"Басы қысылып, денесі салбырап тұрды": Алматыда 7-қабаттан құлағалы тұрған сәбиді 19 жастағы студент құтқарып қалды

Алматы

Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің 7-қабатынан құлап кете жаздаған сәбиді педагогикалық университеттің 19 жастағы студенті құтқарып қалды, – деп хабарлады  қалалық Төтенше жағдайлар департаменті. 

Оқиға 21 шілде күні 18 қабатты «Алтынбұлақ» тұрғын үй кешенінде болған.

Құтқарушыларға хабарласқан оқиға куәгері, Нұр-Сұлтан қаласының 67 жастағы тұрғыны Ермекбай Тамабаев кішкентай баланың жетінші қабаттағы өрт баспалдағының қоршауына басы қысылып, денесі салбырап тұрғанын айтады.

«Баланың жанұшыра жылаған дауысын естіп, жоғарыға қарасам, басы темір торға қысылып қалған екен. Денесі мен қолы сыртта салбырап тұрды. Бала кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін еді. Қолымдағы бір жасар немеремді тастап кете алмағандықтан, үйдің кіреберісінде тұрған жастарды көмекке шақырдым. Олардың арасындағы бір жас жігіт жүгіріп келді. Абырой болғанда, кішкентай баланы сол жігіт аман алып қалды», –  дейді куәгер Ермекбай Тамабаев.

Ермекбай Тамабаев студент жігіттің баланы соңғы секундтарда ұстап үлгергенін айтады.

Сәбиді өлімнен арашалап қалған 19 жастағы жас жігіт Махмуд Ерасыл Архатұлы Абай атындағы педагогикалық университеттің денешынықтыру факультетінің студенті екен.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ер адамды да, студентті де марапатқа ұсынды.

Бұған дейін елордада 17 жастағы бозбала 7-қабаттан құлағалы тұрған 2 жасар сәбиді құтқарып қалғаны үшін 3 бөлмелі пәтер алған болатын.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Департамент по ЧС г.Алматы (@almaty_tjd)

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.