Микроұйымдар «мега» көлемде қанап жатыр
Микроұйымдар «мега» көлемде қанап жатыр
622
оқылды
Қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) банк­ке айналуына рұқсат етті. Қажетті норматив, талап, құқықтық ба­за жасалып жатыр. Негізі, МҚҰ-лар қазірдің өзінде банктермен үзең­гі қа­ғыс­тыра, иық тірестіре алады: активтері 1 триллион теңгеге жуық­тады. Са­рап­шылар микроқаржы ұйымдары – дамуда кенжелеп қалған елдерге тән, ал дамыған елдерде жоқ екеніне назар аудартады. Бұлар шектен тыс жоғары сыйақы алып, халықты қанайды, тұрмысы төмен жандардың ахуалын тіптен нашарлатады.

Жарнамасында – «жұмақ», шартында – «тозақ»

Қазақстанда заң бойынша банктер мен микронесие ұйымдары беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі қатаң шектелген. Атап айтқанда, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті көлемі кепілзатсыз банк­тік заемдар мен микрокредиттер бо­йынша 56%-дан аса алмайды. Кепілзат қойып алынған заемдар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні – 40%-ға, ипотека бойынша – 25%-ға дейін құрайды. 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін, сомасы 50 АЕК-тен аз болатын кепілді микро­несиелер бойынша ЖТСМ 20%-дан аспауы шарт. Алайда МҚҰ-лар бұл талапты сақтамайды. Дәлірек айтқанда, оны айналып өтудің жолын тапқан: микронесие сыйақысы заңдағы нормативтерге сай болады, бірақ егер клиент келісімде жазылған шарттардың бірін бұзса, МҚҰ-ның сыйақысы шарықтап шыға келеді. Қазақстандық мамандан­ды­рылған Allbanks порталы микро­қаржы ұйымдарынан 5-10 миллион теңгедей шағын несиені жылдам рәсімдеп, алуға болатынын, бұл ретте ЖТСМ ғаламат 739%-ға дейін жетуі мүмкін екенін ескертеді. Бұған қоса, кредитті уақытылы төлемесе, өсімпұл есептеледі, оның мөлшері алдын ала келісімде көрсетіледі. Жалпы, төбе шашты тік тұр­ғызар көлемде сыйақы алатынын, көркем тілмен айтқанда бір жұ­мыртқа берсе, орнына бірнеше та­уықты талап ететінін осы ком­па­ниялар жасырмайды. Әйткенмен, мұны олар кейде APR деген тер­минмен бүркемелеуі мүмкін. Бұл Annual Percentage Rate, яғни мак­сималды жылдық пайыздық ставка дегенді білдіреді. Дамыған елдерде бұл – ЖТСМ-нің синонимі. Ал Қа­зақстанда қарыздан байлық жи­ғандар оның өңін айналдырып, шамадан тыс пайда табудың құ­ралы ретінде қолданады. Мысалы, Koke.kz маркасымен белгілі Creditum МҚҰ-сының жыл­дық тиімді сыйақы мөлшер­ле­месі (ЖТСМ) – 1,22%-дан бастала­ды. APR-ы – 365%. Tengo.kz мар­касымен танылған Sofi Finance МҚҰ-сында да ресми ЖТСМ – 1,22%-дан басталып, APR-ы – 365%-ға жетеді. Zaimer.kz мар­касын пайдаланатын «Робокэш.кз» МҚҰ-ның ЖТСМ-ы 0,12%-дан басталады. APR-ы – адам сенбес 739,86%. Creditplus.kz маркасын ие­ленген Kredit Seven Kazakhstan МҚҰ-сының ЖТСМ-ы – 3,72%-дан басталып, максималды жыл­дық пайыздық ставкасы 730%-ға жетеді. Soscredit.kz микроқаржы ұйымы да қу бастан қуырдақтық ет қырқуға шеберленген: халықты 0,01%-дан басталатын несие алуға шақырады, әйтсе де APR-ы – 180%-ға барады. Жасыратыны жоқ, МҚҰ-ларға жүгінетін жұрттың басым көпшілі­гі – қарызын уақытылы қайтаруға қауқарсыз жандар. Яғни, олар осы үш әріптің астарында жасырылған тұзаққа түсіп қалады, түпсіз борыш батпағына батады, барлық есеп­шоты, банктік карталары бұғат­та­лып, мүскін халге түседі, тағдырдан теперіш көреді.

Алаяқтардың өрісіне айналған сала

Сорақысы сол, микрокредит жүйесі алаяқтардың жемсауына айналып кетті. Қоңырау шалған алаяқ­тардың айтағына жүріп, ай­дауына көніп қойғандар олардың өз атына микронесие рәсімдеп жат­қанын түсінбей қалады. Бұл ту­ралы ақпарат құралдары үнемі жа­зады. Мұның сыртында микро­қаржы жүйесінің тұрақты клиент­тері қатарында лотоклубтарды жағалайтындар, спорттық және басқа сайыстарға бәс тігетіндер көп. Гүлнар Б. күйеуі Еріктің лудо­манияға шалдыққанына – құмар ойындарына шектен тыс елігіп кеткеніне шағымданады. Содан ол 2022 жылғы ақпанда Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауым­дастығына жазбаша мәлімдемемен жүгінеді. Онда ол ойынқұмардың туысы ретінде заңнамада берілген құқығын пайдаланып, күйеуіне бұ­дан былай МҚҰ-лардың несие беруіне тыйым салуды сұрайды. «Жұбайымның микрокредит алу мүмкіндігін бұғаттап тастауым қажет болды. Бұл үшін МҚҰ-лар оның дербес деректерін «қара тізімге» енгізуі шарт. Себебі бұдан оның отбасы мүшелері зардап шекті. Кәмелетке толмаған үш баламыз бар. Бізге шетсіз-шексіз, бітпейтін-қоймайтын кредиттерді өтеуге тура келеді. Алайда қауым­дастыққа өтініш жолдағаннан кейін Мoney-express.kz сауда мар­касына ие «аФинанс» микроқаржы ұйымы (MFAF) және Akshabar МҚҰ-сы күйеуіме түрлі сомада жа­ңа несие алу өтініштерін мақұл­дапты. Сөйтіп, жалпы сомасы 322,5 мың теңге несие берген. Сонда Қа­­зақстанда заң, ереже жұмыс іс­те­мейтін болғаны ма? Әлде аталған МҚҰ-лар қауымдастыққа мүше болмай, қаржылық реттеушінің лицензиясынсыз, оларға бағынбай, өз бетінше жұмыс істеп жатыр ма? Түсінбедім», – деп тұнжырайды Гүлнар. Ол жаңа кредиттерді өтеуге жағдайы жарамайтынын жеткізді, ендеше заңдардың уақытылы әрі толыққанды орындалмауы кесірі­нен тағы бір отбасы қиын өмірлік жағдайға тап болғандар санатына кіруге шақ тұр. Бибігүл Д. әлдекімдер сырты­нан Sulpak дүкенінде қымбат 3 смартфонды несиеге рәсімдегенін кеш біледі. Содан дереу Алматы қаласының Жетісу ауданының полиция басқармасына жүгіреді. «Менің атымнан Фридом Фи­нанс микроқаржы ұйымы арқылы бөгде біреулер микронесие рәсім­деп, 3 смартфон алыпты. Оған мен қатысқан жоқпын. Келісімде менің қолым жоқ. Алайда полицейлер өтінішімді қабылдап алғанымен, әрекетсіз отыр. Алматы қаласының прокуратурасына жүгініп, поли­ция­ның негізсіз әрекетсіздігіне ша­ғым жаздым, прокуратура өті­нішімді қанағаттардырып, поли­ция басқармасына нұсқау берді. Сонда да іс ілгері жылжыр емес. Айыпты тұлғаларды анықтау ша­ралары пәрменді жүргізіліп жатқан жоқ. Іске үстірт қарайды. Тергеуші екі ай өтсе де, 3 смартфонды кім­дердің алып кеткенін нақты­ла­маған. Дүкенде бейнебақылау бар ғой», – дейді Бибігүл. Оған қазір микроқаржы ұйы­мының менеджері үздіксіз қоңы­раулатып, микронесиесінің күн санап өсіп жатқанын, төлем енгіз­бесе, сотқа беретінін айтып, қор­қытатын көрінеді. Жәбірленуші МҚҰ-ға қылмыстық істің қозғал­ғаны туралы құжаттарды ұсынып­ты. Бұған олар пысқырмапты. Би­бігүл қысымнан жүрегі сыр бер­геніне, дәріге таңылғанына мұң шағады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шынында да Жетісу аудандық полиция басқармасы жәбірленушіден өтінішін қабылдап алған соң Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сот­қа дейінгі тергеу жүргізіпті. Алайда оны 2022 жылғы 10 мау­сымда тоқ­тата салған. Бұл шешімді Жетісу ау­дандық прокуратурасы жойған соң, артынша істі өндіріске қайта қабылдады. ІІМ шағым ие­сінің өті­­нішімен Алматы полиция де­пар­таментіне толық, жан-жақты, объек­тивті тергеу жүргізуге, қыл­мысты ашу үшін түбегейлі шаралар қа­былдауға тапсырма берді. Бұдан не нәтиже шығатыны әзірге белгісіз.

Халықтың қамын кім ойлар?

Ranking мониторинг агентті­гінің мәліметінше, қазіргі кезде микроқаржы ұйымдары белсен­ді­ліктің шырқау шегіне жетті. Нақ­тыласақ, тек бір жыл ішінде МҚҰ-лардың қарыз портфелі бірден 62%-ға ұлғайған. Осылайша, олар қаржы нарығындағы ең қарқынды дамушы секторға айналды. Биылғы бірінші тоқ­са­нда МҚҰ-лар берген микро­кредиттер сомасы 756,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырғы ау­қым­нан 62,1% көп және рекордтық көрсет­кіш саналады. Жалпы ал­ғанда, соңғы бес жыл бойы микро­қаржы ұйымдарының несие сома­сы жыл сайын орта есеппен 47,4%-ға ар­тып отырды. Мұндай қар­қын­ды әрі орнықты өсім өзге салаларда сирек кездеседі. Дамыған елдерде МҚҰ мүлдем танымал емес, өйткені банктер беретін несие өнімдері тиімді, ар­зан, ыңғайлы. Оларға балама ре­тін­де ломбардтар желісі дамыған. Қа­зақстанда МҚҰ-лар біраз жыл бойы қарапайым бұқараға арналған төменгі сегмент ретінде қарас­ты­рылып келді. Өйткені бизнеске, ау­қатты адамдарға ірі көлемде кре­дит керек, ондай сома МҚҰ-ларда болмайтын: банктерден айырма­шылығы сол, МҚҰ-лар халықтың триллиондаған жинақ қаражатын тарта алмайды. Тиісінше, бұлар тек төл капиталын қарызға үлестіретін. Ірі МҚҰ-ларды ескі билікке жақын тұлғалар сатып алғаны туралы да сөз шықты. 2020 жылы Ұлттық банк МҚҰ-лардың дамуына кедергі болған шектеуді жойды. Енді микроқаржы ұйымдары қорландырудың жаңа көзіне қол жеткізді: олар биржадан, қор нарығынан, тіпті шетелден – халықаралық қаржы ұйымдарынан арзан несие тарта алады. Бұрын мұндай мүмкіндігі болмаған. Бү­гінде қазақстандық МҚҰ-лар негі­зінен сырттан, халықаралық қаржы институттарынан заем тартады. Мы­салы, KMF МҚҰ-сының мін­дет­темелері құрылымында 91,7% – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше дамыған елдердің қаржылық ұйым­дарынан тартылған қарыз саналады. Бұдан бөлек, МҚҰ-лар төл облигацияларын шығарып, орна­ластыру арқылы биржадан белсенді түрде қаражат жұмылдырып жатыр. Нәтижесінде, 2022 жылғы наурыз қорытындысында МҚҰ-лардың мін­деттемелері құрылымында сырт­тан тартылған заемдар үлесі 80,1%-ға дейін төмендеді. 7,1% үлес облигация арқылы тартылған қаржыға тиесілі. Бүгінде KASE және AIX отандық биржаларында 15-тен астам МҚҰ құнды қағаз­да­рын саудалауда екен. Олардың бірнешеуі екінші деңгейлі банкке трансформациялауға әзірленіп жатыр.Нәтижесінде, олар халық­тың, бизнестің, мемлекеттің және квазимемлекеттік сектордың қара­жатын депозит ретінде тарту игі­лігіне қол жеткізеді. Қарап тұрсақ, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржы ұйымдарының қанат жаюына және жүздеген миллиард ауқат жиюына барынша жағдай жасады. Ал олардың талауына тас­та­лып, көкпар тулағына айналған қарапайым бұқараны қорғау жа­йы­на билік қашан бас қатырар екен?

Елдос Сенбай