Патерналистік тәуелділік – дамуға тежеу
Патерналистік тәуелділік – дамуға тежеу
© коллаж: Елдар Қаба
550
оқылды
Кез келген мемлекеттің өркендеуінің түп негізінде басты алғышарт болып қоғамдағы жоғары дәрежедегі келісім мен өзара қолдау жатады. Осындағы әлеуметтік ауыз­бірлік пен ынтымақтастық мемлекеттің түрлі са­ла­дағы реформалық процестер өтіп жатқан өтпелі кезеңінде аса маңыз­ды. Бұл тұста қоғамның азаматтық мәдениеті неғұрлым жоғары дә­режеде қалыптасқан болса, ол диалогтар мен консенсусқа да ана­ғұрлым дайын болып келетінін атай кеткен абзал. Дәл осы бір әлеуметтік ауыз­бірлік пен үйлесімді орнықтырудың қажеттігі әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуға бет алған Қазақстан туралы конституциялық қағидаттарды бекіте түсудің негізгі бастауына алынып отыр. Әлеу­меттік мемлекет құру концепциясы әлеуметтік әділдік идея­сынан тамыр алады. Әлеуметтік әділдік дегеніміз, бұл, негізнен алғанда – теңдей мүмкіндіктер алаңы. Осы әлеуметтік мемлекеттің көптеген дамыған елдерде кең тараған бүгінгі таңдағы моделіне сәйкес, адам өзінің әл-ауқатының жақсаруына өзі жағдай жасауы міндетті, ал мемлекет оның әлеу­меттік (жеке басының және жария өмірінің) тұрғыда өз-өзін жүзеге асыра алуына ұйымдастырушы­лық-құ­қық­тық және функционалды мүмкіндіктер тудыруы тиіс. Қазақстанды табысты түрде дамытудың маңызды факторы болып кәсіпкерлік мәдениетті дамыту, іскерлік алғыр­лыққа және жеке бастама­лар­ға бағытталған құнды­лық­тарды қолдау болып саналады. Бұл тұста «кәсіпкерлік мәдениет» дегеніміз, мағынасы жа­ғы­нан «патернализмге» мүл­­дем қарама-қайшы дүниелер. Ал патернализм деге­німіз не? Егер жай сөздермен айтар бол­сақ, онда бұл ел аза­ма­тының өз өмірі үшін жауап­кершілік алуға аса құлық танытпай, әл-ауқатының жақсы болуына деген барлық үмітін негізінен мемлекетке артып қоятын көңіл күй ұстанымын білдіреді. Басқа сөзбен келтірсек, патерналистік құндылық­тар өмірлік ұстанымына айнал­ған азаматтар өзінің жетіс­тігін де, сәтсіздіктерін де тек өзінің ұмтылыс-талаптары­мен ғана емес, сонымен қатар көп ретте өзі қамқоршы, жарылқаушы деп санайтын мем­лекеттің рөлімен де тығыз байланыстырады. «Патернализм» ұғымы «әлеуметтік инфантилизм», «әлеуметтік мұсалдаттық» түсініктеріне өте жақын. Қазір Қазақстанда шынайы жағдай тіптен басқаша. Сондықтан да ол азаматтарының дүниетанымындағы бұрынғыдан мүлдем өзгеше модельге мұқтаж. Экономикалық дамыған елдердің тұтастай тарихы, олардың жетістіктерінің түп негізінде «капитализм ру­хының» кең таралуы жатқанын (М. Вебер) сан мәрте дә­лелдеп берді. Өзге елдердегі капитализмнің қалыптасу таңында кәсіпкерлік рухы үлкен рөл ойнады. Ол жеке адам­ға өз тағдырын өзі ие болып, қа­жыр-қайратымен кедейшілікті еңсеріп, кәсібін дамытуда басы артық шығындардан саналы түрде бас тартып, табыс табуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда патерналис­тік құнды­лықтар Қазақстан үшін экономикалық жетістіктерге жетуіне тежеу болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, Жаңа Қазақстанды құру еліміздің алға ілгерілеуіне кедергі келтіретін кейбір құн­ды­­лықтарды жоюды, соның ішінде патернализмді ауыздықтауды талап етеді. Өркендеу даңғылына тек қана «қам­қоршы мем­лекет және белсенділігі төмен азамат» сынды патерналистік схемадан бас тарту арқылы қадам басуға болады. Қазақстандық қоғамның бұқаралық санасында кәсіпкерлік қызметтің құндылықтарын, өз бетінше әрекет етудің және өз ісіңде адал жолмен жетістікке жетудің маңыздылығын мойындау ұғымы бекуі тиіс. Кәсіпкерлік мәдениет дегеніміз – бұл, өз тағдыры үшін, өз отбасы үшін тәуекелге барып, жетістікке жету үшін белгілі бір уақыт ара­­лығында белгісіздік жағ­дайын­да өмір сүруге дайын бел­сенді азаматтардың өмірлік ұстанымдар құндылығы. Дәл осындай кәсіпкерлік мәдениетті алып жүру қабілетіне ие адамдар инновациялық идеялардың қозғаушы күші боп саналады. Бүгінгі заманның іскер адамы үшін табыс табу дегеніміз, қаншалықты деңгейде тек қана жеке басының мақ­саты болса, соншалықты деңгейде өзін-өзі дамыта түсуді паш етудің жарқын үлгісі болуы тиіс (И.Шумпетер). Тұтастай бір халықтың белгілі бір мақсатқа жетудегі мәдение­тінің құндылығы кәсіпкерлік мәдениетте ғана қалыптасып, шынайы көрініс береді (яки, жетістікке жеткен адамның қандай болу керектігіне байланысты орнығады). Мемлекеттің мінде­ті – барлығына бірдей адал ойын ережесін қалыптастырып, әділетті әлеуметтік белсенділік үшін мүмкіндік туғызу. Сонымен тоқ етерін айт­қанда, мемлекет қамқоршы рөлінде болмауы тиіс. Бірақ аза­маттарға өзін-өзі жүзеге асыруға мұрсат берсе, бастамашылдығы мен еңбегі арқы­лы үлес қоса отырып, әлеуметтік қарым-қатынастарға кіріге түсуге, өзінің әл-ауқатын өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бо­латындай әлеуметтік-құ­қықтық жағдай туғызуға қатысты жауапкершілікті өз мойнынан алып тастамауы тиіс. Әркімге дамуына лайық құ­қықты жүзеге асыру үшін баршаға бірдей алғашқы қадам жасауға жағдай туғызу – мемлекеттің фундаменталды міндеті. Мемлекет кедейлікті, әділет­сіздікті түбірімен жоюға, ресурстарды әділ бөлуге, мүмкіндіктер мен құқықтарды жү­­­зеге асыруға, әділ сот тө­ре­лігіне теңдей қол жеткізуге, тек қана шын мәнінде мұқтаж жан­дарға қолайлы жағдай жасауға міндетті. Мемлекет негі­зінен ал­ғанда халықтың аз қам­тылған, яки объективті се­бептермен мүмкіндіктер шең­­бері шектеулі бөлігіне ғана әлеуметтік қолдау көрсетуі қажет. Онда да мұндай қолдау барынша тиімді болуы тиіс және қаржыны тек пассивті түр­де беріп қоюға ғана бағытталмауы керек, керісінше, осын­­дай азаматтардың өз ісін ашуы үшін білім алуы, жаңа ма­шықтарға ие болуы, оның өзін-өзі жүзеге асыруға, дамытуға қаншалықты мүмкін еке­ніне қарай көмектесуі тиіс.

Индира ӘУБӘКІРОВА, Заң ғылымдарының докторы