Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Ақорда резиденциясында өткізген облыс және қала әкімдерімен кездесуі кезінде бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Соның ішінде әкімдердің азаматтармен жұмыс істеу тәртібін қайта қарау керегі, сондай-ақ аудан және ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп, оларды мазалаған мәселелерді шешуі, қоғам сенімін арттыруы қажеттігін қадап айтқан. Міне, содан бері болса керек, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов күн құрғатпай үшінші мегаполистің барлық аумағын аралап, тұрғындармен жиі кездесу ұйымдастырып жүр. Олардың мұң-мұқтажын, талап-тілегін тыңдап, барынша шешу жолдарын қарастыруда. Жуырда қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Қаратау ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары да қатысты. «Ашық диалог» форматында өткен басқосу барысында қала әкімі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлармен таныстырды. Көтерілген проблемалық мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін түсіндіріп өтті. Жыл басынан бері жергілікті билік Қаратау ауданы тұрғындарымен 63 кездесу өткізіпті. Онда 328 мәселе көтерілген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оның 139-ы оң шешімін тауып, бүгінгі таңда 189-ы орындалып жатыр. Ал 71 мәселе алдағы екі жыл көлемінде шешімін табады. Шешімін тапқан әрбір мәселе «қоғамдық бақылау» кеңесімен расталып отыру жүйеге қойылған. Жиында қала басшысы 266 мыңнан аса халқы бар ауданда әлі де түйткілді мәселелердің бар екенін жасырмады. Дегенмен жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Қала басшысының аудан тұрғындарымен кездесуі барысында Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов сөз алып, негізгі көрсеткіштерді атап өтіп, алдағы жоспарларын айтты. «Қаратау ауданында 12 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы – 23 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ. Екіншісі – «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені – 11 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 369 жұмыс орнын құрумен 14 жоба жүзеге асады», – деп атап өтті аудан әкімі. Ауданның инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу барысы да тілге тиек етілген жиында 2023 жылы аудан ауыз сумен 100 пайыз қамтылатыны сөз болды. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталады. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елді мекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Достық және Асар-2 шағын аудан тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Бұл тұрғыда Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары биыл басталып 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ. Аудан әкімі биыл ауданды табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайызға жететінін айтты. Бұл мақсатта Тұран, Тассай, Нұртас, Қайнарбұлақ, Асар-2 елді мекендерінде құрылыс жұмыстары таяу күндері басталмақ. Ал Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. Сондай-ақ, Мирас, Ақжайық, Тұран ішкі магистралы, Асар-2, Тассай, Достық елді мекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Асар-2, Тассай, Достықтағы жұмыстар алдағы жылы аяқталмақ. Биыл 39 көше жарықтандырылады деп күтіліп отыр. Азаматтарға қолайлы орта құру шеңберінде тұрғындардың талап-тілегі міндетті түрде ескеріледі. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы ашықтық пен жариялылықты жетілдіре түсетін тағы бір реформасы – «Халық қатысатын бюджет» жобасының маңызы орасан. Қаратау ауданында өткен жылға қарағанда биыл халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Былтыр 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, осы жылы 26 үйдің ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ. Атап өтсек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар атқарылады.