Шылымды алып, кө­пір­ге шыға бастағанымда бой­жет­кен «жақындама!» деп айқай сал­ды», – деп еске алады сол сәтті Рус­лан Акматов. Бірақ бойжет­кеннен айласын асырған полицей темекіні беру керегін алға тартып, көпірдің жақтауына дейін кө­те­рілген. Екеуінің арасындағы аз-кем әңгімеге дәнекер болған шы­лымды апарып берген кезде қыз­дың қолынан шап беріп, оның өмі­рін сақтап қалады. Осы ерлігі үшін оған іле-шала төтенше жағдай органдары ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісін табыс еткен болатын. Ал жуырда көптен күткен мемлекеттік мара­пат та өз иесін тапты. Полиция аға-лейтенантының омырауына «Ер­лігі үшін» медалі тағылды. Бұл ма­ра­пат­ты ержүрек жігітке Ішкі істер ми­нистрі, полиция генерал-лейте­нан­ты Марат Ахметжанов табыс етті.

ӨЗГЕЛЕРГЕ ӨНЕГЕ

«Мен үшін, менің отбасым, туыстарым мен әріптестерім үшін бұл – үлкен мақтаныш. Мемлекет­тік награда екінің біріне беріліп жатқан жоқ. Сондықтан кеудемді қуаныш кернеді, ме­нің сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еңбегімді бағалағандарға алғы­сым шексіз», – деп Руслан өз әсе­рін жеткізді. Оның ата-анасы да ұлдарының ерлігі еленгеніне риза. «Біз екі ұлы­мызға әрдайым жақсы тәрбие беруге тырыстық. Ешкімнің ала жібін аттамауға, барынша әділ бо­луға баулыдық. Русланның мара­паты – біздің бала тәрбиесіне сі­ңірген еңбегіміздің өтеуі іспеттес. Әри­не, қуаныштымыз», – деді батыр жігіттің ата-анасы Куба­ныч­бек пен Валентина. Ерлік жасаған қызметкеріне Петропавл қалалық Полиция бас­қармасы патрульдік полиция ба­тальоны командирінің мін­детін атқарушы Арман Айтеев барлық қырынан жақсы мінез­деме берді. «Руслан Солтүстік Қазақстан уни­верситеті жанын­дағы колледжді аяқтаған соң 2014 жылы полицияға қызметке орналасты. Өз еңбек­қор­лығының арқасында жұмыс істей жү­ріп, М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан универ­си­тетін тә­мамдап, жоғары білім алды. Спорт­пен шұғылданады. Өз жұмы­сына адал, достыққа берік. Қай қырынан алсақ та, өмір­де де, қыз­метте де, тек жақсы сипаттамаға ие. Оның ерлігі – басқа әріптес­те­рімізге үлгі», – деді Арман Сейіт­қасымұлы.

СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН

Бұл – өз мамандығы бойынша бір емес, бірнеше рет үздік деп та­ныл­­ған полиция қызметкерінің ал­­­­ғашқы ерлігі емес. 27 жастағы жі­­­гіттің өмірлік тәжірибесі өте бай: ол толғағы жеткен әйелдерді пе­рина­талдық орталыққа жедел әрі уақы­тылы жеткізіп, жолда сынып қалған талай көлікті сүйреген, қарт­тарды жолдан өткізіп, ұшты-күйлі жоғал­ған адамдарды іздес­кен. Па­трульдік полиция батальо­ны инс­пекторының қызметі бары­сын­да әр­түрлі тосын жағдайлар мен күт­пе­ген оқиғалар жиі кез­де­седі. Соның бә­ріне төтеп беріп, ұтымды әрі оң­тайлы жол тауып жүр­ген Руслан өз қыз­метін абы­роймен атқаруға спорт­тың тигізер көмегі көп деп санайды. Ол Петропавл қаласындағы №10 орта мектепте білім алып жүр­ген бала кезінде-ақ полиция қыз­меткері болуға бел байлаған екен. Сол сәттен бастап бокспен және қоян-қолтық ұрыспен шұ­ғылдана бастаған. Арманына адал тәртіп сақшысы спорттан әлі де қол үзбей келеді. Бүгінде ол спорт шеберіне кандидат, спорттық атудан бірінші разряды бар. Спорт­тан хабары бол­мағанда және тиі­сінше дене да­йындығы болмаған күнде көпірдегі оқиға немен аяқта­лары белгісіз еді. Руслан денешынықтыруға ғана емес, сонымен қатар кәсіптік даяр­лыққа да үлкен жауап­кер­ші­лікпен қарайды. «Біз қоғамдық тәртіпті қамта­масыз ететіндіктен, әрдайым адам­дарға көмектесуге әзірміз, қыз­ме­тімізді адал атқаруға тырысамыз. Полиция қызметкері үшін ең бас­тысы, менің ойымша, адал, әдепті болу, қызметтік міндеттерді абыроймен атқару және жай ғана қарапайым адам болып қалу», – дейді біздің кейіпкеріміз. Айта кетейік, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында ерлік жасап, «Ерлігі үшін» медалімен марапат­талған 8 тәртіп сақшысы қызмет атқарып жүр.