Аниме адастыра ма?
Аниме адастыра ма?
536
оқылды
Жасөспірімдер ара­сындағы суицидпен күрестің жаңа тәсілі қолға алынбақ. Бұл бойынша кәмелет жасқа толма­ғандардың әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалары тексеріледі. Солай балалардағы депрессия белгілерін танудың тың жобасын жоспарлап жатқандар бюджет ақшасын иннова­циялық түрде жұмсауды қолға алатын көрінеді. Яғни, жасанды интеллект белгілі бір тегтердің негізінде баланың депрес­сияға ұшырағанын анықтайды екен. Алайда жасөспірімдер суицидін әлеуметтік желіден іздеуден нәтиже шығуы неғайбыл. Себебі кейбір психологтардың айтуынша, анимациялық фильмге әуестіктің өзі-ақ өзін-өзі өлімге қиятындардың қатарын арттыруы мүмкін екен. Бұған дейін мектеп пси­хологтары мен психотерапевтерін оқытуға қаржы жұмсап, талай жұмыс атқарылғанмен, одан балалар арасындағы суицидтің азайғанын көрмедік. Керісінше, қазіргі балалардың жан-дүниесі тез жараланатын болды. Тіпті, былтырғы статистика кәмелетке толмағандар арасындағы суицид 21,5 пайызға өскенін көрсетті. Ендігі жерде жауапты шенділер әрбір оқушының постын аңдып отыруды ұйғарыпты. Елдегі миллиондаған баланың не жазып, не оқып жатқанын қалай ба­қылауға аларын кім білсін, бірақ бүгінде аниме көрмейтін бала аз. Көбісі фанфиктерде отырады. Бір қарағанда зияны жоқ бұл жапон мультфильмдері бірнеше топқа бөлінеді. Оның дені син­тоизм идеологиясының аясында жа­салғандықтан, онда реинкар­нацияға, өздері қалайтын әлемге, өлімге, өзіне-өзі жарақат істеуге қатты көңіл бөлінеді екен. Шын мәнінде, әлеуметтік-экономи­калық дамуы көш ілгері кеткен Жапония елі өзін-өзі өлімге қия­тындардың саны жағынан басқа елдерден қарағанда айтарлықтай алда. Шындығында, жасөспі­рім­дер арасында «өлім дәптеріне» айналған анимелерден зиян бар ма? Жақында әлеуметтік желідегі жазбалардың бірінде ой-өрісі толық жетіліп бітпеген балалар­дың суицидке баруының негізгі себебі – яой, хентай, манга се­кілді жапон мультфильм­дерінің әсерінен де болуы мүмкін екені айтылыпты. Желі қолда­ну­шысы жазған посттың астындағы ата-аналардың пікірі төбе шашты тік тұрғызады. Жазба авторы­ның айтуынша, яой жанры гей-анимелерді насихаттайтын кө­рінеді. Осы арқылы балалар го­мосексуалдық қатынастар ту­ра­­лы оқиды. Содан кейін олар әлеуметтік желілердегі яой жанрын­дағы анимелерді тал­қы­лайтын топтарға жазылып, ой-пікірлерін ортаға салады. Кейбір кездері осы тақырып бойынша фанфиктерді және тікелей гей-насихаты бар бейнені тамаша­лайды. Өмірдің құндылығы ту­ралы дұрыс ақпарат алып үл­гер­меген балалар осындай аниме­лерден қажетін іздейміз деп опық жеп жатыр. Кейбір ата-аналар өз балаларының сана-сезіміне ани­мелердің берген теріс әрекетін сипаттап, өз-өзіне қол жұмсаған­дарын жазады», – дейді жазба авторы.

Аниме көруге шектеу қойды

Жапонның «Өлім дәптері» деген танымал анимациялық туын­дысы бар. Он жылдан асса да, әлі де сұранысқа ие осы ани­мацияны көрген балалар жаппай қара дәптер сатып алып, беттерін өлім тілеген жандардың есімімен толтырғаны туралы да талай рет жазылған. Қытай бүгінде бұл се­риалды көруге тыйым салыпты. Ал былтыр Санкт-Петербор соты прокуратураның талап-арызы бойынша Ресейде төрт жапон анимациялық фильміне шектеу қойды. Кейінірек олардың тізімі тағы бірнеше анимацияға то­лықты. Мұндай шешім шығаруға, құқық қорғау ұйымдарының да­былы себеп болған. Өйткені ел ау­мағында болған бірнеше ба­лалар суицидінің артында анима­циялық фильмдердің салдары бар екені дәлелденген. Қайтыс болған балалардың барлығы жапон мульт­фильмдерінің жанкүйерлері болып шыққан көрінеді. Ал біз­дің елде ешқандай шектеу жоқ. Интернетте толық сериясы толып тұр, кез келген сату нүктесінде еркін саудаланады. Аниме – бұл басқа әлем ту­ралы қиял-ғажайып оқиғалардың желісінен жасалған дүние. Оны жасаушылар күрделі сюжеттерді, кескілескен шайқастар мен эро­тиканы көрсетуден тартынбай­ды. Барлығы емес, бірақ бұл се­рия­лардың көпшілігі ересектерге ар­налған. Мәселен, «Өлім дәпте­рі» политеизм мен сенімсіздікке толы, басты кейіпкері «Құдай­дың» рөлінде ойнайды. Сериал керемет психологиялық әсерге ие. Ресейдің экзистенциалды-гуманистік психотерапевті Белла Азарованың пайымынша, аниме – кез келген көрерменді өзіне бірден баурап алады. Ересектер оның ішінен өзіне қажетті дү­ниені тауып, жақсы мен жаман­ның аражігін ажыратуы мүмкін. Бірақ бала бірден бірнеше қа­рама-қарсы мәселені шешуге тырысатыны белгілі. Бір жағы­нан, ол жеке тұлға болғысы ке­леді, басқалардан не ерекше­ле­нетінін түсінуге тырысады, әлем­де өз орнын табуға, пікірлес адам­дар тобын табуға талпынады. Сондықтан анимелерді көретін жасөспірімдердің дені шынайы ерекшеліктерін сезінбестен бұрын, максимализмге ұмтылады. Яғни, көрген дүниесін бірден қайталауға құмар, анимелердегі «ерекше» күшке ие кейіпкерлерге еліктейді. «Аниме жасөспі­рім­дердің ғана емес, барлық адам­ның ішкі әлемі мен психи­касына әсер етуі мүмкін. Егер адам психикалық тұрғыда сау болса, деп­рессияға түспейді. Керісінше, сыни ойлауды дамытуға көмек­тесуі мүмкін. Бірақ жаны жабыр­қау, жолы болмай жүрген адам­дарға теріс ықпалы көп. Бұдан бөлек, аниме көрермендерінің жасын шектеу маңызды. Басты кейіпкер жасөспірім болса да, анимациялық сериялардың көп бөлігі 20 жастан асқан адамдарға арналған. Агрессия, қатыгездік, зорлық-зомбылық, біржыныстық қатынас көріністері – балаға пси­хологиялық соққы. Өйткені олар­дың сыни ойлауы әлі дамымаған. Осындай анимелерді үнемі көру психикалық жарақатын асқын­дырса, баладағы агрессия немесе депрессия сияқты бел­гі­лердің пайда болуына алып келеді», – деп топшылайды ол.

Балалар емес, ересектерді емдеу керек

Алматылық Азат Жанболат­ұлы бала күнінен аниме көретінін айтады. Психолог айтқандай, оның ешқандай зиянын байқа­маған. Айтуынша, аниме көрген және оған басымен кірген өзі секілді жігіттер көп. «Алайда еш­қайсымыз ғимараттың төбесінен секіруге барған жоқпыз. Себебі бізден үлкендер суицидтің се­бептері мен ойлауды қалыптас­тыруды ажыратуды үйретті. Сол арқылы біз көрген дүниемізді ой синтезінен өткізе алдық. Ал қа­зіргі балаларды бақылайтын ата-ананың уақыты жоқ, ал көріп жатқандарын саналы түрде таң­дайтын қабілеті жетілмеген. Сондықтан баланың өмірін сақ­тауды әлеуметтік желідегі әрбір постынан аңдып отырудан бұрын, ақпарат ағынына бақылау жүргізу керек-ақ. Ең дұрысы – балаларды емес, ересектерді емдеу керек. Анимеге тыйым салу өлімді азай­тады деген факт емес. Адамдардың білімі мен тәрбиесіне жауапсыз қарау – аниме көруден де қауіпті. Мысалы, бір танысым ешқандай аниме көрмеген. Өзі діндар еді. Бірақ оған өз-өзіне қол салуға ештеңе кедергі болмады. Неге? Оны көше өсірді, әкесі одан бас тартты, ал анасы әрқашан жұ­мыста. Анименің барлығы кере­мет деп айтпаймын. Мен тек өз-өзіне қол жұмсаудың себебі ани­меден емес, оның зияны мен пай­дасын айтуға уақыт бөле ал­майтын ата-аналардан іздер едім. Дегенмен қауіпті кейіпкерлері бар анимелерге құқықтық шектеу де керек», – деп санайды Азат Жан­болатұлы. Оның ойынша, анимеге әуестіктен мәселе туын­дату дұрыс емес. Егер заңдық тұрғыда талап етілмесе, қауіптің алдын алуға ата-ананың өзі де септігін тигізе алады. Бұл үшін баламен қандай шығармаларды оқып немесе көріп жүргенін талқылап, сүйікті анимациялық сериалдардағы кейіпкерлердің шынайы өмірден емес екенін үнемі есіне салып отыру керек.

Қамқорлықты дәріптегенмен, құндылыққа жат

Журналист Әйгерім Тоқсанбек Жиблидің (Studio Ghibli) өнім­дерін көргенді ұнатады екен. Әсіресе, жапон аниматор-ре­жисері Хаяо Миядзакидің аниме­лері жергілікті халықтың мәде­ниетімен таныстырады. Үлкенді сыйлауға үгіттеп, отбасыға қам­қор болуға шақырады. «Ал са­танизм, көпқұдайлық туралы анимеде ашық көрсететін себебі, олар үшін бұл – қалыпты дүние. Олар мұсылман емес. Ал біз үшін бұл кереғар көрінеді. Бірақ бала тәрбиесіне анимені таңып қою­дың қажеті жоқ. Ол ата-ананың бала алдындағы жауапкер­ші­лі­гінен қашуы деп ойлаймын», – дейді ол. Балалар суицидологі Татьяна Браун анимациялық фильмдердің мағынасына жеке-жеке мән беру керектігін жеткізді. «Хайяо Мия­закидің барлық шығармаларында мейірімділік көп. Сондықтан адам­затты мейірімділік пен ізгі­лікке үндейтін кейбір жапон ани­мацияларын балаларға көрсеткен жөн. Алайда анимелердің ара­сында қаталдыққа үндейтіндері де жетіп артылады. «Оттың қа­бірі» картинасы – терең және қайғылы әскери драма. Бұл бала түгілі менің өзіме қатты әсер етті. Жасым 16-дан асқаны үшін ани­медегі зорлық-зомбылыққа са­бырлы түрде жауап бердім. Анимедегі кейіпкерлердің өзіне тән сыртқы келбеттері, жалпақ тілмен айтқанда «бала кейпіндегі» анимелер балаларды өзіне тез баурайды. Сонысымен-ақ сек­суал­ды көрінеді. Гипертрофиялық жыныстық белгілері бар кейбір боялған «тяндар» жасөспірім­дердегі жоғары сексуалдылықты тудыруы мүмкін», – дейді маман. Айтуынша, гипертрофия, сон­дай-ақ кокетрияның көріністері эмоционалдық қасиеттерді оя­тады. Аниме мен хентайда яой мен юри сияқты әртүрлі қосалқы жанрлар бар. Оның үстіне кәдімді адамдардың қатысуымен түсі­рілген эротикалық фильмдер ани­ме стиліндегі жасанды кейіп­керге қарағанда тартымды, сүй­кімді және қалаулы болмайтын көрінеді. Ең қауіптісі – қиялдағы кейіпкерлерге ұқсағысы келе­тін­дер қазір кез келген жол арқылы бір-бірін іздеп табады. Әлбетте оның соңы жақсылықпен аяқтал­мауы мүмкін. Тараз қаласында тұратын Ади­на Әбсемет анимелердің дені жіпсіз байлайтын қасиеті барын жасырмайды. Бұл жанрдың кө­рермендері көп жағдайда өздерін өзге әлемнің адамдары секілді ұстайды. «Адамның жаны өлгенде басқа адамның денесіне кіреді. Не болмаса басқа нәрсеге ауы­са­ды. Бұл дәстүр мен дінге де қай­шы. Ата-аналар немқұрайлы шығар, бірақ жасөспірім кезде бала өз ортасына қарайды. Ол жастағы балалар ата-анасының айтқанынан гөрі телефондағы дүниеге сенеді. Өкінішке қарай, балалардың санасын кішкен­тайынан өз құндылықтарынан бас тартуға себеп болатын ани­мелер талғамсыз түрде таратылып жатыр», – деп топшылайды Адина Әбсемет. Болмысқа жат дүниеге көздері мен бойларын да үйрете ала­тын­дар болмаса, жас өскінге өзгенің қаңсығы таңсық қазір. Ал та­быстың артында кеткен ата-ана­лардың өзі де рухани-мәдени сын-қатерді еңсеруге қабілетті емес. Сондықтан балалар суи­ци­дін желіден іздейміз дегендердің құлағына алтын сырға, жасөс­пірімдердің рухани иммунитетiн әлемдік және ұлттық классика үлгілеріне негізделген өнiмдер арқылы нығайту қажет. Бұл үшін қазақы құндылыққа жат дүн­ие­лерді дәріптейтін анимелердің жас шектеулері заңмен белгіленіп, қажетсіздеріне көрші елдер­де­гі­дей қатаң тыйым салу керек-ақ.