41 мың гектар жер халыққа қайтты
41 мың гектар жер халыққа қайтты
312
оқылды
«AMANAT» пар­тия­сы жанындағы «Жер аманаты» ко­миссиясы Жетісу облысында болды. Көшпелі кеңес қо­рытындысы бойын­ша өңірде 41 мың гектардан астам жайы­лымдық жер мем­лекет меншігіне қайтарылды. Комиссия мүшелері – партия Хатшысы Дәулет Кәрібек, заңгер Бақытжан Базарбек, «AMANAT» партиясының атынан сайланған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төра­ғасы Мұрат Теміржанов Кербұлақ, Ес­келді және Көксу аудандарының тұрғын­да­ры­мен кездесіп, жер қатынастары саласын­дағы өзекті мәселелерді талқылады. жер Партия Хатшысы Дәулет Кәрібек аталған жұмыс елі­міз­дің барлық өңірінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ту­ралы нақты тапсырма берді. Президент айтып өткен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселесі «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Әр­бір ауыл тұрғынының пікі­рін ескеруге тырысамыз және жайылымдық жерлер әділ бөлінуі үшін барымызды саламыз», – деп атап өтті Дәулет Кәрібек. Өз кезегінде Лабазы ауылының тұрғыны Қизат Абиров бүгінде жайылымдық жерлер­дің тапшылығы бұрынғыдан да қатты сезіліп отырғанын айтты. «Ауылда тұрып, мал бағып отырғандар үшін бұл бірінші кезектегі мәселе. Көксу ауданында 6 мың гектардан астам жер қайтарылды. Сондықтан осы комиссияның жұмысына үлкен үміт артамыз», – деп толықтырды Қизат Абиров. Естеріңізге сала кетейік, партия жаны­нан «Жер аманаты» комиссиясы құрылған болатын. Соңғы бірнеше айда ко­миссияның күшімен Қара­ғанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы 160 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.