Кілт тоқтаған құрылыс
Кілт тоқтаған құрылыс
Түркістан облысындағы Шұбар ауылдық округіне қарасты үш ауылдың тұрғындарына арналған медициналық мекемелердің салынып жатқанына 3 жыл болған. Бүгінде сақалды құрылысқа айналған нысандардың пайдалануға берілуін Са­рытоғай, Жусансай және Аққойлы ауыл­дарының тұрғындары асыға күтіп жүр. Өкінішке қарай, мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік аясында құрылысы бас­талған нысандардың қабырғасы қала­нып, төбесі жабылған күйі қалып кеткен. Нысандар пайдалануға берілмей жатып, тозып барады. Тіпті, кейбіреуінің шаты­ры қатты дауылдан ұшып кеткен. Шатыры ұшып, қараусыз тұрған Ақ­қойлы ауылындағы фельдшерлік-аку­шерлік пункті бүгінде жанында салынып жатқан мектептегі құрылысшылардың «жатақханасына» айналыпты. Жұмыс­шылар осында түнеп, ас-ауқатын ішеді. Жетпісті алқымдаған ауыл тұрғыны Оңғар Қорғанбаев елді мекенге бір медпункттің керегін айтады. «Құрылыстың тоқтап қалу себебін білмейміз. Тәп-тәуір салынып жатқан нысан еді. Еңкейген қариядан, еңбек­те­ген балаға дейін ауырса 10-12 шақырым жерге шапқылайды. Мұнда жедел жәрдем шақырсақ, ол келгенше хал үстінде жатқандар бақилық болады», – дейді О.Қорғанбаев. 2019 жылы мұнда халықтың талабы ескеріліп, медпункттің құрылысы бас­талған екен. Үш ауылдағы медициналық нысанды салуды инвестор өз мойнына алған. Кейін ғимарат бітіп, пайдалануға берілген соң, мемлекеттік бағдарлама аясында оны толығымен мемлекет өз меншігіне алатын болған. Алайда ғи­мараттар тұрғызылып болған кезде мердігердің ісі сұйылып, соңында тіпті жұмыс мүлдем тоқтапты. Оны қадағалап жатқан пенде жоқ. Одан бері де ауыл әкімі бірнеше мәрте өзгерген. Сонымен, бұл мәселе де бауы табылғанымен бай­лауы табылмаған күйде тұр. Ал жиі-жиі денсаулығы сыр беріп, үнемі дәрі-дәрмек қолданып жүретін Сейілкүл Әбіш медициналық мекемеде есепте тұрады екен. Бүгінде кейуананың алған дәрісі таусылған. «Жас ұлғайған соң аурудың түрі көп. Аяқ сырқырап, бел қақсайды. Қан қысымым бар, соңғы жылдары оған қант диабеті қосылды. Әр­қайсысына деп 2-3 айда дәрі алып тұрамын. Енді міне, таусылып отыр. Шілің­гір шілдеде сол дәрі үшін орталыққа сабыламыз. Егер ауылда күндізгі стацио­нар болса, басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда орталыққа шабылмай осын­да-ақ емделер едік. Өзімізден бұрын не­мерелеріміз сырқаттанып қалғанда не амал жасарымызды білмей қаламыз. Же­дел жәрдем бір сағат дегенде келеді», – дейді Сейілкүл Әбіш. Ауыл тұрғындарының жанайқайына жергілікті билік те, жеке инвестор үн қат­паған. Осылайша, әрқайсысында 500-ден астам тұрғыны бар ауылдағы шағын ғана медициналық пункттің өзі зар болып тұр. Шұбар ауылы дәрігерлік амбулато­рия­сының бас дәрігері Күләндә Мырза­бай осынау медициналық мекемелер ертерек бітсе барлығына да жақсы бола­тынын айтады. «Аталған нысандарды кәсіпкер өз қаржысына салған. Бір жыл­да бітіріп береміз деген еді. 2019 жылы басталып, 2020 жылы карантин бастал­ғанда құрылыс тоқтап қалды. Сол күйі қалып кетті. Қазір үш ауылдың медици­налық қызметкерлері аядай бөлмеде отыр. Аудандағы денсаулық сақтау ісіне жауаптылардың айтуынша, құрылыс жоспарына түзету енгізіліп жатыр екен. Бұрынғы «Сабина Арыстан» фирма­сы­ның орнына қазір «ВИК» компаниясы алыпты. Енді түзету жұмыстары бітсе, құ­рылыс басталатын шығар деген үміт­теміз», – дейді ол. Облыстық қоғамдық денсаулық бас­қармасының бас маманы Қайрат Орал­баев мердігердің құрылысты тоқтатып қойғаны үшін сот алдында жауап бергенін айтады. Енді аталған нысандарды салуды басқа құрылыс компаниясы жүзеге асырмақ. «Мемлекет бір тиын да ақша бермейді. Жекеменшік компания нысанды 100 пайыз аяқтағанда қаржысын құямыз. Енді басқа фирма рұқсат алу жұмыстарын жүргізіп жатыр», – дейді Қайрат Жарқынбекұлы. Әрқайсысының құрылысы 107-124 млн теңге көлеміндегі қаржыны құрай­тын құрылыс жұмыстары әзірге қашан басталып, қашан аяқталатыны белгісіз. Ал әзірге үш ауылдың тұрғындары ме­дициналық көмек алу үшін бірнеше шақырым жерге қатынауын жалғастыра береді.